Шыршалар жарысына тосқауыл қоя аламыз ба?
Жаңа жыл шыршасымен көрікті. Желтоқсан айы дөңгеленіп туа сала бүкіл Қазақстанның елді мекендерінде шырша аламаны басталып кетеді. Төбесі көк тіреп, безендірілуі жалт-жұлт етіп көз қарықтырып, талайлардың дегбірін алады. Әлдебір мейрамдық көңіл күй пайда болып, қысы-жазы өңін бермейтін жап-жасыл табиғат тамашасына тамсана қарайсыз. Бірақ... Бірақ осы шырша тігу мәселесінде даңғойлыққа, асырасілтеушілікке жол беріп жатқан жоқпыз ба? Бір күндік қызыққа бола мемлекеттің қаржысын шашып, шамадан тыс ысырап жасаудың, ұлттық рухани құндылықтарға атүсті қараудың қаншалықты қажеті бар?
Осыған дейін қоғамның Жаңа жыл мейрамын тойлау, тойламау жөніндегі пікірі қақ жарылған болатын. Оған бірінші себеп – Жаңа жыл мерекесінің христиан дініне қатысты болуы. Екінші себеп – біздің төл жаңа жылымызды Наурыз деп танитын жаңа бір лептің пайда болуы. Десе де, кейбір ғалымдарымыз Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабында жазылған «Шыршалар мерекесі» деген тарауға сүйеніп, бұл мейрамның түп бастауы түркілерден басталғанын айтып жүр. Әрине, таразының басы қай жаққа ауатынын уақыт-төреші шешеді. Мысалы, осыдан 3-4 жыл бұрын біз айтып отырған шыршалар жарысы жайлы бірде-бір пікір айтылмайтын. Бұл мәселе жалпыхалықтық проблемаға айналады деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін. Қазір шырша тігудің бәсекесіне қатысты пікірлер де сан алуан.
Бірінші пікір... Қазақ ұлты үшін желтоқсан – қайғысы мен қуанышы қатар жүретін, ұлттық рухты бір серпілтетін – қасиетті ай. Мәселен, осы айда қазақ дербес ел болудың қамымен Алаш-Ордасын құрған. Осы айда жастарымыз тоталитарлық жүйеге қарсы шығып, 1986 жылғы көтерілісті жасаған. Осы айда 300 жылдық бодандық қамытымызды шешіп, азат мемлекет болғанбыз. Енді заңды сауал қоялық. Жаңа жыл мерекесінің құндылығы мен жоғарыдағы үш оқиғаның ара салмағы бір-бірімен пара-пар ма? Жоқ! Біздің бұқараға Алаш-Орданың қадамы, Желтоқсан көтерілісі, Тәуелсіздік күні қымбат. Ендеше, неліктен ұлттық мейрамдарымыз шыршаның көлеңкесінде қалуға тиіс? Шырша тігу жарысы не себепті тым ерте басталады?
Мансұр ХАМИТ (фото)
Берік УӘЛИ, ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз хатшысы:
– Осыдан 2-3 жыл бұрын бұл мәселені іске асыруды қолға алмақ түгіл, ойлаудың өзі қисынсыз еді. Былтырдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Тәуелсіздік мерекесі атап өтілгенше, облыс аумағында жаңажылдық шыршаны безендіруге тыйым салған болатын. Биыл ОҚО-ның бұл игі бастамасын Қарағанды, Маңғыстау және Қызылорда облыстары қолдады. Шынымен де еліміздің ең басты мерекесі Тәуелсіздік күнін атап өтуіміз жаңажылдық шыршалардың тасасында қалып қойып жүрген. Сең қозғалды. Меніңше, енді 2-3 жылдан кейін шыршаны безендіруді ерте қолға алатын өзге облыстар ең ұлық мерекеміз өткеннен кейін ғана Жаңа жылға қамданатынына сенімдімін. Өйткені бұл қоғамның талабы, халықтың дені осылай болғанын қалап отыр.
Екінші пікір... Заман өзгерген сайын ескі салт-сана бірте-бірте санадан ысырылып, оның орнын жаңа рухани құндылықтар басады. Содан болар, қазір әлеуметтік желілерге бас сұқсаңыз немесе БАҚ-қа көз жүгіртсеңіз болды, шыршаға қатысты неше түрлі әңгімелерді оқисыз. Мысалы, биыл Астанадағы алып бір жаңажылдық шыршаны боран жантайтып кетті. Алматы қаласы «Атакент» кешенінің алдындағы мерекелік шырша өртенді. Еліміздің басқа да жекелеген аудандарында бірқанша шырша отқа оранды. Әлеуметтік желілерде кейбір азаматтар бұл оқиғаларды табиғаттың мінез көрсетуіне балап та жіберді. Әрине, бәрі де – Құдайдың ісі.
Бірақ бүкіл ақпарат құралдарында шырша мәселесіне қатысты тағы да бір дау туындағанын айта кету керек. Қазақстан – дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет. Экономикамыз едәуір ілгерілегенінен болар, біздің облыс орталықтарында орнатылған шыршаның құны жағаңызды ұстатады. Мысалы, Павлодар қаласында тігілген бас шыршаның құны 31 миллион теңге екен. АҚШ ақшасына шақсаңыз, 200 мың доллар. Қарағанды қаласындағы шырша құны – 20 млн, Қызылорда қаласынікі – 17 млн, Ақтау қаласынікі – 15 млн, Шымкент қаласынікі 14 млн теңге шамасында. Шыршаға ең аз қаржы бөлген Орал қаласынікі 7 млн теңге. Пах, халықтың қалтасындағы мұншама қаржыны жұмсағаннан не таппақпыз? Осы сандарды негізге ала отырып, орташа көрсеткішпен еліміз бойынша желге ұшатын қаржыны есептеп көрелік. Мысалы, ең қымбат 31 млн мен ең арзан 7 млн-ның арасы 12-13 млн теңге. Елімізде 14 облыс, облыстық деңгейдегі екі қала (Астана, Алматы) бар. Демек, елімізде өте бағалы 16 шырша тігіледі деген сөз. Осы 16-ны 12 млн теңгеге көбейтіңіз. 192 млн теңгенің төбесі көрінеді. Мұның сыртында ірілі-ұсақты 86 қала, 175 аудан, 35 кент, 34 кенттік және 2468 ауыл бар. Олардың барлығы қосылып, осы бір күндік шыршаға бола тағы да шамамен 192 млн теңге жұмсайтыны сөзсіз. Енді осы екеуін қоссаңыз 384 млн теңге «менмұндалайды». Бұл 2 млн 560 мың долларға пара-пар ақша. Түсінікті тілмен айтқанда, дәл осындай қаржы бір облыстың бір жылдық аграрлық секторға бөлетін бюджетімен тең деген сөз.
Дәурен БАБАМҰРАТ, саясаттанушы:
– Жаңажылдық шыршалар жарысын шектеу үшін шыршаға бөлінетін бюджетті шектеп тастау керек. Мысалы, биыл Павлодар қаласында тігілген шыршаның бағасын көріп, төбе шашымыз тік тұрды. Осы оқиғадан кейін біраз жігіттерге хабарласып, басқа облыстардағы шырша мәселесі қалай болып жатқанын тексертіп көрдім. Сөйтсем, барлық қалалардағы жағдай шамалас екен. «Ең аз қаржы бөлінді» деген Орал қаласындағы шыршаның өзі 7 млн теңге тұрады. Ал Павлодардағы шырша 31 млн теңге. Мұндай қымбат шыршаны қоюға қажеттілік бар ма? Әрине, жоқ. Сондықтан да, мемлекет тарапы қаланың орталығына тігілетін шыршаның бағасын белгілеп беруі тиіс. Мысалы, бір қала шыршаға безендірілуімен қосқанда 5 млн теңге бөлсе, жетіп жатыр.
Түйін
Мемлекеттің идеологиялық саясаты тек заң шығарумен, түрлі идеологиялық шаралар өткізумен шектелмейтіндіктен, саясаткерлер мен әкім-қаралар әр мейрамды дұрыс атап өтіп, мемлекеттік саясатты насихаттауға тырысады. Сондықтан да мерекеге мейрам деп қана емес, идеологиялық құрал ретінде қарауға тиіспіз. Мысалы, қазір біз сөз еткен Жаңа жыл үлкен идеологиялық құралға айналып кетті. Енді бұл идеологиялық саясатты Тәуелсіздік мейрамына қарай ойыстырып, жаңажылдық ысырапты бірте-бірте жоя алсақ, шырша жарысы мәресіне жетпей, өздігінен тоқтар еді.