Таразда алты отбасы әкімдік пен мердігерге сеніп үйсіз қалған
Таразда алты отбасы әкімдік пен мердігерге алдандық дейді. Наразы топтың айтуынша, олар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен үй алмақ болған. Құрылысты аяқтауға «ақшам жетпей жатыр» деген кәсіпкер әр түтіннен 5 миллионнан жинап алыпты. Бұл соманы кейін шенеуніктер қайтарып беруге уәде етсе керек. Бірақ әлі күнге не үй пайдалауға берілмей, не ақша орнына қойылмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
17 жылдан бері жер кезегінде тұрған Гүлмира Оңдасбаеваға «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй алуға төрт жыл бұрын ұсыныс түскен. Қатты қуанған ол бірден келісіпті. Бірақ құрылыс жұмысы тек былтыр басталады. Ал мердігер құрылыс материалдарының қымбаттап кетуін желеу етіп, 54 жастағы әйелден 5 миллион алған. Арада келісімшарт та бар. Ал әкімдік бұл қаржыны кейін жолын тауып қайтарып беруге уәде еткен. Енді шенеуніктер де, кәсіпкер де айтқанынан айнып отыр дейді.
«Қазір бізге ақшаны қайтармайды. «Керек болса, өздерің бітіріп ал» дейді. Амалсыз әкімдікке бардық. «Алсаңдар, осы түрінде алыңдар, алмасаңдар, үйсіз-жайсыз қаласыздар, біз мынаның бәрін сатамыз» деп айтады», - дейді қала тұрғыны Гүлмира Оңдасбаева.
Тұрғындар тек 50 пайызы ғана біткен үйге қалай кіреміз деп шыр-пыр болды. Жалпы саны алты адам осындай қиын жағдайға тап болған. Бәрі 5 млн теңгеден жинап беріп жер сипап қалды. Бұдан бөлек, инфрақұрылымға да қыруар ақша жұмсалса керек. Қазір бәрі не үйге кіре алмай, не ақшасын қайтара алмай зар илеп жүр. Әбден ашынған топ әкімдікке барып айғайға басты.
Ал кәсіпкер жағдайға пандемия мен құрылыс заттарының қымбаттап кетуі себеп дейді. Оның сөзінше, о баста шенеуніктер 5 млн теңгені өтеп береміз, сен еш уайымсыз құрылысты жүргізе бер деп айтқан екен. Бірақ жеме-жемге келгенде, өзім де алдандым деп ақталды.
«Маған сол кезде уәде еткен басшылардың бәрі қазір ауысып кетті. Әкімдіктен демеу болады, алаңсыз жұмыс істей бер деген. Енді 5 млн теңгені қайтарып бермей жатыр. Соттан да жеңіліп қалдым. Негізі мен келісімшартпен өзіме жүктелген міндетті орындадым. Басқасын білмеймін», - деді «Ремстрой-СС» ЖШС директоры Иван Мокрушин.
Атқамінерлер бұл мәселені майшаммен қарауға уәде етті. Олар мердігердің әр баспанаға қанша қаражат жұмсағанын тиынына дейін есептемек. Расымен кәсіпкер қымбатшылықа ұрынып шығындалса, онда кәсібін заңды жолмен субсидиялау жағын қарастырамыз дейді.
«Шешу жолы тек заң аясында. Сіздерді тағы да сабырлыққа шақырамын. Кішкене күту керек», - деді Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков.
Жұрттың мәселесі тағы да шешімін таппады. Қала әкімі жұмаға дейін уақыт сұрады. Сол кезде бір жақты қыламыз деп уәде етті.