Тек бидай өсіргеннен береке табамыз ба?
Еліміздің диқандары биыл 21,3 миллион гектар жерге дән себуді көздеп отыр. Оның 70-80 пайыздайын бидай алқаптары алады. Былтырғы құрғақшылық кесірінен босап қалған қамбалар биыл толар деген үміт бар. Бірақ ғалымдар өнімнің бір ғана түріне басымдық беру, яғни тек бидай өсіру шаруаларды шаш етектен пайдаға кенелте қоймайтынын айтады. Мысалы, Канадада шаруашылықты әртараптандыру ісі ерте басталып, 1990 жылдармен салыстырғанда бидай алқаптары екі есеге жуық қысқарған, ал Қазақстанда, керісінше, жыл сайын егістік көлемі артады, бірақ одан өнімділіктің өскені байқалмайды. Бір гектар жерден алатынымыз баяғы – сол 10 центнердің ар жақ-бер жағы.
2009 жылы Қызылжар шаруалары қамбаға 6,1 миллион тонна астық құйып, рекорд иесі атанған еді. Гектар берекелігі – 15 центнерден. Ал одан кейінгі жылы диқандардың көңілдері су сепкендей басылды, құрғақшылық әр гектарынан 10 центнерден ғана бидай алуға мәжбүрледі. Осының кесірінен кейбір диқандар белшесінен қарызға батты, тіпті банкрот болғандары да бар. Демек, егіншілік ауа райына қатты тәуелді, бір жыл өнім болса, екінші жылы жоқ. Табатын табыс та құбылмалы. Ғалымдар тығырықтан шығар жол шаруашылықты әртараптандыру екенін айтады. «Егер олар егіншілікпен мал шаруашылығын бірге алып жүргенде, бұндай қиындыққа тап болмас еді», дейді олар.
Жексенбай Қасқырбаев, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыру керек. Нарықта қандай өнімге сұраныс көп, соны өндіру керек. Қазіргі таңда майлы дақылдардың бағасы астыққа қарағанда қымбатырақ. Салыстырып көрейік, Канадада 1990 жылдары егістік жерлердің 45 пайызына бидай егілетін, ал Солтүстік Қазақстан облысында ол кезде 50 пайыз еді. Қазір солтүстікамерикалықтар бидайды 27 пайызға дейін қысқартты, 20 пайызына мал азығын егеді, 10 пайызы – көпжылдық шөптер. Ал бізде қазір бидай алқабы 66 пайызға артты, мал азығын өсіруді мүлдем ұмыттық. Ал енді табыстарына келсек, канадалық шаруаның табысының 30 пайызы – мал шаруашылығынан, ал қалған 60 пайызы егіншіліктен, оның ішінде майлы дақылдардан түседі. Демек, бидай шықпаған жылы олар біздің диқандар сияқты жер сипап қалмайды.
Қызылжардың топырағының құнарлылығы бонитет бағамымен есептегенде 55 балды құрап отыр. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ осының өзінен мол өнім ала алмай отырғанымыз шындық. Тағы сол канадалықтармен салыстырсақ, оларда өнімділік бізден екі еседей көп. Бізде бір гектар жерден орташа 8-10 центнер өнім алынады, ал оларда –17-20 центнер шамасында. Ауыл шаруашылығы ғалымдары бұған шаруалардың кінәлі екенін айтады. Жер-ана да күтімді қажет етеді. Ал бізде минералды тыңайтқыштар тіптен аз қолданылады. Бүгінде облыста минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салынып жатыр. Бар үміт – сол зауытта. Ғалымдардың айтуынша, жерді тыңайтқыштармен тыңайту арқылы өнімділікті 40 пайызға дейін арттыруға болады екен.
Ольга Гаас, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Көктемде тұқым сеуіп, қара күзде жинап алуға ғана келетін кез өтті. Жаңа технологиялар пайда болды. Егіншіліктің өзіндік жүйесі бар. Сапалы тұқым таңдау, дәрілеу, уақытында жерге сіңіру, арам шөп пен зиянды жәндіктерден қорғау және жинап алу. Осының біреуін уақытында істемесе немесе дәрілеуден ақша үнемдеп қалса, өнім шықпай қалады. Біздің жердің құнарлылығы жақсы, гектарынан 20-30 центнерге дейін астық оруға болады. Оны санаулы шаруашылықтар алып та отыр. Бірақ көбі сол ескі әдетінше екі қолды жайып, табиғаттың қолайлылығын тілеп қана жатады.
Қазақстанның жері қанша үлкен болғанымен, шегі жоқ емес қой? Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы территориясының 70,5 пайызы ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Сол жерлердің 68,9 пайызына егін егіледі, 28 пайызы – мал жайылымы, 0,2 пайызына шөп өседі. Тек 1,1 пайызы ғана тың күйінде жатыр екен. Егістік сол аз ғана тың жерлердің есебінен жыл сайын өсіп отыр. Егер оның бәрін жыртып тастасақ, келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Құнарын жойған жерге не өсе қояр дерсіз? Сондықтан біздің билік астықты мол алу үшін алқапты кеңейткенше, жаңа технологияларды қолдану арқылы өнімділікті арттырса игі.
Үлгі:
Александр Кобзев, «Янтарь-98» ЖШС директоры:
– Былтыр егін шықпай қалды. Бұл жағдай бізге қиын тиді және болашаққа сабақ болды. Шаруашылыққа 200 бас қазақтың ақбас сиырын сатып алдық. 250 гектар жерге көпжылдық шөп еккелі отырмыз. Ал егіс алқабының 50 пайызына ғана бидай, қалған жартысына күнбағыс бастаған майлы дақылдар себуді көздеп отырмыз. Бұл бізді ауа райына тәуелділіктен құтқарады. Егін болмаса малымызды сатып, күн көреміз. Қыста жауған қар ұшып кетпеуі үшін қар тоқтату жұмыстарын алқаптарда жүз пайыз жүргіздік. Биыл ылғал көп, өнім де ойдағыдай болар деп отырмыз.
Егіске әзірлік:
Солтүстік Қазақстан облысында 2 миллион гектар жерге қар тоқтату жұмыстары жүргізілді. Бұл – барлық алқаптың 43 пайызы. Қажетті 546 мың тонна тұқым дайын тұр. Тұқымның 90 пайыздан астамы – 1-2 сыныпты сапалы тұқым. Биылғы көктемгі жұмыстарға соңғы жылдары сатып алынған 900 қуатты егіс кешендері тартылады, олар барлық алқаптың 70 пайызына дән себеді. Диқандарға барлығы 63 мың тонна дизель отыны керек. Бүгінде 57 пайыз қамтамасыз етілген.
Керек-дерек
Ерте замандағы адамдар жабайы бидай орып, гектарынан 3-3,5 центнер өнім алған. Феодализм кезінде 4,5 центнерге жетті. Темір орақ жасалғаннан кейін алқаптар 7 центнер, ал ХХ ғасыр басында 8,2 центнерден өнім берді. 1970 жылдары КСРО-да 16,6 центнерден айналды, рекордты өнім Қырғызстанның Пржевальский тұқым учаскесiнде тіркелді, гектарынан – 126 центнер. Бірақ бұл да шегі емес көрінеді, швед селекционері Дж. Мак-Кей бір гектар жерден 400 центнер бидай алуға болатынын айтады.