Теміржолдағы төтенше оқиға
20 тамыз күні таңғы сағат 6.20-да Павлодар облысында төтенше жағдай болып, Майқайың стансысынан үш шақырым қашықтықта шетелдік «Shaanxi» автокөлігі (40 тонналық жүк көлігі) электровозбен соқтығысты. Нәтижесінде көлік жүргізушісі қаза тауып, машинист пен оның көмекшісі, сонымен қатар, әскери пойыздың екі күзетшісі ауыр жарақат алды.
Жол апатына ұшыраған көмір тиелген теміржол құрамы «Ақбидайық» стансысынан шығып, Павлодарға бет алған екен. Соққының күштілігінен теміржолдың бір бөлігі, аударылған вагондар және электровоздың өзі айтарлықтай зақымданған. Екібастұз қаласының төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Болатхан Сәбидолдиннің айтуынша, қазір бүлінген теміржол қалпына келтірілген.
М.Хамитова, Екібастұз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы:
– Апаттық жөндеу жұмыстарына Павлодар және Ерейментау стансыларынан екі қалпына келтіру пойызы келді. Оқиға орнына жедел құтқару отряды, жедел жәрдем стансысы, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, Екібастұз қаласындағы еңбекті қорғау мемлекеттік инспекциясы және қауіпсіздік комитеті қызметкерлері шықты. Апат себептері анықталуда.