Тендердің тағдыры «тендерге» түсіп жатыр

Тендердің тағдыры «тендерге» түсіп жатыр

Бұған дейін қос пала­тада жеке-жеке тал­қыланған Үкімет пен Республикалық бюд­жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2010 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебі кеше Пар­ла­менттің бірлескен оты­рысында бекітілді. Заң шы­ғарушы органның Мәжіліс залына келген Министрлер Кабинетінің толық құрамы депутаттар көтерген сауалдарға жауап беріп, бюджетке қатысты біраз сынды да естулеріне тура келді. «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген қағидатқа салсақ, мұн­дай сынның болуы да заңды.
Толық құрамдағы Үкімет қоспалаталы Парламенттің алдына, негізінен, бюджет мәселесі үшін келетіні белгілі. Он­да да бірінші жолы Премьер бастаған топ қаржы құ­жа­тын қа­былдату үшін келсе, екінші жолы сол қалыптасқан құ­жат­тың атқарылуы туралы есебін бекітуге келеді. Мұн­дайда Пар­ла­мент Үкіметтің есебін бекітпей тастаса, ат­қа­рушы билікке сенімсіздік танытылған болып есептеліп, үлкен өзгерістерге бастама туады. Әйтсе де дәл қазіргі күні заң шығарушы биліктің алдында тура сондай көл­де­нең мәселе тұрмайтыны айқын. Өйткені биліктің осы екі тармағының өзара қарым-қатынасы айқын, бір-бірін «ым­мен-ақ» түсіне алады. Бұны былайғы жұрт «биліктер ара­сындағы қоян-қолтық қатынас» деп жатады. Сон­дықтан да мұндай араластық арқасында бюджеттің ат­қа­рылуы туралы Үкімет есебі кедергісіз бекитіні бесенеден белгілі еді. Әйткенмен бюджеттің тиімділігіне, оны же­тілдіруге қатысты мәселенің күн тәртібінде тұруы да заң­дылық. Кешегі Парламенттің қоспалаталы бірлескен оты­ры­сы да осы бағытқа қарай өрбіді. Жалпы алғанда, бюд­жет­тің ат­қарылуына қатысты жай-жапсар, қазына қар­жысын жұм­сау­дағы кем-кетіктер қос палатаның жеке-же­ке оты­рыс­та­рын­да белсенді талқыланғаны есте. Негізгі па­раметрге салсақ, былтырғы бюджеттің шығысы 99,1 пайызға орын­да­лып, игерілмей қалған қаражат 37,5 млрд теңгені құраған. Де­генмен атқарушы билік Мем­ле­кет басшысының стра­те­гия­лық жоспары шеңберінде жүктелген міндеттерді қар­жы­лан­ды­руды толық орын­да­ға­нын алға тартады. Үкіметтің есебіне қорытынды шы­ға­ратын Есеп ко­ми­теті де биліктің бюджеттік бетбұрысын құптайды. Әйт­се де комитет төрағасы Омархан Өксікбаев бюджетте кез­де­се­тін жүйелілік мәселелеріне тереңірек тоқ­талғанды орынды санаған екен. Бұл ретте де Омархан Нұртайұлы еліміздегі са­лық және кедендік әкімшілік ету­дің сапасын кезекті рет сын­ның тезіне салды. Алға тар­та­тын дәйектері де бар­шы­лық екен. Мәселен, 2009 жылмен са­лыс­тыр­ғанда 2010 жылы салық берешегінің көлемі ұл­ғай­ған. «Бұған ең алдымен елімізде жалған кәсіп­кер­лік­тің өршуі әсер етіп отыр. Біздің ойымызша, Үкімет жал­ған кәсіпорындар са­нын қысқарту жұмыстарын жүргізуі қа­жет. Өйткені олардың ба­сым бөлігі бюджетке айтар­лық­тай залал келтіруде», – дейді комитет төрағасы. Бұдан бөлек, Есеп ко­ми­тетінің қырағылары са­лық түсімдерінің толықтығын ба­қы­лау барысында теріс пи­ғылды салық төлеушілердің жаңа банк­роттық тәсілді қолдану арқылы салық төлеуден жалтару жол­дарын да анықтапты. Тек­серіс барысында осындай жолмен 14,6 млрд теңге түсім­дерінің азайғанын да есептеп шық­қан. Есеп комитетінің бағалауынша, мемлекет акти­в­те­рі­нің пай­да­лану тиімділігі де күрделі мәселеге айналып келе­ді. «43 акционерлік қоғам ай­қын даму стра­те­гия­сы бол­ма­ған­­дық­тан, менеджментті тиісті дәрежеде жүргізбегендіктен, эко­­но­мика тұрғысынан тиісті әрі нақты шешімдерді қабыл­да­­ма­ғандықтан, былтырғы жылы өз­деріне сеніп тапсырылған мем­лекеттік активтерді басқару кезінде 39,5 млрд теңге зиян шек­тірді.
Сондай-ақ акционерлік қоғамдар бюджет қаражатын екінші деңгейлі банк­тердің депозитіне орналас­тыру тәжірибесін әлі де жалғастырып келеді. Бұл бюджет қаражатының көзделген мақсатынан тайқып, басқа бағытқа жөңкігенін көр­сетеді. Алайда бұл мәселеде жүйелі шара­лар қолданылмай отыр. Жалпы алғанда, мемлекет активтері мен мүліктерін тиімді басқару үшін біз олардың толық есебін және мониторингін қамтама­сыз етуді, квазимемлекеттік ұйымдық құрылымын талдауды қажет деп санай­мыз», – деп атап өтті Омархан Нұртайұлы. Бұдан бөлек, Есеп комитеті Кеден одағы­ның жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, ДСҰ-ға кіруге дайындық жүргізіп жатқан тұста қосылған құн салығын қайтару рәсімдерін тең көлемді пайдалану­дың және несие берудің қолжетімді жүйе­сін қалыптастырған жөн деп санайды. «Осыған байланысты біз мемлекеттік және жалпы сыртқы борышты басқару жөніндегі тұжырымдамаға квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарыздарын тартуы мен пайдалануын мониторингпен бақылау жүргізу бөлігіне өзгерістер енгізуді, бағалы қағаздардың отандық рыногын дамытудың қажеттігін айтпақшымыз. Мемлекеттік қаржылық бақылау экономиканы бас­қарудың басты элементі болып келді, бұдан әрі де солай қала береді. Бір өтініш, Есеп комитеті талап қойған кезде, оның институционалдық мүмкіндігін ескер­сеңіздер», – деді Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев.
Үкімет Парламентпен бірлесіп мемлекеттік сатып алу мәселелерін жетілдіруге әзір
 Қаржы министрі мен Есеп комитетінің есебінен кейін депутаттардың Үкімет мүшелеріне тіке сауал қою мүмкіндігі туған болатын. Соған орай, алғашқы сауал мемлекеттік сатып алулар турасында болды. Депутат Валерий Доскалов бюд­жеттік ұйымдар арасындағы тендерлердің өткізілуіне, сол арқылы тауарлардың жет­кізілуіне қатысты алаңдаушылық білдіріп өтті. «Тендер нәтижесінде бюджет ұйым­дарына арзан әрі сапасыз заттар сатып алынып жатыр. Қызметтері де сондай сапасыз. Бұдан, ең алдымен, әлеуметтік осал топтағы азаматтар жапа шегуде. Мәселен, балабақшаларға мем­лекеттік сатып алу жүйесі бойынша алынған киім-кешек сапасы төмен ғана емес, балаларға шақ емес болып шықты. Бұған, негізінен, тендер бойынша жеңімпазды анықтаудағы өлшемдер себеп болып отыр. Өйткені тендерде ең төменгі бағаға тапсырыс берген компания жеңім­паз атанады», – дейді депутат. Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мемлекеттік сатып алу мәселесінің орынды көтерілгенін, тендерге қатысты негізгі өл­шемдерді қайта қарауға болатынын жет­кізді. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығындағы әртүрлі кезеңдерде өткер­ген тәжірибеміз баршылық. Біз басқа сала секілді тендер мәселесінде де заман ағымына қарай шешім қабылдадық. Егер 90-жылдары біздің алдымызда қандай болмасын тауар сатып алып, өз нары­ғымызды толтыру проблемасы тұрған болса, бұл кезең үшін тендерлер конкурсын ең арзан сатып алуларға үйлестіріп өткізудің жөні болды. Алайда бұл норма өз қызметін сарқып бітті. Сондықтан да қаржы министріне тиісті тапсырма жүктей отырып, Парламент депутаттарымен бірге жұмыс істеуге әзірміз», – деді Үкімет бас­шысы. Премьер-министр жаңағы мем­лекеттік сатып алулар бойынша басты екі мәселені қаперге ұстау қажеттігін де айтты. Бірінші қаперде болар нәрсе – отандық өндірісті дамыту. Тек дамытып қана қоймай, оның жоғары технологиялы болғанына назар аудару маңызды. Екінші қаперде ұстайтын шарт – мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық компаниялардың сатып алулары отандық өнімге сұранысты арттыратын ең қуатты құрал. Ендеше, тендер мәселесін шешетін заңнама осы талапқа жауап беруі қажет. «Сондықтан да мен мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы қайтадан қарауға шақырамын. Бірінші орында сапа тұрса, екіншіден, осы төңіректе отандық сұранысты ынталан­дыруымыз керек. Біз заңнаманы қайта қарастыруға дайынбыз», – деді К.Мәсімов. Дәл осы тендер төңірегіндегі даулы мәселені депутат Тито Сыздықов та көтерді. Оның айтуынша, құрылысы жүріп жатқан нысандарға министрліктердің жауапты болуы бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеп соқтырады. Бұл ретте депутаттың келтірген мысалына салсақ, трансферттің сызбасы мынадай: алдымен бюджет қаржысы министрлікке, министр­ліктен облыстық бюджетке ауда­рылады, ал тендерді жергілікті әкімшілік жүргізіп, салынып жатқан нысанды орталықта, яғни қашықта отырған ми­нистр­лік бақылайды. Мұнда «бақылайды» деген аты ғана се­кілді. Өйткені кейіннен «Кім кінәлі?» деген сұрақта бақылау мәселесіне қатысты бір-біріне сілтеу үдерісі басталады. Үкімет басшысы осы мәселені алдағы уақытта зерделеп, нақты жауап берілетінін жеткізді. «Әйтсе де осы төңіректе бір мәселеде ұстанымымды нақтылағым келеді. Тендер­лерге қатысты жобалық-сметалық құжаттар мен нысан құны көрсетіледі. Ал тендерді ұтып алғысы келетін компания нысан құнын арзандатып көрсетеді де, кейіннен тендерде көрсетілген қаражатқа құрылыс сала алмайтынын айтып, қайта­дан нысанды қымбаттатуға тырысады. Сондық­тан да біз қағидатты ұстанымда болуымыз керек. Кім тендерді жеңіп алады, сол сонда көрсетілген қаражатқа құрылысты толық салуы керек. Артық қаражат қарас­тырылмауы шарт. Сондықтан да мен қандай да бір құрылысты қымбаттатуға қатысты өтініш қабылдауды тоқтаттым. Бұған соңғы нүктені қоятын боламыз», – деді К.Мәсімов.
Депутаттар ... деп жатыр
Бақберген Досманбетов, сенатор:
– Ескінің бәрі жаман емес. Бұрын Кеңес Одағында әлеуметтік сала министрліктері құрылыспен айналыспайтын. Құрылысқа тапсырысшы жергілікті орган, орындаушы да жергілікті құрылысшы болып, сапалы нысан салынып шығатын. Бізге де осыған ойысқан ләзім. Әйтпесе Білім министрлігін құрылыспен айналыстырғаннан ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, ұтылуымыз ғажап емес.

Светлана Жалмағамбетова, сенатор:
– «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингін дұрыстап тексеру керек. Ол қалай жұмыс істейді? Кіммен жұмыс істейді? Бюджеттен қанша қаражат алып жатыр? Мамытбеков мырза! Бәлкім, ауыл шаруашылығы ми­нистрі қызметіне келген соң, сіз енді жұ­мыстарды бастан-аяқ қайта қарап, «Қаз­Агро» жұмысын жолға қоятын шығарсыз. Холдингті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жақындатқаныңыз ләзім. Әйтпесе қазір алшақ кетіп қалды.

Бақыт Сыздықова, Мәжіліс депутаты:
– Осы залда қатысып отырған Үкіметтің бір мүшесі, атын айтпай-ақ қояйын, өзінің туиттерінде: «Депутаттар сауалдары тоқ­татылды. Иә, оларды тауысып біту мүмкін емес, оларды тек тоқтату керек» деп жазыпты. Ал менің көршім Ирак Қасымұлы «бүйте берсек, отырысты келесі жолы жазбаша өткізу керек шығар» деп айтады. Ал мен, ендеше, онлайн режиміне көшейік дегім келеді тіпті.

Рауан Шаекин, Мәжіліс депутаты:
– Министр өзінің кәсіби дайындығын ұдайы дәлелдеп отыруы керек. Әйтпесе бізде қалай: мемлекеттік қызметке бір рет ілінгенде ғана аттестациялаймыз, со­сын олардың қай салада жұмыс істей алатын дайындық деңгейін тексермей-ақ креслодан-креслоға ауыстырамыз. Біз бүкіл оқушылар үшін бірегей шарт қоямыз, ҰБТ арқылы оқушылардың білімін тексеріп келеміз. Ал бүкіл елдің дамуына жауап беретін министрлердің біліктілігін неге тестімен тексермейміз? Менің ойымша, министрдің есеп беруі оның болашақтағы іске қабілеттілігінің деңгейін айғақтайды. Біз тек осындай емтихандар арқылы кәсіби министрлерді, басқа да органдардың басшыларының кәсібилігін анықтауымыз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста