Теректің мамығынан сақтаныңыз
Төтенше жағдайлар қызметі терек мамығынан сақтануды ескертеді. Теректерден бөлінетін ақ ұлпа аллергияны туғызып қана қоймай, ыстық күндері өрт қаупін де күшейтіп отыр.
«Терек мамығы тарайтын мезгілде өрт қаупі күшейеді. Мамыққа өшірілмей тасталған темекі тұқылы мен шоғы бар сіріңке тисе, жүздеген шаршы метр аумақтар өртке оранады», – дейді мамандар. Өрт сөндірушілердің тәжірибесінде терек мамығының тұтануынан шаруашылық нысандары, гараждар мен орманды алқаптардың жанып кетуі кездескен. Өткен аптада ғана Қостанай облысында мамандар терек мамығынан болған 169 өртті есепке алды. Төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарды балалардың мамықты өртеп ойнауына тыйым салуға шақырады. Сондай-ақ үйілген мамықтарды жақпай, қоқыс жәшігіне тастауды және дәнекерлеу сияқты жұмыстарды жүргізгенде төңіректі тазалап алуды ескертеді.