Тікұшақ тұңғиыққа кетуі мүмкін
Қарашаның 24-і күні Алматы облысының Алакөл ауданында сегіз адам мінген МИ-823 азаматтық тікұшағы жоғалып кетті. «ЕуроАзияЭйр» АҚ Жезқазған филиалына тиесілі тікұшақты «Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС Атасу – Алашынкоу мұнай құбырын әуеден бақылап шығу үшін жалға алған болатын. Таңғы сағат 8:30-да көкке көтерілгеннен кейін байланысқа шықпай қалған экипажды іздеуге сағат 14:10-да екі әскери тікұшақ жұмылдырылды. Екі күннен асты, іздеуден нәтиже жоқ.
Төтенше жағдайлар саласының мамандары бұл оқиға туралы әлі толыққанды мәлімет бере алмай отыр. Жоғалғандарды іздеу жұмыстарына аудан жұртшылығы да атсалысуда. Айта кету керек, оқиға бойынша іздестіру жұмыстары Алакөлдің арғы беті, яғни Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында да жүргізіліп жатыр.
Сағат 8:30-да Үшаралдан ұшқан тікұшақ 10:30-дар шамасында Достық кентіне қонуы тиіс болатын.
Төрт тікұшақ, одан өзге оннан астам техника жұмылдырылған іздеу жұмыстары нәтижесіз. Атасу – Алашынкоу халықаралық мұнай құбырының Алакөл ауданынан өтетін тұсы – жазық дала. Егер әуе көлігі апатқа түсіп, жерге құласа, көрініп жатуы тиіс. Жергілікті халықтың айтуы бойынша, Алакөлдің бетіне әлі жөнді мұз қатқан жоқ. Тек шұға тұр. Егер тікұшақ апатқа ұшырап, көлге құласа, оны әуеден көру мүмкін емес. Ол үшін арнайы сүңгуірлер керек. Алакөлдің ауданы 2500 шаршы шақырым. Ұзындығы 104 шақырым, ені 52 шақырым, орта тереңдігі 22 метр (ең терең жері 54 метр), жағалауының ұзындығы 384 шақырым. Осының барлығын ескерсек, су астын тінту жұмыстары біразға созылатынға ұқсайды.