Тоқаев: 2022 жылдың соңына дейін Nur Otan төрағасы қызметінен кетпекпін
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде 2022 жылдың соңына қарай Nur Otan партиясының төрағасы қызметінен кетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Еліміз өз дамуының өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсініп, Nur Otan партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды топтастыру жөніндегі жұмысқа кірісуге дайын екенімді білдіреді. Бұл ретте мен мемлекет басшысы ретінде ашық әрі адал саяси бәсекелестіктің кепілі боламын. Менің конституциялық міндетім – биліктің барлық тармағының келісіп әрекет етуін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету", - деді Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс cъезінде.
Оның айтуынша, бұл президенттің кез келген партия мен қозғалыстан алшақ болатынын білдіреді.
"Сондықтан біраз уақыттан кейін, мүмкін осы жылдың соңына қарай менің Nur Otan-ға одан әрі төрағалық ету мәселесіне қайта ораламыз", - деді Тоқаев.
Тоқаев елді жан-жақты жаңғыртудың ауқымды күн тәртібін ұсынғанын, Nur Otan оны іске асыруға белсене араласып, Қазақстанның прогрессивті өзгерістері мен жаңаруының нағыз қозғаушы күші болуға тиіс екенін жеткізді.
Бұл үшін Nur Otan өзі жаңаруы тиіс. Айтуынша, бұл партияның бүкіл жұмысын түбегейлі қайта құруды қажет етеді.
Елордада Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезі өтіп жатыр. Оған еліміздің барлық өңірінен 389 делегат онлайн-форматта қатысып отыр.
Съезге бейнеконференция саяси кеңес мүшелері, аймақтық филиалдардың өкілдері, депутаттар мен үкімет мүшелері қосылды.