Төрағаның сөзіне депутаттар шамданып қалды
Қазақстанның жері қаншалықты кең байтақ болғанымен, оның қордаланып жатқан проблемалары да шаш етектен. Тіпті жер төңірегіндегі топырлаған сұрақтың көптігі сонша, кешегі Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатына келген Жер ресурстары агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзібеков қара терге түсті. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, каникул алдындағы ең соңғы Үкімет сағатында депутаттар да Өмекеңе біраз сауалдарын үйіп-төкті.
Жер ресурстары агенттігі де тым жаман жұмыс атқарып жатпаған секілді. Отырыс залының алдына көрмесін жайып тастаған агенттік депутаттарды бір желпіндіріп тастады. Бірақ өткен-кеткенді есепке тізіп, алдағы атқарылар істерді де ескерусіз қалдырмаған Өмірзақ мырза баяндамасын жасап болған соң бастырмалатқан сұрақтардың астында қалды. Әйтсе де баяндаманы жақсылап оқып берген агенттік төрағасы қойылған сұрақтарға өте салқынқанды жауап берді. Әуелі ол кісінің өте ұмытшақ жан екені белгілі болды. Кімнің не сұрақ қойып жатқанын жанындағы орынбасары сыбырлап айтып берді де отырды. Ал айтып берген сұраққа жауапты өте қысқа, тіпті артын түсініксіз қылып қайтаратын төрағаның «әдеті» депутаттардың шамына тие бастады. Соңына келгенде шыдамаған депутат Рамазан Сәрпеков «мен не деймін, домбырам не дейді» деп ренішін жасырып қала алмады...
Алдымен сөз алған депутат Уәлихан Қалижанов Алматының көрікті жерлеріне рұқсатсыз коттедж тұрғызып алғандар туралы білмек болып еді. Агенттік төрағасы қазір бұл мәселе бойынша 80-нен астам адамның жауапқа тартылғанын, қалған жерлердің әкімшілік пен агенттіктің қадағалауында екенін айтып, қысқа қайырды. Халық қалаулысының тағы бір білмек болғаны – азаматтарға тегін берілуі тиіс 10 сотық жердің жайы еді. Мысалға, қазір Астана қаласы төңірегінен жер алуға 30-40 мың адам кезекте тұр. Жылына 1000 жер телімі беріледі деген күннің өзінде, олардың соңының 40-50 жылдан кейін әрең деп қолы жерге жетпекші. Бұл сұрақ та жауапсыз қалды... Депутат Владимир Нехорошев болса, жер мәселесіндегі жемқорлық пен тәртіпсіздіктің әлі тыйылмай отырғанын айтады. Бұл жағдайды өзі де мойындаған Ө.Өзібеков жер-жердегі жер инспекторлары санының аздығын алға тартты. Расында, жер төңірегіндегі түйінді мәселе аз емес. Депутат Тито Сыздықовтың айтуынша, қала маңынан инфрақұрылымы жоқ иен жерді беріп алып, орналасқан халықты жабайы тұрмыста ұстау үрдіске айналған. Шаңырақ, Қоянды ауылдарының айналасындағы дау-дамай – соның айғағы. Бір қызығы, жерге байланысты сұрақ қойған 20-дан астам депутаттың дені қазақша сауал қойып, мәселені қазақ тілінде көтерді. Осыған қарап, жер тағдыры тек қазақтың ғана жүрегіне бататынын білу қиын емес. Өйткені алтын бесік ауылында жермен күнін көріп отырған халықтың басым бөлігі – өзіміздің қаракөздер. Осыны сезінген депутаттар жер мәселесіне жұмыла үн қосты. Олар аукционмен сатылуға тиісті жердің көбі тек қалталылардың ғана қолында кетіп, қара халықтың құр алақан қалып жатқанын жеткізді. «Сондықтан біз болып, сіз болып, осы аукцион мәселесін бір оңтайлы жүйеге түсіруді қарастырайық», – дейді депутат Алдан Смайыл. Ал кейбір ауыл тұрғындарының қазір мал жаятын ұлтарақтай жерге зар болып отырғаны да жасырын емес. Мұны депутат Рамазан Сәрпеков қозғады. Себебі ауылдағы әлдебір алпауыттар жердің көбін иемденіп алған, тіпті мал суарудың өзі үлкен мәселе. Көл мен бастау, төбе мен қырат – жекенің меншігі. Ал пайдаланылмай жатқан жердің де жыры ұзаққа созылар әңгіме. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 20 млн гектар жер пайдасыз, игерілмей жатыр. Бірақ олардың иесі бар. Жер ресурстары агенттігі болса пайдаланусыз жатқан 65 мың гектар жерді қайтарып алғандарын айтады. Ал қалған жерлер арамшөп басып, зиянды жәндіктер ұялап текке жатыр. Қысқасы, қара жердің қаптаған мәселесі қаранардың белін қайыстырар ауыр жүк болып тұр. Ол жүкті қасқайып тұрып көтеруге тиісті Жер ресурстары агенттігінің жұмысы қазір жеміс береді деуге әлі ертерек секілді.