Төрт баланы өрттен құтқарған оқушы көлік мініп, Президенттен алғыс алды
Президент құттықтауының мәтінін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өрт кезінде төрт баланы құтқарған Олег Пирогпен кездесу кезінде оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Садовод» саяжайының аумағында өрт кезінде балаларды құтқарып қалған Қостанай қаласындағы №22 орта мектеп оқушысы Олег Пирогтың ерлігі мен батырлығына алғыс айтты.
«Осындай жаста нағыз ерлік жасадың, еш ойланбастан балаларға көмекке келіп, үлкен қайғының алдын алдың», - деп жазды Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Олегтің батырлық әрекеті - рухының беріктігі, бей-жай қарамағаны және патриотизм көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Олег Пирог ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен, ал Валентина Пирог ҚР ТЖМ Алғыс хатымен марапатталды.
«Allur» компаниялар тобы Мемлекет басышысының үндеуін қолдап, жас батырға отандық өндірістегі Chevrolet Nexia автокөлігінің кілтін табыс етті. «Біздің Президент қазақстандықтардың осындай батырлық әрекетін назардан тыс қалдырмайды және үнемі бағалайды.
«Allur» компаниясы Мемлекет басшысы - Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін толықтай қолдайды. Қазақ жері әрдайым ұлы батырлармен даңққа бөленіп келген, және бұл жас баланың істеген ісі – нағыз ерлік, таңдануға тұрарлық және бәрімізге үлгі!», - деді «Allur» КТ» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев.
Андрей Лаврентьев бұл сыйлықтың Олег Пирогтың батырлық әрекетін жоғары бағалаған кәсіпорынның барлық қызметкерлері атынан екенін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, Қостанайда «Садовод» саяжайында 5-сынып оқушысы Олег Пирог төрт баланы өрттен аман алып қалған болатын. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов балаларды өрттен аман алып қалған Олег Пироговпен кездесіп, марапаттаған еді.