Травматикалық тапаншаға тыйым салынады
«Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң бойынша, 2016 жылдан бастап травматикалық тапаншаларды қарапайым адамдар ұстай алмайтын болады. Бұл талап бұзылған жағдайда, қомақты мөлшерде айыппұл салынады. Азаматтардың қолдарындағы суық қаруларды мемлекетке сатып алу үшін қазынадан миллиард теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазірдің өзінде біздің елде 23 мың травматикалық қару бар екен. Құзырлы орган азаматтардың қолдарындағы қаруларды жинап алып, оны тек қызметтік мақсатқа пайдалануға рұқсат бермек. 2016 жылға дейін мемлекетке қаруын өткізбеген тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
– Жаңа заң қабылданғаннан кейін травматикалық қарулар тек заңды тұлғаларда ғана болады, – дейді Атырау облыстық ішкі істер департаментінің бөлім бастығы Талғат Өсеев. – Мұнайлы мекенде мыңнан астам қару есепте тұр. Қазір мұндай қаруларды алуға рұқсат беру тоқтатылды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарында лаңкестікке, ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар ретінде тіркеуде тұрған адамдарға травматикалық қаруларды алуға, сақтауға, ұстауға тыйым салынады.
Аталған қаруды азаматтық айналыстан алып тастау туралы заң кейбір жандардың наразылығын туғызып та отыр. Олар алдымен қаруды мемлекеттің арзанға бағалап отырғанын айтады. «Мысалы, «Ока» травматикалық пистолеті 40 мың теңге тұрады, бұдан қымбаттары да бар, – дейді Асқар Бақдәулетов есімді азамат. – Оны бізден осы бағаға кері сатып ала алмайды ғой. Сосын травматикалық қару – адамдардың өз-өзін қорғауына қажетті зат, ертең оның бәрін жинап алғанда, қылмыс, ұрлық-қарлық өршіп кетпесіне кім кепіл? Олай болса, пышақты қолдануға да тыйым салынсын, шын мәнінде, оқтан емес, осы пышақтан зардап шегетіндер көп».
Құқық қорғау органдарының өкілдері бұл пікірмен келіспейді. Олар травматикалық қаруларды жеке адамдардың қолынан алғанда, керісінше, қылмыс та азаяды деген сенімде. Ал жыл басынан бері Атырауда травматикалық тапанша қолданылған екі қылмыс тіркеліпті.