Травмотология орталығы: Президент тапсырмасы орындалмай жатыр

Травмотология орталығы: Президент тапсырмасы орындалмай жатыр

Астана қаласындағы Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығының нысаны сын көтермейді. Мұнда жарақат алған науқастарға уақытылы ем-дом көрсетіліп, қажет жағдайда ота да жасалады. Медициналық орталықтың жағдайы осыған дейін де бірнеше рет көтерілген. Алайда жауапты мекемелер тарапынан уақытылы әрекет болмай отырғандай. Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап көрді.

 
2021 ЖЫЛЫ 8000-НАН АСТАМ ОТА ЖАСАЛДЫ

Жуырда Парламент Мәжілісінің соңғы отырыстарының бірінде VII шақырылым депутаты Зарина Камасова аталмыш орталықтың мәселесін қозғап, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдаған болатын.

«Травматизм – еліміздің маңызды медициналық-әлеуметтік мәселелерінің бірі. Жыл сайын республикамызда 500 мыңнан астам жарақат пен улану жағдайы тіркеледі. Жазатайым оқиғалардан, сол сияқты жарақаттардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітім адам өлімінің негізгі себептерінің бестігіне кіреді.

Еңбекке қабілетті халықтың жоғары мүгедектігі елдің экономикалық әлеуетіне әсер етеді. Жоғары тиімді травматология және ортопедия қызметі денсаулық сақтаудың басым бөлігі және елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізі болып саналады», - дейді Зарина Камасова.
Ол сөзін жалғай отырып, Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығының жұмысы жайлы қозғап өтті.

«Бүгінгі таңда Қазақстан халқына жоғары мамандандырылған медициналық көмек академик Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығында көрсетіледі.

2021 жылы мұнда 11 241 науқас емделіп, 8000-нан астам ота жасалды. Орталық жұмысының барлық кезеңінде еліміздің барлық өңірінен тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен аурулары бар 200 мыңнан астам пациентке медициналық көмек көрсетілді.

Протездеу мен пациенттерді оңалтудың үздік әлемдік тәжірибелері игерілді, институт әлемнің отыз еліндегі осындай орталықтармен ынтымақтастықта жұмыс істейді», - делінген сауалда.

Аталмыш орталықтың жетістіктерімен қатар проблемалары да жетіп артылады.

«Орталықтың үлкен жетістіктерінен бөлек шешімін таппай тұрған проблемалары да жоқ емес. Нақтырақ тоқталсам, ескірген инфрақұрылым мен коммуникациялар, медициналық және технологиялық жабдықтардың тозуы, емдеу және оқу алаңдарының жетіспеушілігі, бір пациентке шаққандағы орынның тапшылығы. Мұның бәрі тірек-қимыл аппаратының жарақаттары мен түрлі ауруы бар науқастарға көмек көрсету сапасына айтарлықтай нұқсан келтіреді.

Операциялық, процедуралық, ортопедиялық және басқа үй-жайлардың шектеулі санына байланысты емдеудің ең күрделі әдістерінің бірі – ревизиялық эндопротездеуді қажет ететін пациенттер ұзын-сонар кезекте тұр. Бұл кезек 2,5 жылға дейін созылып отыр!!! Осы уақыт аралығында буын тіндерінің бұзылуы катастрофалық жағдайға баруы мүмкін», - деді ол.
Аталмыш орталықтың проблемалары мұнымен де шектелмейді. Зарина Айдарханқызы орын санына қатысты қиындықтарды да қозғап өтті.

«Палаталардың аумағына қатысты аурухана төсектерінің саны нормативтен екі есе артық! Қажетті алаңдар мен жабдықтардың болмауы пациенттерге толық көлемде көмек көрсетуге мүмкіндік бермейді. Жаңа емдеу корпусын салу мәселесі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылғы қарашада Травматология және ортопедия ҒЗИ-ға сапары барысында Үкіметке күрделі жөндеу жүргізу және жаңа корпустар салу мәселесін шешуді тапсырған болатын.

Алайда Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы әлі күнге дейін орындалған жоқ. Құрылыс жұмыстарына байланысты жер учаскесі бөлінбеген, жобалық құжаттама әзірленбеген! Бұл нысанның құрылысы уақытында басталмауы науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеуіне, ондаған мың отандасымыздың толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіріп отыр.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Астана қаласында Академик Батпенов атындағы жаңа ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығының құрылысын бастау үшін түйткілді проблемалардың бәрін шұғыл түрде шешуіңізді сұраймыз», - дейді ол.
ТОҚАЕВ 2019 ЖЫЛЫ ТАПСЫРМА БЕРГЕН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың күзінде ота жасайтын және реанимация бөлімдерін аралап көрген болатын. Президентке сол күні институт жұмысының негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ, медицина мекемесінің ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылған болатын.

«Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты – медицинаның аталған саласы бойынша озық технологияларды әзірлеумен, жетілдірумен және енгізумен айналысатын Қазақстандағы бірден-бір ғылыми-клиникалық және білім беру орталығы. Мұнда күн сайын 50-ден астам, ал бір жылда 8 мыңнан аса ота жасалады. Бүгінде медициналық орталықта 385 емделушіге арналған 14 клиникалық бөлімше жұмыс істейді. Осы бөлімшелердің негізінде буындарға эндопротез жасау, артроскопия және спорттық жарақаттарды емдеу, омыртқа патологиясын түзету сияқты 3 республикалық орталық ашылған», - делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысы сол жолғы кездесуінде ғылыми-зерттеу институты жанынан қосымша жалпы аумағы 23,2 мың шаршы метр болатын медициналық корпус салу жөнінде шешім қабылдағанын жеткізген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікіріне жүгінер болсақ, ғылыми-зерттеу институтының ескірген ғимараттары заман талабына сай келмейді.

«Бұл жерде азаматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін озық технологиялар кеңінен қолданылуда. Дегенмен, ғимараттар айтарлықтай ескірген. 2021 жылы бұл жерде жаңа ғимарат бой көтереді. Тиісті қаражат бөлінеді. Құрылыс жұмыстарына 26 миллиард теңге қажет. Мұның қомақты сома болғанына қарамастан, Үкіметке тиісті тапсырма беремін. Үкіметке клиниканы күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа ғимараттар салу мәселесін шешуді тапсырдым», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақорда таратқан ақпаратқа сүйенер болсақ жаңа корпуста 6 ота жасайтын зал, 300 орындық оңалту орталығы, оқу бөлімдері, сондай-ақ, медициналық бұйымдар шығаратын шағын зауыт болады. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету көлемі 45 пайызға артады.

ПАЦИЕНТ ПІКІРІ

Біз осы орайда аталмыш орталықта ем қабылдаған пациент Гүлзира Тұмарқызынан пікір алып, ішкі жай-күйі туралы сұраған едік:

«Денсаулығыма байланысты Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығында осымен екінші рет 5-7 күннен екі мәрте жатып, ем қабылдадым. Дәрігерлердің, медперсоналдардың көрсеткен қызметінде мін жоқ. Уақытылы ем-дом көрсетіп, жағдайымызды бақылауда ұстап отырады.

Ал ішіндегі жабдықтарға, ғимараттың жағдайына тоқталсам, енді аздап қиындау. Төсектері аздап ыңғайсыз. Дәретханасы санаулы. Ары-бері қозғалу үшін қажетті жабдықтары болғанмен бәріне бірдей жете бермейді. Терезесін қанша жерден қымтағаныңмен аязды, боранды күндері сырттағы жел өтіп кетеді. Нысанның өзі КСРО заманын еске түсіреді. Жөндеу жүргізілген сияқты көрінеді, бірақ оның өзі аздық етеді. Жаңа корпустар бой көтерсе дейсің. Науқастарға қажеттінің бәрі жеткілікті болғанын қалаймын», - дейді пациент.
СПОРТШЫЛАР ДА ОСЫ ОРТАЛЫҚТА ЕМДЕЛЕТІН

Былтыр Бейжіңде қысқы спорт түрлерінен Олимпиада ойындары өтіп, онда Қазақстан құрамасы бірде бір медальсыз қайтқан еді. Ақ Олимпиададағы үздік нәтижеміз – шорт-тректен төртінші орын – оны Абзал Әжіғалиев иеленген еді. Қысқы Ойындардан кейін ел құрамасы үлкен сынның астында қалған. Сонда Абзал Әжіғалиев спорттың төңірегіндегі проблемаларды қозғай келе жарақат алған кездегі спортшылардың жай-күйін айтып өткен болатын.

«Бізде жарақат алсаң, ешкімге керек емессің. Ал кәсіби спортта жарақат көп кездеседі. Өзіңді, өміріңді спортқа арнап, осындай жағдайға тап болғанда жалғыз қаласың», - деген еді шорт-трекші.
Осыдан кейін қоғамда спортшылардың медициналық тұрғыдан емделу мәселесі өте өзекті болды. Себебі ұлттық құрамада өнер көрсететін спортшылардың қатардағы пациент ретінде емханаларда кезекті тұратыны айтылған. Спортшылар негізінен сүйектен, буыннан жарақат алатыны белгілі. Дәл осы Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығында талай спортшы кезек бойынша емделген еді. Ал спортшылар үшін жылдам арада медициналық көмекке жүгінбесе алған жарақаты асқынып кетіп, спортқа қайта оралуы ұзақ уақытты алатыны белгілі.

Былтыр Алтай Көлгінов Астана қаласының әкімі болып тұрған шағында қала жастарымен және спорт өкілдерімен кездесуінде дәл осы мәселе жайлы пікір білдіріп, оларға жеке медициналық орталық қарастырылғанын мәлім еткен болатын.

«Осыған дейін жаттықтырушылар мен спортшыларға жеке медициналық мекеме бөлу туралы проблема көтерілген болатын. Себебі олар кәсіби тексерулерді өзге пациенттермен қатар өтіп, бірге емделетін. Ал бұл спортшылардың дайындық сапасы мен сауықтыру процесіне кері әсер ететін. Осы мәселені бірлесе талқылағаннан кейін спортшыларға арналған арнайы медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды», - деген еді Алтай Көлгінов сол шақта.
Спортшылардың проблемасы осылай шешілген болатын. Әңгімемізге қайта оралайық. Батпенов атындағы Ұлттық Травматология және ортопедия ғылыми орталығының қосымша құрылысына, жөндеуіне қатысты тапсырма Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан 2019 жылдың күзінде берілген. Одан бері уақыт төртінші жылға қарай қадам басып барады. Бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. 2021 жылы бой көтеруі тиіс нысанның қазір қай сатыда екені де белгісіз. Рас, арада дүние жүзіне жайылған COVID-19 инфекциясының қазақстандықтарға да, ел экономикасына да айтарлықтай зияны тигені белгілі.

Біз осы орайда Зарина Камасова көтерген мәселе бойынша жағдайды білмек болып, орталықтың баспасөз қызметіне хабарласқанымызда жарытып жауап ала алмадық. Сәлден кейін хабарласатынын айтқан орталық қызметкерінен ақыры хабар болмады.

Қорытындылай келе айтар болсақ, уақытылы көрсетілген медициналық көмек ел азаматтарының денсаулығына оң әсер береді. Адамның денсаулығына тікелей қатысы бар орталықтың қосымша құрылысы да, жөндеу жұмысы да уақыт оздырмай, жылдам бітуі тиіс.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста