Туберкулезді екі сағатта анықтайтын мүмкіндік туды
Қазақстанға шетелден туберкулезді жедел анықтайтын аппарат алып келінді. Жаңа технология елімізге АҚШ-тың USAID халықаралық даму агенттігінің қаржысы арқылы USAID TB CARE жобасы аясында жеткізіліп отыр. GeneXpert деп аталатын бұл қондырғы әзірге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Туберкулез мәселелері ұлттық орталығына, Алматы қаласына, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы туберкулезді емдейтін мекемелерге орнатылды. Бұл аппараттың бір ерекшелігі, адамда туберкулездің бар-жоқтығын екі-ақ сағатта анықтайды екен.
Сәрсенбі күні Туберкулез мәселелері ұлттық орталығында GeneXpert қондырғысын Қазақстанға ресми тапсыру рәсімі болып өтті. Оған АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фейрфакс, USAID-тың Орталық Азия елдеріндегі аймақтық миссиясының директоры Эрин Элизабет МакКи, USAID TB CARE бағдарламасының директоры Т.Базиков, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Балтабеков қатысты.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Қазақстанда көптеген дәріге төзімді туберкулезді инновациялық әдіспен жедел анықтау қолға алынуда. Бұл ретте USAID халықаралық даму ұйымы бізге үлкен көмек беріп отыр. Біз осы аппараттың көмегімен туберкулезді жедел анықтап, науқасты дер кезінде қоғамнан оқшаулап, нәтижелі емдеу әдістерін жасайтын боламыз. Бұл халық ортасында туберкулездің тез таралуына тосқауыл болады. Бұрын біз Bactec-Mgit – 960 аппараты арқылы науқаста туберкулездің бар-жоқтығын 7 мен 28 күн аралығында анықтайтынбыз. Кейін Hain-test аппаратын алдық, ол екі күнде анықтап бере алатын еді. Енді соңғы енгізіліп отырған GeneXpert қондырғысы туберкулезді екі сағатта айқындап береді. Демек, бұл аппарат еліміздегі туберкулездің эпидемиологиялық ахуалын жақсарта түсуге көмектеседі деп күтудеміз. Сондай-ақ бұл аппаратты тек туберкулезді ғана емес, онкологиялық, басқа да Вич, СПИД секілді инфекциялық ауруларды анықтауға да бейімдеуге болады. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл қондырғының нәтижелілігін тексергеннен кейін республикамыздағы басқа да емдеу мекемелеріне енгізу жоспарымызда бар.
Қорыта айтар болсақ, елімізде туберкулезге қарсы іс-шаралар өзінің оңды нәтижесін беруде. Мәселен, 2000 жылдармен салыстыратын болсақ, қазір туберкулезбен алғашқы науқастану екі есеге төмендеген. Ал өлім көрсеткіші 2002 жылмен сараласақ, үш есе, 1995 жылмен таразылап көргенде бес есеге азайған. Мұның барлығы – мемлекеттік қамқорлықтың әрі қолға алынған бағдарламаның дұрыс бағытта жүргізілгендігінің нақты айғағы. Қазақстанда туберкулезге қарсы күрес жүргізу «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі екендігін көрсетеді.