Түркінің төл жазуын неге төбемізге көтере құрметтемейміз?

Түркінің төл жазуын неге төбемізге көтере құрметтемейміз?

Әлемдік өркениеттің ұлы мұрасы, түркілердің асыл қазынасы саналатын көне жазу үлгілерін мемлекеттік деңгейде құрметтеу бұған дейін де талай айтылған. Руна немесе сына жазуының күнін жыл сайын өткізіп тұру жөніндегі ұсынысты Үкімет те осыдан үш жыл бұрын құптаған-ды. Алайда құр құптаудан ештеңе шыққан емес, нақты шара да жүзеге асырылған жоқ. Кеше Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысына үшбу хат жолдаған депутат Алдан Смайыл әлгі мәселені қайта қозғап, Премьерден үлкен үміт күтетінін жеткізді.
Бүкіл түркі дүниесі үшін аса қажетті әрі өзекті мәселе туралы баяндаған депутат Алдан Смайыл сонау сақ заманынан басталған түркі жазба мәдениетінің тарихы бай әрі таңғаларлық екеніне тоқталды.
«568 жылы Константинопольге Юстиннің сарайына келген Соғда елшісі Маниах қағанның сәлемін жазба түрінде жеткізген. Бұл жазу «скиф жазбасы» делінеді. Византия тарихшысы Менандр осылай атаған. Ал Таспара қағанға 572-581 жылдары орнатылған тас қорғандағы жазу – Бұғыты жазбасы делінеді. Санскрит түріндегі әріп­термен Түрік қағанатының алғашқы 30 жылдың ішіндегі оқиғалары баяндалады. Қытайға, Иран мен Византияға белгілі елшілер мен лауазымды қызметшілер жайлы әңгімелейді. Тағы бір әліпби мен будданы насихаттайтын «Нирвана – Сура» аударылып берілген. Осы көне әліпбилердің ішінде бізге көбірек белгілісі – руна немесе сына жазуы. Оның тарихы VІІ ғасырға сәйкес келеді. 37-38 әріптен тұратын бұл жазу түркі фонетикасына барын­ша үйлесімді болды», – деп түркі тәбәрігінің тарихына үңіледі депутат. Оның айтуынша, ХVІІ ғасырда І Петр қызметінде болған неміс ғалымы Д.Миссершмид Енесей өзенінің бойынан тапқан тағы бір руна-сына жазуы Скандинавия­ның көне жазуына ұқсас болатын. 1889 жылы дәл осындай жазуды орыс ғалымы Н.М.Ядринцев Солтүстік Моңғолия­дағы Орхон өзенінің аңғарынан тапты. Биік қаракөк тастағы жазу түркологтерді таңғалдырды. Талайлар қызыға зерттеді, бірақ кілтін таба алмады. Бағзы жазудың сырын дат ғалымы В.Томсен ашты. Оның оқып анықтаған мәтінін академик В.Радлов 1894 жылы орыс тіліне аударып, латын әліппесімен берді. Тағы бір түрколог, әлемге мәшһүр Бартольд осы сына жазуын ғаламдық мәдениеттің жоғары сатысына да теңепті. Айтуынша, осынау жазудың кең тарағаны сонша – 150-ден астам ескерткіште кездеседі екен.
Сосын сөз арасында Алдан Зейноллаұлы талай жыл­дар­дан бері Ресей және басқа да сол тектес мемлекеттер славян жазуының күнін бүкілхалықтық ауқымда атап өтіп жатқанын, жай ғана атамай, әлемге славян мәдениетінің ұлылығын дәлелдеуді осылай дәстүрге айналдырғанын айтады.
Армян халқы да әлі күнге қолданыс­тағы көне әліпбиінің әр әрпін алтыннан құйып, шіркеуде сақтап отырғанын тілге тиек етеді. «Ал біз ше? Кириллицадан да көне, кейбір білікті түркологтер анық­тағанын­дай, грек-славян әліпбиіне негіз болған руна – сына жазуын мемлекеттік деңгейде қастерлей алмай келеміз. Оны мектептен оқып-білу де терең ойластырылмаған. Мұндай самарқаулық – рухани саладағы елеулі олқылық», – дей келе, депутат Қазақстан Республикасында сына жазуы күнін жыл сайын атап өту аса маңызды ұлттық қажеттілік екенін баса айтты.
«Біз осыған қол жеткізіп, содан кейін Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастығы жөніндегі кеңес, Халықаралық Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ секілді бе­делді ұйымдар мен ғылыми орталықтар арқылы бүкіл түркі жұртының бірігіп өткізуіне ұйытқы болсақ, төл әліпбиіміздің, руна-сына жазуының әлемдік маңызы арта түсер еді», – дейді ол.

Тарихи-мәдени мұраларды бүлдіргендер қатаң жазалануы тиіс
Мәдениетке қатысты тағы бір мәселені депутат Гүлнәр Сейітмағанбетова көтерді. Депутат тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау және қорғау ісінде елеулі олқы­лықтар орын алып отырғанын, мемлекеттік уәкілетті органның тарапынан күні бүгінге дейін кейбір нормативтік-құқықтық құжаттар қабылданбай отыр­ғанын алға тартады. «Соның салдарынан, шаруашы­лық-өндірістік мақсатта жер игеру бары­сында, археологиялық зерт­теулер жүргізу ісінде, сәулет ескерт­кіштерін қалпына келтіруде ортақ стандарттар болмай, әркім өз білгенін істеп жатыр. Мұның бәрі сайып келгенде ескерткіштердің бүлінуіне, сақталмауына соқтыруда», – дейді Гүлнәр Сүлеймен­қызы.
Мәдени мұраларды әспеттеп, оны барынша күтіп ұстаудағы проблемалар мұнымен де бітіп отырған жоқ. Ондай тағы бір көкейтесті мәселе – ежелден келе жатқан ескерткіштерге зиянкестік жасап, сақталуына қауіп төндірген, ескерткішті заңсыз пайдаланған жекелеген адамдар мен лауазымды тұлғаларды жауап­кершілікке тартудың әлсіздігі. «Мәдени мұраларға орны толмас зиян жасағандар­дың көпшілігі «қылмыстық әрекет құрамы табылмағандықтан», әкімшілік жауапкер­шілікке ғана тартылып жатқаны, болса да қолданатын шара азғантай айыппұлмен шектелетіні жасырын емес. Яғни мұраны бұзушы­лардың оңай құтылып, жауап­кершілікті еш сезінер емес. Сондықтан тарихи-мәдени ескерткіштерді күйрету, оларға күйреу қаупін төндіру, күтіп-ұсталу ережелерін, реттелетін құрылыс аймағын және табиғи ландшафт аймағының пайдалану режимін бұзғандарға қолда­нылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларын қатайту керек», – дейді депутат Гүлнәр Сүлейменқызы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста