Түркістан облысында волонтер ауыл әкімі болып сайланды
Түркістан облысында ерікті болып қызмет атқарған азамат Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылдық округінің әкімі болып сайланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жүйнек ауылдық округінде өткен сайлауда дауыс берушілерге екі кандидат ұсынылды. Бірі – өзін-өзі ұсынған Әзімхан Омаров болса, екіншісі "Amanat" партиясының атынан түскен Төребай Әбдікәрімов. Сайлаушылардың басым бөлігі ерікті қызметін атқарып, елдің ыстық ықыласына бөленген Төребай Әбдікәрімовты қолдап дауыс берген.
"Құрамына үш елді мекен енетін Жүйнек ауылдық округінде 11 мыңнан астам тұрғын бар. Оның ішінде 5 500-і сайлауда дауыс беруге құқылы. Үш сайлау учаскесінде 23 комиссия мүшесі жұмыс істеді. Ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасады. Қарсыласымнан 500-ге жуық дауыс артық жинадым. Енді алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Сайлаушылардың маған артқан сенімін ақтау жолында бар күш-жігерімді жұмсаймын!" – дейді ол.
Сайлауалды бағдарламасына сәйкес ауыл әкімі көшелер мен жолдарды күтіп ұстау, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту секілді жұмыстарды атқаруды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, Төребай Әбдікәрімов 2018 жылдан бастап ерікті болып еңбек етіп келеді. "Харекет" қайырымдылық қорының Түркістан облысындағы өңір басшысы қызметін атқарған. Ал, 2020 жылдан бастап "Asar" Түркістан еріктілер тобы қоғамдық бірлестігін құрып, өңірдегі көптеген игі істердің атқарылуына үлес қосты. Елдегі карантин тұсында блок-бекеттерде сақтық шараларын қатаң сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тегін бетперделер таратты. Мақтаарал ауданын су басқанда және Арыстағы апат кезінде жастарды біріктірді. Қираған үйлерді қайта қалпына келтіру істеріне үлес қосты. Түркістан қаласында өрттен зардап шеккен отбасыларға үй салу шарасын ұйымдастырды.
Төребай Әбдікәрімовтің еріктілік еңбегі жоғары бағаланып, Президенттің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы Жарлығы бойынша "Халық алғысы" медалімен және Алғыс хатымен марапатталған.