Түркістан облысының полицейлері зейнет жасына жеткен әріптестерін құрметпен шығарып салды
Үлкенге құрмет көрсету – басты парызымыз десек, қарттарымыздың жүріп өткен жолдары, тәжірибелері мен кеңестері барлығымыз үшін үлкен өнеге. Оның ішінде ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қаматамасыз етуде ішкі істер саласында абыройлы қызмет еткен білікті полицейлердің еңбектері ерен. Осындай парасатты полицейдің бірі, талай қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді анықтауда аянбай қызмет атқарған Мейрамалы Үшкенұлы Сұлтаналиев. 30 жылдан астам уақытын қиын да қауіпті салаға арнаған полиция полковнигі, бүгінде құрметті зейнеткерлік демалысқа шығуда.
Айта кетсек, полиция полковнигі Мейрамалы Сұлтаналиев Түркістан облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары лауазымында абыройлы қызмет етті. Жеке құрам әріптестерін құрметті зейнеткерлік демалысқа шығу рәсімін ұйымдастырды.
Мейрамалы Сұлтаналиев ішкі істер органдарындағы қызмет жолын 1991 жылы бастаған. Ал жедел-криминалистикалық қызметте 2006 жылдан бері 17 жыл бойы еңбек етіп, көптеген ауыр, аса ауыр қылмыстардың, оның ішінде «қасақана кісі өлтіру» фактілерінің де ізін суытпай ашуға үлкен үлесін қосқан.
Өз кезегінде Мейрамалы Үшкенұлы өзінің қызметтік жолын өкшелеп келе жатқан криминалист-мамандарға «Ұстамды, сабырлы әрі дамыған заманда әрдайым ізденісте болыңдар. Қызметтеріңе сәттілік тілей отырып, маған жасап жатқан құрметтеріңізге алғысымды айтамын!»-деп атап өтті.
Ал жеке құрам зейнет жасына абыроймен жеткен полицейге мықты денсаулық, перзенттерінің алдында әдемі қартаюды тіледі.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі