Украинадағы атыстан кейін Запорожье атом электр станциясында өрт шықты
Бұған дейін Энергодар қаласының мэрі Дмитрий Орлов Запорожье АЭС-не тоқтаусыз оқ атылып, салдарынан маңындағы ғимарат пен блоктарда өрт шыққанын мәлімдеген.
Украинадағы Запорожье атом электр станциясында атыс салдарынан өрт шықты. Облыстық әкімшілік басшысы Александр Старухтың сөзінше, станция аумағына өрт сөндірушілер кіргізілген, алайда жағдай әлі де қиын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін Энергодар қаласының мэрі Дмитрий Орлов Запорожье АЭС-не тоқтаусыз оқ атылып, салдарынан маңындағы ғимарат пен блоктарда өрт шыққанын мәлімдеген. Ал бейсенбі күні ресейлік танктер АЭС аумағына кіріп, станцияны бақылауына алмақ болған. Алайда тұрғындар мен жұмысшылар жиналып, станцияға апаратын жолды жапқан.
Запорожье атом электр станциясының жұмысшысы бейнеүндеу жариялап, ресейлік әскерилердің станцияға қарай оқ жаудырғанын жеткізген.
"Назар аударыңыздар! Ресей Федерациясының техникасы Запорожье АЭС-не қарсы оқ атуда. Еуропаның ең ірі электр станцияларының біріне ядролық қауіп төніп тұр. Ауыр техникадан оқ атуды доғаруларын талап етеміз", - деген станция жұмысшысы.
Ал Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Еуропаның ірі атом электр станциясына барлық жақтан оқ атылғанын мәлімдеген еді.
"Өрт басталды. Егер жарылса, Чернобыльден 10 есеге үлкен болмақ. Ресей тез арада оқ атуды тоқтатып, аймақта қауіпсіздік орнатылуы керек", - деді сыртқы істер министрі.
Хабарланғандай, атыс сладарынан өртті ауыздықтау мүмкін болмаған.
Расталмаған деректерге сүйенсек, снарядтардың бірі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірінші қуат блогына тиген. Алайда блоктан ядролық жанармай шығарылмаған. Ал келесі хабарламада өрттің станция аумағындағы оқу-жаттығу корпусында басталғаны айтылған.
4 наурызда таңғы 04:00-де Запорожск АЭС-і баспасөз хатшысы Андрий Туз атыстың тоқтағанын мәлімдеді.
"Блок және өзге де ғимараттар бомбаланды. Қазір ақпарат нақтылануда, бір нәрсе айтуға ерте. Станцияға қарай ресейлік әскерилер мінген ақ көлік бет алды. Қазір олардың әрі қарай қалай әрекет ететіндерін анықтап жатырмыз", - деді Андрий Туз.
"Салдары өте ауыр"
Владимир Зеленский Еуропа көшбасшылары, Джо Байден және МАГАТЭ ұйымының басшысы Рафаэль Гроссимен байланысқа шыққанын хабарлады.
"Еуропа қазір оянуы керек. Еуропаның ең ірі атом станцияларының бірі өртенді, қазір станцияға қарай оқ жаудыруда. Бұл – тепловизормен жабдықталған танктер, яғни қандай нысанға оқ атқандарын біледі. Олар алдын ала дайындалған", - деді Украина президенті.
"Станцияда 6 қуат блогы бар. Ал Чернобыльде тек 1 қуат блогы жарылған", - деп ескертті Зеленский.
Сәрсенбі күні Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттік директоры Рафаэль Гросси Энергодар маңындағы әскерилерді Запорожье АЭС-і маңында атыс жүргізбеуге шақырған. Ол атом электр станцияларына қауіп төнбеу керегін ескертті.
"Әскери жанжал салдарынан болған кез келген төтенше жағдайдың Украина және басқа елдер үшін салдары ауыр болады", - деді Гросси.