«Үлгілі ене» анықталды
Ең үлгілі ене Алматы облысының Қарасай ауданында тұрады. Аудан мектептерінің бірінде ұстаздық ететін Нұршайым Қосбаеваны мұндай атқа лайық деп облыстық ардагерлер кеңесі таныған екен. Облыс бойынша өткізілген енелер сайысында бас жүлдені иеленіп, үздік өнер көрсеткен Нұршайым Қосбаева – екі ұлдың анасы. 30 жылдық ұстаздық тәжірибесі бар ана қос келінін де жақсы тәрбиелеп, шаңырағының тірегі болып отыр.
Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ардақ Сыдықтың айтуынша, облыстың 19 аудан-қаласын қамти отырып өткізілген енелер сайысының басты мақсаты – отбасының бірлігін сақтау, халықтың демографиялық өсіміне ықпал ету, ене мен келіннің арасындағы сыйластықты бекемдеу.
Байқауға қатысушылар ұлттық салт-дәстүрді білуден жарысқа түсіп, өз отбасы, ұл-келіндері, немерелері туралы баяндады. Отбасылық тәрбие туралы сұрақтарға жауап беріп, шығармашылық бейімділіктерін байқатты. «Үлгілі ене» байқауында Ақсу, Алакөл, Талғар аудандарының қатысушылары да жүлделі орындарға ие болды.