Үлгілі шаңырақ иелері шақырылды
Елімізде тұңғыш рет аталып өткен Отбасы күніне орай Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов Талдықорған қаласында өңірдегі бірқатар үлгілі отбасыларды қабылдап, облыс әкімінің атынан құттықтады. Амандық Баталов өз сөзінде бірқатар статистикалық деректер келтірді.
Облыста 440 мың отбасы болса, соның 333 мыңы ауылда, 107-сі қалада тұрады. Отбасында орта есеппен төрт адамнан бар. Тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасыларды қолдауға бөлінетін қаржының мөлшері де өңірде жылдан жылға артып отыр. Үстіміздегі жылы бүгінге дейін мыңға жуық отбасына 84,2 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек, 13294 отбасына 392,8 млн теңгеге жәрдемақы төленген. Сол сияқты облыс әкімінің гранты бойынша тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан 379 студент жоғары және орта оқу орындарында тегін білім алуда.
Кездесуге келгендердің қатарында отасқандарына 70 жылға жуықтаған ата-апалар мен жаңадан шаңырақ көтерген жастар, отбасылық үлгідегі балалар үйлерінің ата-аналары, спортшылар мен дәрігерлер әулеттері де бар. Бұл салтанатты қабылдау отбасындағы ұрпақтар сабақтастығын паш етті. Мәселен, жақында «Гауһар тойын» атап өткен Дүйсенбай ақсақал мен Ләйлә апа үйелмелі-сүйелмелі үлкен әулеттің басы болып отыр. Шаңырақтарындағы сегіз баланың әрқайсысы бүгінде өз алдына отау құрып, алды шөбере сүйіп те үлгерген. Ұйымдастырушылар осындай берекелі шаңырақ иелерін кейінгі жастарға үлгі етіп, қабылдауға арнайы шақырғандарын айтады.
Ал «Айналайын» балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін жүрек қалауымен бас қосқан Айдос пен Дана Байдалиевтер де облыс басшылығының қабылдауында болып, өз ізгі тілектерін жеткізді.
Жиын соңында қонақтарға естелік сыйлықтар тарту етілді.
Айдос БАЙДАЛИЕВ, жас отағасы:
– Мен көзімді ашқалы балалар үйінде тәрбиелендім. Отбасым болса, ата-ананың жылуын көрсем деп армандап өстім. Енді өзім тартқан сол жан азабын балаларым көрмесе екен деймін. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің растығына көзім жетіп келеді. Қазір І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде білім алып жүрмін. Сонымен қатар жұмыс та істеймін. Үйге қалжырап шаршап оралғанда алдымнан күліп шыққан қызымды көргенде барлық қиындықты, шаршағанымды ұмытып кетемін. Балаларымның болашағы үшін өмірдің қандай қиындығына болса да төтеп беруге әзірмін.