Ұстаздар жаңалыққа шөлдеп жүр
Бұл аптада Назарбаев зияткерлік мектептері жанынан құрылған Педагогикалық шеберлік орталығының тыңдаушылары үшін қарбалас өмір басталды.
Біз, білім берудің жаңа тәсілдерін меңгеруге ұмтылған Алматы қаласының бір топ мұғалімдері, үш айлық курстың тыңдаушысы ретінде екінші «Бетпе-бет» мектептегі іс-тәжірибемізді бастадық. Курста білген-түйгенімізді мектебімізге барып, ұжымымызбен бөлісуге, семинар өткізуге асықтық.
Ең алғашқы семинарды Жанерке Мұқанова Алматыдағы қазақ-түрік лицейінде өткізді. Семинарға 12 адам қатысты. Және қолдау көрсету мақсатында өзіміздің топтан жеті тыңдаушы бардық. Тренеріміз Ғалия Толықбаеваның берген ресурстары семинарда орынды қолданылды. Маған семинарда ұнағаны – кері байланыс. Әр адамның алдына таратылып берген қағаздарға «семинарға дейінгі», «семинардан кейінгі көңіл күйіңіз» деп жазылып, оған әртүрлі көңіл күйдегі смайликтер берілуі қатысушыларға да ұнады деп ойлаймын. Одан кейін өзім де №74 жалпы білім беретін мектепте семинар өткіздім. «Әлем жылдам өзгеруде» атты тақырыпты негізге ала отырып, «Мен қалай өзгеремін?» деген сұрақ төңірегінде ой өрбіттім. Мені қолдауға тобымыздан №31 мектептің мұғалімі Гүлназ Бектұрғанова мен №59 мектептің мұғалімі Меруерт Байтенова келді. Семинарға 34 мұғалім қатысты. Курста жасаған жұмыстарымыз жайлы сапалы деректер көрсете отырып, курс мазмұнын нақты ашуға тырыстым. Соңында Эдуард де Бононың «алты шляпасын» алты адамға таңдатып кидіріп, «осы шляпалардың сырын білгіңіз келе ме, онда коучинг сессиясына келіңіз» деп ой тастадым. Коучинг сессияға алты емес, 16 мұғалім, тәлім алушы болуға үш мұғалім ұсыныс жасады. Сондықтан да педагогикалық шеберлік орталығының Алматы қаласы филиалы ұйымдастырып отырған курсқа алғысымыз шексіз.