WhatsApp-тың арқасында жасырын казино анықталды
Астана тұрғындарының бірі WhatsApp арқылы арыз түсірген соң, елордада жасырын жұмыс істеген ойынхана анықталған. Бұл туралы Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің жетекшісі Әбілқайыр Ысқақов мәлім етті.
Айта кетейік, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин телефонның WhatsApp қосымшасы арқылы экономикалық қылмыстар туралы ақпарат беруге болатынын хабарлаған еді.
«Осы жылдың тамыз айында Мемлекеттік кірістер комитетінің телефонына WhatsApp арқылы бір казино туралы ақпарат келді. Қаланың қақ ортасында орналасқан казиноның жасырын аумағы шамаланып, жедел жоспар құрылды. Заң бойынша олар Бурабай және Қапшағай қалаларында ғана қызмет ете алады. Осылайша, ұялы телефонның көмегімен Астанада жасырын ойынхананың жұмысы тоқтатылды»,-дейді Ә.Ысқақов.
Жалпы, Ә.Ысқақовтың ақпаратына сүйенсек, Астана қаласының мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты экономикалық тергеу қызметі биыл 3 жасырын және интернет арқылы жұмыс істеген 23 казиноның қызметіне тұсау салған. «Осы заңсыз ойынханалардан барлығы 131 автомат, 179 компьютер мен құмар ойынға шақыратын өзге де заттар тәркіленген. Жалпы, 1,4 млн қолма-қол ақша табылып, дәлел ретінде тәркіленді»,-дейді Ә.Ысқақов.