Халық қамын кейінге ысырып қойған құқық қорғаушыларға деген ел сенімін қайтсек көтереміз?

Халық қамын кейінге ысырып қойған құқық қорғаушыларға деген ел  сенімін қайтсек көтереміз?

Қазақстан халқының басым бөлігі құқық қорғау органдарына сенбейді. Себебі олар жеке бастың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіріп, заңсыз әрекеттерге барып жатады. Ал адам өлтірген кейбір қыл­мыс­керлер ақталып, бостандыққа шығып жүр. Осының бәрі - еліміздегі құқық қорғау органдары арасындағы жүйесіз жұмыстың нәтижесі. Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте бас прокурор Асхат Дауылбаев осы шикі жұмыстың кейбір тұстарын ашып берді.     
Кеңес жұмысы Алматыдағы ұшақ апатынан қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан бастал­ды. Осыған байланысты Пре­зи­дент қаңтардың 31-ін Жалпы ұлттық аза тұту күні ретінде жариялағанын жет­кізді.  «Бүгінде арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары жүр­гізі­ліп жатыр. Ол қайтыс болғандардың туған-туыста­рына тиісті көмек көрсе­тетін бола­ды», – деді Н.Назар­баев. Мемле­кет басшысы атап көрсеткендей, қазір­гі кезде мемлекеттің барлық бастама­сын іске асыру үшін құқық қор­ғау және қауіп­сіздік мәсе­лелерін жіті бақы­лауда ұстау қажет. «Сондықтан біз құ­қық қорғау саласының барлық бас­шысын жинап отыр­мыз. Олар­дың барлығы – аттес­та­циядан өткен кәсі­би мамандар. Мен тағы бір мәрте еске саламын, тұрақ­ты­лық және ұлттық қауіпсіздік бар­лық жоспар­ды іске асырудың негізі болып саналады. Сондықтан бүгінде біз құқық қорғау саласы бойынша атқа­рыл­ған жұмысқа сын­дарлы көзқараспен қарап, оның проб­ле­ма­лары мен даму жолдарын анықтап алуымыз қажет», – деп атап өтті Елбасы. Президенттің осы сөзінен кейін бас проку­рор Асхат Дауылбаев ішкі істер, кеден, қаржы полициясы, тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмы­сына қатысты кейбір «сыни» фактілерді жария етті.
Халықтың 60 пайызы құқық қорғаушыларға сенбейді
Бас прокурордың хабарлауынша, бүгінде қазақ­стан­дықтардың басым бөлігі құқық қорғау орган­дарына сен­бей отыр.  Оның бірнеше себебі бар. «Біріншіден, бүгінде қазақ­стан­дықтар құқық қорғаушылардың қызметін жеке бастың қауіпсіздік деңгейімен баға­лайды. Ал полицейлер өз еңбектерін жоғары жаққа беретін есеппен еселеп, халықтың қамын кейінге ысырып оты­ра­ды. Қыл­мыс­тан зардап шеккен аза­мат­тар өтемақы аламын десе, қағаз­басты жұмысқа, содан соң сот атқару сала­сының сапа­сыз қыз­ме­тіне тап болып жатады. Әлеуметтік сауал­нама көрсетіп отыр­ғандай, алма­ты­лық­тардың 60 пайызы құқық қорғау ор­ган­дарының қаладағы тәртіп пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ете алатындығына сенбей­ді. Алматы қала­сында  тіркелген 52 мың қыл­мыстың 34,5 мыңы немесе 66 пайызы ұрлыққа тиесілі. Ал ол қыл­мыс­тар­дың ашылуы небәрі 10 пайызды құрайды. Демек, 31 мыңнан астам алматылық полиция жұмысына қа­нағат­танбай қалды. Ондай азамат­тар­дың саны әлде­қайда көп. Себебі бүгін­де зардап шеккендердің жартысынан көбі полицияның қызметіне жүгінбей, құқық қорғау органдарымен мүлдем байланысқа түспеуді қалайды. Өйткені сенім жоқ. Ондай жағдай респуб­ли­каның басқа да аймақтарында тіркеліп отыр», – дейді А.Дауылбаев. Осыған бай­­ла­нысты бас прокурор құқық қорғау органдарының қызметін есеп-қисаппен емес, халықтың сенім деңгейі­мен бағалау қажет деп отыр.

Адам өлтірген қылмыскерлер бостандықта жүр
Ел сенімін бұзған тағы бір себеп бар. Бүгінде халық әділ сотқа сенбейді. Өйткені сот актілерінің басым бөлігі орындалмай жатады. Ал сот даулары бірнеше жылға созылып кетеді. Соңғы бес жылдың ішінде ондай істердің саны 30 пайызға өсіп, 1 миллионнан астам қазақстандықтардың басын қатырып жүр. «Соттар қылмыс­кер­лерді негізсіз ақтап отырады. Үш жылдың ішінде прокурор­лардың наразылығы бойынша 71 азаматқа қатысты заңсыз негізсіз ақтау үкімдеріне тыйым салынды. 2011 жылы Астана қаласының соты кісі өлтіру фактісі бойынша айыпталған Бота­баев­ты ақтап шықты. Прокурорлардың барлық наразылықтары кері қайтарылды. Ал бір жыл өтпей, Ботабаев Іле Алатауы ұлттық паркінде адамдарды жаппай өлтірген экстремистік топтың құрамынан бір-ақ шықты. Қазіргі кезде оған іздеу жарияланды. Сонда судьялардың ешқай­сы­сы жауапкершілікке тартылған жоқ», – дейді Бас прокурор. «Сонда ол кісі өлтіріп сотталмаған ба?», – деп Н.Назарбаев та өз таңданысын жасыра алмады. «Иә, оның қылмысы дәленденсе де, ол тиісті жазаға тартылған жоқ», – деп жауап берді бас про­курор. Президент Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаровты тұрғызып: «Бектас, осындай жағдайлар бойынша өз араларыңда ашық тексерулер жүргізулерің керек. Соған қатысқан адамдардың бар­лы­ғын анықтау қажет. Енді кісі өлтірген адамды (Ботабаевты – авт.) жайдан-жай босатқан жоқ қой?! Ақшаға босатты неме­се басқа бір таныстары арқылы шықты ма? Басыннан-аяғына дейін барлығын жұмыс­тан неге қуып шықпадыңдар? Бұл мәселені халыққа неге айтпадыңдар?», – деп сұра­ғанда, Б.Бекназаров оның барлығын алқабилер сотына жапқандай болды. Оған Президент: «Ондай алқабилердің қажеті қанша?», – деп өз өкпе-назын білдірді. 
Сот орындаушылардың қызметі де сын көтер­мейді. Бүгінде олар 500 мыңға жуық сот құжаттарын аяғына дейін жеткізе алмай, 2 трлн теңге көлеміндегі айыппұл­дың тек 5 пайызын ғана өндіріп алды. 
Заңды белден басқан полицейлер көпшіліктің алдында жазалануы тиіс
Құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің өздері заңсыз әрекеттерге барып, осы саланың мәртебесіне нұқсан келтіріп отыр. Ондай полицейлер қызметтік этика нор­­маларын сақтамай, қарапайым мәде­ниет­тен де аттап жатады. Мәселен, Шым­кент қаласында жол полициясының қыз­меткері Мамедов ешбір себепсіз бір көлік жүргізушісін тоқтатты. Ал оның заң­сыз әрекетін ұялы телефонға түсіріп жат­қанын көрген кезде, Мамедов және әріптестері көліктің артқы нөмірін шешіп алып, мемлекеттік тіркеу нөмірсіз көлік мінгені үшін хаттама толтырды. Онымен қоймай, өз погондарын жыртып, полиция қыз­мет­керіне шабуыл жасады деген айып тағуға әрекет жасаған. Деген­мен сол жерде орналасқан бейне­ба­қы­лау­дың арқасында құқық қорғау­шы­лардың заңсыз қызметі әшкереленіп, қылмыстық іс қозғалды. Мұны естіген Н.Назар­баев шыдай алмай: «Осыдан кейін қандай сенім туралы айтуға болады? Полиция ел азаматтарына қызмет етіп, көмек көрсету үшін жұмысқа алы­на­ды. Меніңше, жас қызметкерлерді дұ­рыс­тап тұрып тәрбиелеу керек. Қазір жастар қалтасына «қызыл корочка» салып алып, тайраңдап жүреді. Оларға жалақыны кім төлеп отыр? Халық қой! Неге тиісті тәр­биелік жұмыстар жүргізілмейді? Неге ондай адамдарды көпшілік алдында жаза­ламайсыздар?! Олар халықтың құқық­та­рын қорғау үшін қызметке алынды. Поли­ция­ға 4 мың адам қосып бердік. Енді не жетіспейді?», – деді Президент үндемей тұрған ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовқа.
Қамауға түскен азаматтарға зорлық-зомбылық көрсету деңгейі де жоғары болып тұр. Өткен жылы ондай 602 арыз-шағым түсті. Алайда тек 27 қылмыстық іс қана қозғалды.
Қылмыстарды ашу көрсеткіші төмен
Құқық қорғау саласында сыбайлас жем­қорлықтың өршіп тұрғанын халық жақ­сы біледі. Егер 2010 жылы 356 жем­қорлық оқиғасы тіркелсе, ағымдағы жылы ондай қылмыстардың саны 450-ге дейін жетті. «Ондай істерге Жоғарғы сот, Кеден комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен проку­ратураның жоғары шенді тұлғаларының қатысы бар екені анықталып, халық арасында үлкен резонанс туғызды», – дейді А.Дауылбаев. 
Құқық қорғау саласының тағы бір шикі тұсы – бүгінгі лаңкестік пен экстремистік қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайын емес болуы. Оның да өзіндік себептері бар. Біріншіден, тиісті болжам-талдамалы жұ­мыс­тың жоқтығы. Екіншіден, құқық қор­ғаушылардың кәсіби дайындығы төмен. Үшіншіден, материалдық-техни­калық база халықаралық стандарттарға сай кел­мейді.
Бұдан басқа, қылмыстарды ашу жағы таяз болып тұр. Мәселен, адам өлтіру бойынша 4 мың қылмыстың 52-сі – 2010 жылы, 41-і – 2011 жылы ашылса, ал 2012 жы­лы оның саны 38-ге түсіп кетті. Ал тер­геу­шілер тек жұмыстың көлемін ұлғайтып, есеп берумен отыр. Мәселен, Астанадағы құқық қорғаушылардың бірі есірткі затын алты рет өзі сатып алып, алты қылмыстық іс қозғады. Қаржы полициясы да осы әдісті ұстанып, бірнеше адамға пара беру ар­қы­лы қылмыстық істерді көбейтіп жатыр. «Ал Кеден комитетінің  бұрынғы және қазіргі басшылығы жедел іздестіру жұмыстарын сәтсіздікке ұшыратты. Осыдан сегіз жыл бұрын кеденге  заңнамамен жедел іздес­ті­ру өкілеттігі берілген. Комитеттің  бұрынғы және қазіргі басшылығы бұл жұмыстарды сәтсіздікке ұшыратқанын уақыт көрсетті. Өткен жылы тек 20 ғана арнайы іс-шара жүргізілген.  Дәл осымен кеден қыз­мет­кер­ле­рін ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелерімен біте қайнасып кеткендігін түсіндіруге болады. Оған «Қорғас» кедені де айқын дәлел», – дейді А. Дауылбаев.
Мекемеаралық текетірес жойылды. Бұл – басты жетістік
Бас прокурордың хабарлауынша, соңғы екі жарым жылдың ішінде құқық қорғау органдарының «ішкі қақтығыстары» тоқтатылды. Бұл негізгі жетістіктердің бірі болып саналады. «Себебі ұзақ жылдар бойы күш-қуат органдарының мекеме­ара­лық текетіресі мен бәсекесі біздің ортақ ісімізге үлкен зиян келтірген. Заңнама аясында қызметтік міндеттемелерді рет­теп,  үйлестіру кеңесінің рөлін күшей­тудің арқасында құқық қорғау жүйесі қалыпты жұмыс істей бастады. Қылмыс­тарды есепке алып, тіркеу мәселесі бір жолға қойылды», – дейді А.Дауылбаев.  Осының нәтижесінде өткен жылы республика бойынша тіркелген қылмыстың саны 39 пайызға өсіп, бүгінде 288 мыңға дейін жетті. Бас прокурордың айтуынша, қылмыстарды дер кезінде тір­кеп, нақты статистика жүргізудің арқа­сын­да осы саладағы ашық «картинаны» қа­лып­тас­тыруға болады. Аттестация 100 мың қызмет­кердің 16 мыңын қысқартып, кәсі­би мамандарды қалдыруға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы құқық тәртібін сақтайтын барлық органдарға жұмыстың әрбір бағыты бойынша ауқымды міндет­тер­ді анықтап, бір ай ішінде кеңейтілген алқа өткізуді тапсырды. Онда ұлттық қауіп­сіз­діктің бейіндік саласын жаңғыртудың нақты жоспары бекітілуі шарт. Қылмыстық істер жөніндегі сот өндірісін реформалау да аса маңызды. Негізгі міндеттердің бірі – сот жүйесі мен құқық қорғау органдары қыз­метінің мүлде  жаңа құқықтық кеңістігін қалыптастыру. «Қазақстан–2050» страте­гиясында биыл Парламентке төрт жаңа базалық кодексті – Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-атқарушылық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті әзірлеп, енгізу міндеті қойылған. Оларда сот өндірісінің жаңа конфи­гура­циясын, құқық қорғау жүйесінің азаматтар құқықтары мен мүдделеріне тікелей қатысты барлық тармағының өкілеттігі мен құрылымын анықтаған жөн.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаһан­дық және өңірлік ахуалдың трендтерін ескере отырып, Қазақстанның сыртқы шебін қорғау жөніндегі кешенді шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталып,  шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орнықтырудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеуді тап­сырды. Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы сын-қатерлерді ескере келе, мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қарулы Күштердің рөлін күшейту маңызды екендігін жеткізді. Осыған орай Қорғаныс министрлігіне Қазақ­стандағы ішкі ахуал тұрақтылығын бұзу әрекеттеріне қарсы күреске пайда­лануға болатын Қарулы Күштердің барлық мүмкіндіктерін тағы да талдаудан өткізу міндеті жүктелді.
«Менің тапсырмам бойынша қазір Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірле­ніп жатыр. Оны тек діни экстремизм мен терроризммен байланысты қауіпке ғана бағыттау дұрыс болмас деп санаймын. Ол бес-алты жылға есептелген барынша кең қолданылатын құжат болуға тиіс. Терро­риз­мге қарсы күрестің тиімділігінің басты өлшемі – террорлық оқиғалардың мүлдем болмауы, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңесті қорытындылай келе, Н.Назар­баев құқық қорғау саласындағы кадр саяса­тының тұжырымдамасын әлемдік стандарттарға сай етіп, Президент Әкім­шілігі жанынан Құқық қорғау орган­да­рының кадр саясаты жөніндегі комиссия  құруды, аттестаттау жүйесін жетілдіру және оның жыл сайын өткізілуін ескеруді тапсыр­ды. «Бұл міндеттерді іске асыру үшін  құқық қорғау органдарының ресурс­тары мен тәжірибесі жеткілікті. Менің әрбір тапсырмамды қойылған міндет­тердің стратегиялық маңыз­ды­лығына сәйкес орындау қатаң талап етіледі, – деді Мемлекет басшысы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста