ХҚТУ-дың 400 студенті Түркияның және Еуропаның үздік 25 ЖОО-на жолдама алды
16-қыркүйек күні Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Мәулана, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 400 студентті шығарып салу салтанатты рәсімі өтеді. Студенттер шетелдің беделді 25 оқу орындарында 1 жыл бойы білім алатын болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада өткен Түркі Кеңесінің V саммитінде сөйлеген сөзінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін Түркі әлемінің ортақ оқу орнына айналдыруды ұсынған болатын.
Қазіргі таңда Ахмет Ясауи университеті қабырғасында 1200-ден астам Түркі дүниесінен келген жастар білім алып жатыр. Оқу орны өз миссиясына тән жыл сайын түркі әлемінің 15 елінен 28 ұлт пен ұлыстың білімді жастарын оқуға қабылдап келеді. Бүгінде университетте 8000-ға жуық студент білім алады.
Болон үдерісіне енген әлем университеттері арасында академиялық ұтқырлық бойынша студенттер алмастыру бүгінде үлкен маңызға ие болып отыр. Осы ретте Болон үдерісіне енген Ахмет Ясауи университеті де жыл сайын шетелдік үздік оқу орындарына білімгерлерді жіберіп келеді.
Үстіміздегі жылы оқу орнының 4000 студенті қатысқан іріктеу нәтижесінде 400-ге жуық студент 2015-2016 оқу жылында Мәулана, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдің беделді оқу орындарында 1 жыл бойы білім алатын болды.
Олар Түркия Республикасының Хажеттепе, Нежметтин Ербакан, Акдениз, Гази, Эржиес, Жумхуриет, Дүзже, Кырыккале, Диджле, Ялова, Р.Т.Ердоган, Ушак, Мустафа Кемал, Йылдырым Беязит, Абант Иззет Байсал, Карабюк, Кастамону, Ардахан, Ахи Эвран, Бурса Улудаг, Сакарья университеттеріне, сонымен қатар Польша еліндегі Лодз университеттері секілді үздік саналатын 25 ЖОО-да ағылшын және түрік тілдерінде дәріс тыңдайды.
Негізгі мамандақтары медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, сондай-ақ жаратылыстану мамандықтары болып отыр.