Жалғыз үй болса, неге жалға береді?
Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің тең жартысынан астамы жалға беріледі. Тамыз айынан бері бірлесе тексеру жүргізіп келе жатқан Алматы қалалық Ішкі істер қызметі мен Салық басқармасының бірлескен тексеруі нәтижесінде аталмыш қалада үйі бар тұрғындардан гөрі, пәтер жалдаушылардың көп екеніне көз жеткізген құзырлы орын өкілдері осындай мәлімдеме жасап отыр.
Шыны керек, оңтүстік астанада пәтер жалдап тұратындардың дені – өзіміздің қаракөз қазақтар. Нарықтық кезең тұсында ауыл тұрмысының тұралап, жұмыс көздерінің жабылуы тіршілігі қайнаған қалаға келгісі келетін ауылдықтардың санын еселеп арттыра түсті. Келешегі жоқ деп танылған ауылдардан жөңкіле көшкендер де ебін тауып, оңтүстік өңірге тұрақтауға тырысты. Оның үстіне, жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алған жастар да тіршілігі көп қалада қалуды көздеді. Нәтижесінде күнкөріс қамымен «екі қолға – бір күрек» іздеп келгендер айлығы шайлығына жетпесе де, тапқаны пәтердан артылмаса да, амалының жоқтығынан Алматыға тұрақтауға мәжбүр болды. Осылайша тұрақтаса да тұратын пана таппағандар мәселесі күрделене берді.
Бүгінде Алматы қаласындағы үйдің құны кейбір дамыған Еуропа елдеріндегі үйлердің бағасынан да қымбат екенін сарапшылар айтып жүр. Осы орайда бағасы шарықтаған үйді сатып алуға тек қалтасы қалыңдардың ғана шамасы жетеді. Ал Алматыға жан-жақтан жұмыс іздеп ағылғандар сол үйлерді жалдаудан басқа амалы жоқ. Осыны өз пайдасына тиімді пайдаланғандар бірнеше үйді қатар сатып алып, оларды жалға беріп, пайда табуға көшті. Және пәтерақысын жыл өткен сайын көтеріп келеді. Бүгінде Алматы қаласындағы бір бөлмелі пәтерлерді жалдау құны айына 60 000-70 000 теңге айналасында болса, екі бөлмелі пәтерлер – 80 000 -120 000 теңге аралығында. Үш бөлмелі пәтерлерді жалға беру ақысының бұдан да жоғары екені айтпаса да түсінікті. Бірнеше үйді жалға беріп қойса, ай сайын саусағын қимылдатпай-ақ табыс тауып, теңгенің өз аяғымен келіп, қалтаға түсіп жататынын білген «пысықайлар» пәтерді жалға беруді кәсіпке айналдырып алды.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін статистикаға да көз жүгіртсек, Алматы қаласында 7 мың көпқабатты тұрғын үй мен 115 мыңнан астам жеке сектор тіркелген екен. Бірақ соның жартысынан астамында жалға пәтер алушылар қоныс тепкенін құзырлы орындар анықтап отыр. Осылардың тек 9200 пәтердің иесі ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлейтін тұлға атанған. Қалғандары – пәтерлерін астыртын өткізушілер. Мамандар «бұл –әзірге 2 айдың ғана қорытындысы. Осы уақыт ішінде жалға өткізілген 5 мың пәтер қара тізімге ілікті. Алдағы уақытта мұның саны тіпті көбейе түсері даусыз» дейді.
Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, өз елінде, өз жерінде жүріп жалдамалы пәтерді мекен ететін қазақтардың саны азаяр емес. Осыдан жарты ғасыр бұрын айтылған «Алматы – қазақтың астанасы, ұйғырдың асханасы, орыстың баспанасы» деген сөз әлі де болса құдіретін жоймай тұр. Рас, осы жылдар ішінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің түрлі жолдары қарастырылып, мемлекет тарапынан арнайы мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды. «2005-2007 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы», одан кейінгі жылдары да жалғасын тауып «2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы» болып ұзара түсті. «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы да – халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалардың бірі. Әйтсе де бұл бағдарламалар да оңтүстік астана аталған қаладағы үйсіздер санын азайта алар емес. Осы орайда, шын мәнінде, жеңілдетілген пәтерлерге нағыз тұрғын үйге мұқтаж жандардың ғана қолы жетіп жатыр ма деген күдік туындары сөзсіз. Мәселе – осында. Өйткені сол бағдарламалар іске асырылып жатқан кездің өзінде пәтерлердің жең ұшынан үлестіріліп, нағыз мұқтаж жандарға жетпей қалып жатқаны жайлы да аз айтылмады. Олардың кейбіреуі әшкереленіп, оларға қатысты қылмыстық іс те қозғалды. Әйтсе де «ебін тауып екі асап» үйсіздерге арналған мемлекеттік бағдарлама үйлерін де иемденіп алған үйлілер бар секілді.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Нұрболат ӘЛІМЖАНОВ, әлеуметтанушы:
– Рас, Алматыда пәтер мәселесі күрделі. Өз басым халықты үймен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан бағдарламалардың әділ үлестіріліп жатқанына күдікпен қараймын. Мәселен, 2009 жылы «Көкжиек» ықшамауданынан «2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы» тізіміндегі халыққа үй берілді. Әйтсе де бүгінгі күні жарнамалық газеттерде «Көкжиек» ықшамауданындағы үйін жалға берушілердің жарнамасы толып жүр. Аталмыш бағдарламаға нағыз үйге мұқтаж жандардың ғана құжаты қабылданғанын ескерсек, олар үйін жалға бергенше неге өздері тұрмайды? Демек, бірнеше үйі бар адам қандай да бір жолдармен мемлекеттік бағдарламаның қатысушысына айналған. Бұл – бір ғана «Көкжиек» ықшамауданындағы жағдай емес, осыған дейін мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған «Қалқаман» ықшамауданы мен «Максима» сауда, ойын-сауық орталығының артында орналасқан тұрғын үйлер мен «Мамыр» ықшамауданындағы тұрғын үйлерге де қатысты жайт.
Әлеуметтанушы маман үйсіздер мәселесінің шешілмеуін осы бағытта жүргізіліп жатқан шаралардың әділ жүргізіліп жатпағанынан іздейді. Шынында да, «Крыша» газетінен Алматы қаласының барлық бұрышынан жалға берілетін пәтер табуға болады. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынған «Көкжиек» ықшамауданындағы тұрғын үйдің он шақты жарнамасын «Крышаның» соңғы нөмірінен де таптық. Мәселен, «2-комнатная, помесячно. Алматы, Жетысуский р-н, мкр «Кокжиек». Монолитный дом, этаж 4 из 6, площадь 64 м2, хорошее состояние, санузел раздельный, телефон отдельный, интернет ADSL, чистая, уютная, холодильник, стиральная машина-автомат, кабельное ТВ, + квартплата, семейным, на длительный срок. 21 просмотр 8 октября». Бұл секілді «Көкжиек» ықшамауданындағы мемлекеттік бағдарламамен тұрғызылған тұрғын үйдің жарнамасы газетте көп-ақ. Және жарнаманың бір күннің ішінде 21 адамның қызығушылығын тудырғанына қарап Алматыдағы пәтер мәселесінің күрделі екендігіне көз жеткізесің.
Осы орайда айта кетер жайт – бұл мәселелер жаңадан бой көтерген Астана қаласына да тән. Бүгінде астаналық «Крыша» газетінен де сол жағалаудың кез келген жерінен пәтерлер табуға болады. Қалтасында қаржысы барлардың жаңадан салынып жатқан кез келген тұрғын үйден пәтер сатып алуына мүмкіншілігі бар. Ал жеңілдетілген бағамен арнайы мұқтаж жандар үшін салынған үйлердің көп ұзамай-ақ пәтерге берілуіне қарап осы бағыттағы бағдарламалардың әділдігіне, шынымен-ақ, күмәнмен қарайсың. Оның ішінде Астана қаласында ең алғашқы жылдары мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бой көтерген «Жеті бөшке» тұрғын үй кешенінің де бірнеше пәтері жалдамалы пәтерге берілетіні жайлы жарнамамен газетте жүр. Осы орайда мәжілісмен Алдан Смайыл мырза «тұрғын үй мәселесі осы бағытта жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларды қатаң қадағалауда ұстау арқылы ғана шешіледі» дейді.
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты:
– Тұрғын үй мәселесі – қай қоғамда болсын шешімін таппай келе жатқан өзекті жайт. Кеңес Одағы кезінде осы мәселені тезірек шешу үшін үнемді, шағын 3-4 қабаттық «хрущевтік» тұрғын үйлерді қаптатып салған еді. Сондықтан біз де қолжетімді бағадағы осындай үйлерді молырақ салуымыз керек. Және ол үйлердің әділ үлестірілуін жоғарыдан қатаң түрде бақылау қажет. Дәл қазіргі таңда тұрғын үй мәселесін шешудің оңтайлы жолы – осы ғана. Егер Алматы қаласына жыл сайын жан-жақтан ағылып халық келіп жатпаса, Алматының өз халқын дер кезінде қамтамасыз етіп болар едік. Мәселен, Алматы, Астана, Атырау секілді ірі қалаларымызға аймақтардан ағылған халық толастар емес. Мемлекеттің жоспарлағанынан халықтың ағылуы асып кетіп отыр. Ал ауылда бос қалған үйлер көп. Шағын қалаларда да көпқабатты талай үйлер босап қалуда. Егер еліміздегі барлық аймақ бірдей дамыса, әр аймақтың халқы өз жерінде тұрақтап қалса, бұл мәселе болмас еді. Сондықтан біз әрқашан барлық аймақтың қатар дамуын басты назарда ұстауымыз керек.
Мақала жазу барысында Алматы қаласында жаңадан салынып жатқан «Шахрезада» тұрғын үй кешеніне де бас сұқтық. Пәтерді жалға алушының кейпіне еніп барған бізге кіреберісте отырған вахтадағы апай да, осы тұрғын үйді сату бөліміндегі қызметкерлер де бүгінде пәтер қожайындарының сатып алған үйін жалға беріп жатқанын жасырмады. Соңғы рет екі бөлмелі пәтер жалдаушыларға 120 мың теңгеге өткізілген. Дәл қазір бос пәтер жоқ, бірақ пәтер іздеп келіп жатқандар көп екенін жеткізді. «Шахрезада» тұрғын үй кешенінің әлі салынып бітпегенін ескерсек, пәтерді жалға беруді кәсіп еткендердің үй салынып бітер-бітпестен сатып алып, жалға өткізуге асығатынын ұққандай болдық. Сондықтан алдағы уақытта «Алматы мен Астана – қазақтың баспанасы» аталуы үшін күресу қажет секілді.