Жаңа заң полиция мінезін жұмсарта ала ма?
Халықтың сенімін өзіне қаратпаққа, сөйтіп, қазақстандық полицейлердің абыройын қайтармаққа әрекет етіп жатқан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов кеше Мәжіліске келіп және бір заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдатты. Осыдан 17 жыл бұрын қабылданған «Ішкі істер органдары туралы» Заңының орнын басатын жаңа құжат Қазақстан полициясының «мінезін», «жүріс-тұрысын» жұмсарта ала ма? Көкейде көп сұрақ... Дегенмен реформада ілгерілеу діттеледі.
Қоғам дамуының сұранысына оның құқықтық кеңістігі де ілесуі шарт. Осы тұрғыдан алғанда қазақстандық қоғамның демократиялануы, еліміздегі заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерінің алдыңғы қатарға шығуы ішкі істер органдарынан да жұмыстың жаңа әрі сапалы деңгейін сұрайтыны айқын. Ал бұған осыдан 17 жыл бұрын қабылданған заң еш ырық бермесін заңгер мамандар әйгілепті. Сондықтан да министр Қалмұханбет Қасымов ұсынған заң жобасының басты новелласы – полицияның қоғамдағы рөлi мен мәртебесiн өзгерту.
Тоғыз тараудан тұратын жаңа заң жобасында тұңғыш рет iшкi iстер органдарының мiндеттерi біршама өзгерiске ұшырайды. Айталық, олардың қызметінде азаматтарды қорғау, оның өмiрiн, құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету, сонымен қатар қоғам мен мемлекеттiң заңды мүдделерiн қорғау мәселесi бiрiншi орынға шығарылып отыр. Осындай қадамның арқасында Ішкі істер министрлігі мен өңірлік департаменттер жанынан қоғамдық кеңестердің құрылуына толық жол ашылады. «Жаңа құжаттың бір парасы құқық қорғау органдарының жұмысында ұдайы қаперде болатын арнайы қағидаттарды қамтиды. Бұлар – адамның және азаматтың құқығын сақтау және сыйлау, ашықтық һәм жариялылық, азаматтық қоғам институттарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және ішкі істер органдарының бірегей жүйесінде өзара іс-қимылда болу», – дейді министр Қалмұханбет Қасымов. Оның айтуына қарағанда, дәл осы қызметтік қағидаттар аясында ішкі істер органдарының қызметкерлері қаһарлы кейпінен айырылып, жұмсара түспекші. Мәселен, бұрынғы милиция, Тәуелсіздіктен бері полиция атанғандар енді тұлғаларды куәлік етуге мәжбүрлей алмайды, оларға күш қолдануға және құқыққа қайшы басқа да әрекеттерге тікелей тыйым салатын норма қамтылып отыр. Бір сөзбен айтқанда, полиция жұмсарады. «Бір жағынан қарағанда, бұл шынында да қарапайым, баршамыз үшін ұғынықты қағидат болуы керек еді. Алайда дәл осы мәселелер бұған дейінгі қолданыстағы заңнамада еш жазылған емес», – дейді еліміздің бас полицейі.
Тоқтала кететін жайт, заң жобасымен қамтылған қайсыбір мәселелер бұған дейін де қоғамның кең талқысынан түспеген еді. Соның бірі – полицейлердің атыс қаруын қолдану мәселесі. Бұған байланысты, министр Қалмұханбет Қасымовтың түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамада полицейлер тарапының қару қолдану тәртіптері нақты әрі жан-жақты айқындалған, алайда онда негізгі мәселе тек полиция қызметкерлерінің қару қолданудағы құқықтары жайында ғана болып, ондағы қару қолдану мүмкіндігіне орай жасалатын ескерту жасау жөніндегі міндеттемелері қалыс қалған. «Сөйтіп, жаңа редакцияда қару қолдану мүмкіндігі туралы ескертудің міндеттемелері жазылып отыр. Түптеп келгенде, біз ұсынған норма қару қолдануға боларлық негіздерді кеңейтпейді, керісінше, қызметкерлердің оны қолданбас бұрын ескерту жасауын міндеттейді. Бұл халықаралық талаптарға жат емес», – деп түйіндейді министр Қасымов.
Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін жеке тараумен дәл осы су жаңа заң аясында жіктеуге тырысқан екен. Алайда министрдің сөзінен түсінгеніміз, заң жобалау барысында әлеуметтік мәселелерді жеке тарау етуге атқарушы биліктегі кейбір министрліктер қарсылық білдіріп, кесірлерін тигізіпті. Соның салдарынан құқық қорғау органы қызметкерлерінің әлеуметтік топтамалары тарығып, министр ұсынған заң жобасында соның бірлі-жарымы қалған. Сөйтіп, ведомствоаралық келісулерден кейін құқық қорғау органының қызметкерлеріне бұйырған әлеуметтік жеңілдіктерден қалғаны мыналар ғана: мемлекеттік наградасы бар қызметкерлерге жәрдемақыны арттыру; қызметтік міндеттемелерін орындау барысында қаза болған немесе мүгедек болған қызметкерлердің балаларына мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелеріне кезектен тыс орын беру.
Орган қызметкерлерінің дәл осындай әлеуметтік қолдаудан жұрдай болғанына біраз депутат назаланған болатын. Тіпті депутат Тінікеев аттестаттаудан кейін кіл білікті кадрлар қалғанын айтып, ендігіде оларға әлеуметтік қолдау әбден қажет екенін еске салған-ды. Министр де жалпы депутаттар базынасымен келіссе, қолдан қайран келмегенін айтып ақталып еді. Тіпті Қалмұханбет Қасымов мырза республикалық бюджеттік комиссия полицейлерге тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдіктер қарастыру туралы ұсынысты қабылдамағанын көлденең тартты.
Дәл осы тұста спикер Нұрлан Нығматулин сөзге араласып, әлеуметтік қолдаудың мардымсыз үлесімен құқық қорғау қызметкерлерін еш алдарқатуға болмайтынын меңзеді. Сосын бұл мәселеде спикер Нұрлан Зайроллаұлы министрден табандылықты талап етті. «Қазір сіздерде ең білікті деген мамандар қалды. Енді соларға жағдай жасау керек. «Біздің ұсынысымыздан бас тартып отыр» деген сөзіңізді мүлдем түсіне алмадым», – деді спикер Нығматулин ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа қарап. «Қаржы министрлігі қолдамады деген не сөз? Таяуда ғана бюджеттің орындалуы туралы есепті тыңдадық. Былтыр сол қолдамаған Қаржы министрлігінің өзі 23 млрд 630 млн теңгені игермеген. Игере алмаса, қаржыны соған бұрсын. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерін тұрғын үймен және басқа да әлеуметтік мәселелермен қамту үшін не жетпейді, осы? Ел басшылығы, Парламент қолдап отырғанда министр ретінде сіздің ұсынысыңыз Үкіметтен өтуі керек. Оның үстіне, өзге министрліктер мен ведомстволарда ондаған миллиард қаржы игерілмей жатыр. Сондықтан сіз табандылық танытсаңыз етті», – деді Мәжіліс төрағасы. Айтпақшы, спикер сөз арасында қаруға қатысты да өз позициясын білдіріп еді. Оның айтуынша, қарудың қай түрі болсын, оны қолдануға ғана емес, сақтауға да қатаң жазалау болуы шарт. «Қаруға қатысты бизнес ортамен де мүмкіндігінше ашық әңгіме құрылды. Ешкім де бизнесті қыспақтаған жоқ. Дегенмен әңгіме олардың тек травматикалық қару-жарақ сату турасында ғана болып отыр. Ал аңшылық қаруларды, қысқа ұңғылы газ қаруларын қайда қоямыз? Өйткені травматикалық қарудың үлесі шамалы. Тағы бір басты мәселе: кейіннен не болады? Біз басқа елдерде қарудың бей-берекетсіздігінен не болып жатқанын жақсы білеміз. Мұны «жын құмырадан шықты» деп те айтып жүр, алайда енді сол құмыраға қалай жақындау керектігін білмей отырған елдер де баршылық», – дейді Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
Айта кетейік, бұл – Мәжілістің осы сессиядағы соңғы отырысы. Соған орай, өткен аптада ғана депутат Розақұл Халмұрадов «ақырғы отырыста мемлекеттік тілге құрмет көрсетелік, қазақ, орыс, ұйғырымыз бар, кәрісіміз де түгел жиналыста бастан-аяқ қазақша сайрайық» деп ұсыныс тастаған. Алайда мемлекеттік тілдің мәртебесі лайықты орнынан табыла алмады. Сол баяғы орынсыз орыс тілі кимеледі. Мәжіліс тағы да мүлт кетті. Айтайын дегеніміз, Мәжіліс кешегі отырыста Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара маңындағы аймақ тұрғындарының өту тәртібі туралы келісімді мақұлдады. Аталған келісімнің нәтижесінде шекарадан өту орындары жаңа пункттермен толығып, кейбірі жабылады. Енді сол Қазақстан тарапынан жабылатын пункттерді қараңыз, кіл орыстың атауы: «Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданындағы Қызыл Шемонайха, Бородулихин ауданындағы Буркотово мен Коростели, Павлодар облысының Галицкое-Успенский ауданындағы Екатеринославка, Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданындағы Суворовка». Айтуға сөз жоқ. Дегенмен, еске сала кетейік, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығында 20 елді мекеннің атауын қазақшаға ауыстырайық!» деген ұран да осы мәртебелі Мәжілісте көтеріліп, сол қалпында тұншыққан болатын. Қашанға дейін осылай жалғасатынын дөп басу да қиындау.