Жаңаөзенде ереуілге шыққан жұмысшылар полиция тарапынан қысым көріп жатыр
Жаңаөзенде "ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамына қызмет көрсететін үш бірдей компанияның жұмысшылары тағы да ереуілге шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Осымен төртінші күн қатарынан мекеме алдында түнеп, басшылықтың назарын аударғысы келген "МұнайСпецСнаб" компаниясының жұмысшыларына бүгін "Құнан Холдинг", "Батыс ГеоФиз Сервис" компанияларының бір топ жұмысшысы қосылды.
Олар да жалақыны өсіруді талап етті. Бұл талаптары орындалмайынша қызмет көрсетуден бас тартқан. Жалақының аздығына наразылық білдіріп, қайта-қайта ереуілге шығатын "ӨзенМұнайГаз" акционерлік қоғамына қызмет көрсететін компаниялар қатары артты. Бүгін бірден үш компанияның жұмысшылары жұмыстарын тоқтатып, наразылыққа шыққан.
Мәселен, "ӨзенМұнайГазға" көліктерін жалға беретін "Құнан Холдинг" компаниясының 200-ден аса жүргізушісі еңбекақының аздығына, түскі астың және мерекелік сыйақының берілмейтініне наразылық білдірді.
Ал ірі мұнай компаниясына техника беретін "МұнайСпецСнаб" серіктестігінің қызметкерлері бейбіт ереуілге шыққандары үшін полиция тарапынан қысым көріп жатқандарын айтады. Жалақының аздығы жанына батқандар бұл талаптары орындалмаса жұмысты жалғастырмаймыз дейді. Әр ереуілші топқа қосылған басқа жұмысшылар да компания ғимаратының алдында өзгелермен бірге түнеуге бекініп отыр.
“Жалақымызды 50 процентке көтеруге, ақылы еңбек демалысын 30 күнге ұзартуға, үшінші демалыс күндері нақты әрі заңды түрде кесте бойынша бекітілсін. Төртінші осы арыз- талап бойынша бірде бір жұмысшы қудаланбасын”, – дейді “Батыс геофиз сервис” компаниясының жұмысшылары.
Ал компания басшылары әкімдік пен "ӨзенМұнайГаз" тарапынан келіссөз жүріп жатқанын айтты.