Заңға қаталдық қана емес, идеология да керек
Мәжіліс депутаттарының саны қайта толықты. Біраздан бері бос тұрған депутаттық қос «креслоға» Астана қалалық білім басқармасының бұрынғы басшысы Әсима Бимендина мен бұған дейінгі шақырылымда депутаттықтың дәмін татқан, бір сөзбен айтқанда, тісқаққан Тәңірберген Бердіоңғаров жайғасты. Осылайша марқұм Орал Мұхамеджанов пен таяуда ғана өз еркімен Мәжіліс депутаттығынан бас тартқан Ерген Дошаевтың орны толықты. Кеше Мәжілістің отырысында қос депутаттың бірі Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне, енді бірі Экология комитетіне мүшелікке қабылданды.
Сәрсенбідегі отырыс сөзбұйдадан тыс болды. Күн тәртібінде талқыланған мәселелердің негізгісі Кеден одағы аясындағы құжат болса, заң жобаларының тағы бір парасы екінші оқылымда қаралды. Солардың бірі оңалту және банкроттық деп тану туралы заң жобасы болатын. Бұл заң жобасы негізінен компаниялардың банкроттық жүйесін әлемдік талап деңгейінде жетілдіруді қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ кепілді кредиторлар мүдделерінің басымдығын белгілеп, дүниежүзілік банктің несие алу мен төлем қабілеттілігін шешу жүйесі бойынша Doing Business рейтингіндегі мемлекет көзқарасын арттыруға мүмкіндік бермекші. Тағы бір айта кететіні, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендетіп, Қазақстандағы бизнес-ахуалды жақсарта түседі деп болжануда. Әрі мемлекеттің инвестициялық тартымдылығын арттыратын көрінеді. Аталған заңды екінші оқылым барысында халық қалаулылары «несие беруші борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне мүмкіндік беретін мерзімді ұзартуды қарадық» деседі. Сосын қарызға белшеден батпай тұрып, борышкермен екеуара жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану үшін негіздерді кеңейту және нақтылау көзделген. Заңды қабылдамас бұрын депутаттар банкрот кезінде заңсыз әрекеттер, әдейі және жалған банкрот үшін санкциялар бөлігін, әкімшілердің міндеттерін синхрондауды және оны орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік турасында Қылмыстық кодекстің біраз нормаларын қайта қарастырып отыр.
Байқағанымыз, заң жобасының басты мақсаты кәсіпорындарды жабу емес, оларды сақтап қалуға негізделетінге ұқсайды. Дегенмен дайын заңнан кілтипан да табылмай қоймады.
«Бұрынғы жағдаймен салыстырғанда бұл кішкене жақсырақ. Алайда кәсіпкерлер жағдайында бұл тиімді болмай тұр», – дейді ақжолдықтар басшысы Азат Перуашев. Оның айтуынша, егер кәсіпкер мемлекетке 200 мың теңгедей қарыз болса, жүздеген жұмысшысы бар кәсіпорынды банкрот деп тауып, жауып тастауы мүмкін. Екінші мәселе, банкроттық жүйеде жетекші орын ретінде салық органдары бекітіліпті. Бұған да «ақжолдықтар» соншалықты көншімейді. Кәсіпкерлер үшін кейбір баптар бойынша тиімді шешімдер қабылданғанымен, «Ақжол» фракциясы ұсынған ұсыныстарды жұмыс тобы қабылдамай тастаған. Әйтсе де талқылаудан соң заң жобасын мақұлдау кезінде 103 депутаттың 93-і ғана қолдап, 10-ы қалыс қалды.
Азат ПЕРУАШЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Аяқ астынан туындайтын қайшылықтар болуы мүмкін. Осындай шақта біздің Үкімет кәсіпкерлерді далаға тастамауы тиіс. Мұның басқа жолын қарастыру керек. Жиналған қарызды ұзақ мерзімге создырамыз ба немесе басқалай қолдау көрсету керек пе? Мемлекет басшысының талабы бойынша кез келген мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметкердің міндеті – жекеменшік кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Дәл қазіргі жағдайда мемлекеттік органдар отандық өндірушілерімізді назардан тыс қалдырды. «Олар ары қарай сақтала ма?» деген сауал қойылғанда «олардың бізге қатысы жоқ» деген сыңайда жауап айтылды. Ол елдегі тауар бағасына да әсер етеді. Еркін жүйеде өнім шығаратын компаниялардың өнімі өзгелерге қарағанда арзандау. Сол себептен де осы компаниялар табысын көбейткеннен кейін тауарлары бәсекелестікке төтеп беріп, өндірісті кеңейтті. Жұмыс орны кеңейіп, қызметкерлер саны артты. Енді келіп солардың санын қысқартуға бекініп отыр. Бұл жөн емес.
Бір адамды жұмыспен қамтуға қанша қаржы шығындалған?
Үкімет басшысы Серік Ахметовке депутаттық сауал жолдаған Айткүл Самақова «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына мемлекеттiк жеке серiктестiк қағидалары негiзiнде кәсiпкерлердiң Ұлттық палатасын тартуды ұсынып отыр. «Осыдан үш жыл бұрын Үкімет «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын бекiткенде оның оңтайлы жүзеге асып жатқаны туралы үнемі есеп-қисап беріп отырды. Алайда аталған бағдарламаға қатысты кейбір ақпарат көңілден шықпайтыны өкінішті. Қазір Қазақстанда 60 мың адам ғана осы бойынша жұмыспен қамтылған. Бұл жұмыссыз ретінде тіркелгендердің тек бес пайызы ғана», – дейді ол. Халық қалаулысының пікірінше, қазір өзін-өзі жұмыспен толық қамтығандар көрсеткіші тек бір пайызға ғана азайған. Бүгінде осы бағытта 170 млрд теңге көлемiнде ақша бөлінгеніне қарамастан, Үкiметтiң оңтайы шешім қарастырмағанын да депутат мысалға алды. «Сонда бiр ғана адамды жұмыспен қамту үшiн 3 млн теңге қаржы кетіп жатыр ма? Алдағы жылдары осы бағдарлама үшін 200 млрд теңге қаржы бөлiнеді деп күтілуде. Осы орайда жұмыспен қамту бағдарламасының тиiмдiлiгi неліктен көңіл көншітпейді?» деген сауал туады. Бұл бағдарламаның дұрыс жұмыс істемейтіндігін көрсете ме, әлде қаржы мақсатсыз жұмсалып жатыр ма?» дейді», – деді Айткүл Самақова. Сауал жолданды, үміт – Үкіметте.