Заңсыз ағаш кесу, браконьерлік, экология: түйткілді проблемалар қалай шешіледі?
Елімізде соңғы жылдары орман шаруашылығы мәселесі өзекті болып тұр. Былтыр болған тілсіз жау онсызда орман аумағы аз елімізге айтарлықтай зиянын тигізіп кетті. Бұл жолы біз заңсыз ағаш кесу мәселесін қозғауды жөн көріп отырмыз. Бұл проблеманың әсіресе жыл соңы жақындап, Жаңа жыл мейрамы қарсаңында өзектілігі арта түседі, адамзат баласы бұл күндері құдды бір шырша ағашының жауына айналғандай әсер қалдырады. Бір күндік мерекеден кейін қоқыс жәшіктерінің шырша ағашына толып тұрғанын жиі байқауға болады. Бұл мәселе осыған дейін де көтерілген. Бірақ... Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап, экология маманының пікіріне жүгінді.
ЕКІ АПТАДА 2,5 МЫҢНАН АСТАМ ШЫРША АҒАШЫ ТӘРКІЛЕНДІ
Заңсыз ағаш кесу мәселесі жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің соңғы отырыстарының бірінде көтерілген болатын. Осы отырыста VII шақырылым депутаты Елдос Абақанов Жаңа жыл қарсаңындағы заңсыздықтарды қозғай отырып, шешім жолдарын да ұсынған болатын.
«Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық құжаттарында Қазақстанның табиғи байлығын қорғау және сақтау қажеттігіне үнемі ерекше назар аударады. Себебі, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жағдайды жақсарту – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.
Жалпы алғанда, негізгі басымдықтардың бірі – орман алқаптарын сақтап қалу, өйткені орман – өсімдіктер мен жануарлар әлемін қамтитын күрделі экожүйе және ол климатқа, ауыз судың жай-күйіне, ауаның тазалығына әсер етеді.
Алайда жыл сайын жаңа жылдық мерекелерден кейін еліміздің қоқыс полигондарында мыңдаған шырша ағашын табуға болады. Олардың бір бөлігі заңсыз кесіліп, сауда орындарында бақылаусыз сатылады», - дейді Елдос Абақанов.
Ол өз сөзінде 2022 жылдың 15-31 желтоқсан аралығында құқық қорғау органдарының ауқымды жедел-іздестіру бойынша мынадай іс-шаралар жасағанын мәлім етті:
2,5 мыңнан астам шырша ағашы тәркіленді;
жарты миллион теңгеге әкімшілік айыппұл салынды;
506 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
18 адамға қылмыстық іс қозғалды.
«Бұл Қазақстанда айыппұл санкцияларының мөлшері заң жүзінде ұлғайғанына және құқық бұзушыларды анықтау және оларды қатаң жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмыс күшейтілгеніне қарамастан, ағаштарды кесудің алдын алу бойынша әлсіз жұмысты көрсетеді және біз оның салдарымен жиі күресудеміз.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында елімізде 2 млрд ағаш отырғыза отырып, елдегі орман алаңын 500 мың гектарға ұлғайту, сондай-ақ қалаларда 15 млн ағаш отырғызу көзделген», - дейді ол.
Елдос Абақанов сөзін жалғай отырып, Роман Склярға мүдделі мемлекеттік органдарға мынадай тапсырмалар беруді сұрады:
Ормандарды заңсыз кесудің алдын алуға кедергі келтіретін «әлсіз жерлерді» анықтау бойынша нормативтік-құқықтық базаға ревизия жүргізу және сауда орындарында, оның ішінде басқа елдерден әкелінетін ағаштардың саудасын бақылау жөніндегі жұмысты күшейту;
Орман қорғау және орман күзету жұмыстарын қолдауды қоса алғанда, жеке орман шаруашылығын мемлекеттік қолдауды ұлғайту мәселесіне ерекше назар аудару;
Жергілікті атқарушы органдарға және одан әрі кәдеге жарата отырып, ағаш материалдары мен ағаш кесу қалдықтары үшін орналастыру орнын ұйымдастыру жөнінде жеке тапсырмалар беру.
АҒАШ КЕСКЕН АДАМҒА САЛЫНАТЫН АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ
Заңсыз түрде ағаш кескен адамға қандай жаза қарастырылған? Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 340-бабында бұл мәселе былайша көрсетіліпті:
«Үй маңындағы, саяжай мен бау-бақша учаскелеріндегі ағаштар мен бұталардан басқа, айтарлықтай залал келтіре отырып, орман қорына кірмейтін және кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау, сол сияқты орман дақылдарын, орман питомниктерi мен плантацияларындағы егiлген не отырғызылған көшеттерді, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман өсiруге арналған алаңдарда өзi өсiп шыққан шыбықтарды, өскiндерді не қолдан отырғызылған екпелердi жою немесе зақымдау – мүлкі тәркіленіп, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмысына, не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Айтарлықтай залал келтіре отырып, орман қорына кіретін ағаштарды және бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау – мүлкі тәркіленіп, бір жүз сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады», - делінген Қылмыстық кодексте.
ЭКОЛОГ КӨТЕРГЕН ПРОБЛЕМАЛАР
Біз осы орайда «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртайдың пікіріне жүгіне отырып, саладағы кемшін тұстарға құлақ түрдік.
«Рас, Жаңа жыл мерекесінің алдында шырша ағашын кесу мәселесі өте өзекті болып тұрады. Ал шырша ағашын кесу заңсыз болып саналатынын есте ұстаған жөн. Ол браконьерлік болып есептеледі. Тіпті өсіп тұрған қарапайым ағашты кесуге заңды түрде тыйым салынады. Біз ағаш отырғызып, еліміздің экологиясын жақсартамыз деп ұмтылып жүрсек, біреулер зиянын тигізіп жатыр. Шырша кескен адам заңмен қудалануы керек», - дейді эколог.
Азаматхан Әміртай сөзін жалғай отырып, мұндай заңсыз әрекеттердің қалай іске асып отыратынын да түсіндіріп өтті.
«Бір адамдар бар, тәлімбақ жасаған болып, соның рұқсат қағазын пайдаланады. Ал шын мәнісінде дәл осы шырша ағашына қатысты бізде тәлімбақ бар деп айта алмаймын. Өз басым көрген емеспін.
Жаңа жыл мерекесін табиғи шырша ағашымен атап өтуді жұртшылық саналы түрде тоқтатуы керек. Экологиялық тұрғыда қоршаған ортаға үлкен зиян әкеледі. Әрбір отбасы дәл осы кешке деп шынайы шыршаны ғана алдырар болса орманда не қалады? Оны тоқтату керек. Өзіміздің ұлттық жаңа жылымыз – күн мен теңелетін 22 наурыз күні. Наурыз мейрамын жылдың басы ретінде тойлауымыз керек. Бұл мереке ағаш кесуді емес қайта отырғызуды үгіттейді», - дейді белсенді.
Сөз арасында өткен жылы елімізде алып ормандарда болған өрттерді еске түсіріп өтті. Әулиекөл жеріндегі өрттен 43 мың гектар, ал Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайдан 11 мың гектар орман алқабы күлге айналған болатын.
«Былтыр Қостанай облысының Әулиекөл жерінде, сол сияқты Шығыс Қазақстан облысында болған орман өрті қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізіп кетті.
Бұл өрттердің әзірге толық себебі белгісіз, табиғи жолмен келді дегеннің өзінде ағаш браконьерлерінен келіп жатқан зиян аз емес. Әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында осы заңсыз кәсіпті дөңгелетіп отырған миллионерлер бар. Олармен айналысып жатқан ешкім жоқ. Табиғат қорғау прокуратурасы қайда қарап отыр? Экология полициясы қайда? Олардың заңсыз әрекеті экологияға ғана емес адамзат баласына жасалып жатқан қастандық деп бағалауға болады. Бұл – жауыздық. Осындайда жауапты органдар сол заңсыз кәсіпкерлермен үлесте отырған болар деген ой келеді», - деп ойын білдірді.
Рас, кесілген ағаш қоршаған ортаға тиетін зиянның бірі. Дегенмен екінші жағынан қолданысқа қажетті ағашты қайдан алу керек деген ой туындайды. Мәселен бір ғана үй салу үшін қаншама ағаш өнімі жұмсалады. Ал бұл ағаштарды қайдан алу керек? Қазақстан бұл мәселеде импорттың көмегіне жүгінгені жөн бе? Азаматхан Әміртай бұл сауалға былайша жауап берді:
«Құрылыс жұмысына пайдаланылатын ағаштар арнайы түрде, жеке өсіріледі. Ол – үлкен кәсіп. Бұл бағытқа қолданатын ағаштың өзіндік түрлері бар. Соларды өсіріп сатуға болады. Ал орманды бұл мақсатта шабуға болмайды. Орманның ағашы бөлек. Табиғи жолмен өсіп келе жатқан ағашты кесіп сату бір жағынан қоршаған ортаға зиян, ал екінші жағынан ешнәрсе жасамай, жоқ жерден пайда көрумен тең», - деп эколог Азаматхан Әміртай сөзін қорытты.
2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІН 2 МИЛЛИАРД АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртекті бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияға қатысып, Қазақстандағы көгалдандыру жұмысы жайлы айтқан болатын.
«Көмірсутекті бейтараптыққа жету жолында орман алқаптарын көбейтудің маңызы өте зор. Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттердің қатарына жатады. Орман қорының көлемі бойынша 30 млн гектарды немесе аумақтың небәрі 11 пайызын құрайды. Биыл елді жасыл желектендіру бойынша ауқымды жоба басталды. 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызылады», - деген еді Тоқаев.
Мемлекет басшысы атағандай, бұл халықаралық резонансқа ие болатын ұлттық ауқымдағы жоба болады.
«Бұл міндет – өте өзекті болмақ. Сол себепті жүзеге асырылуы керек. Сол сияқты Арал теңізінің құрғап қалған түбіне сексеуіл отырғызу бағдарламасы да бар. 1,5 млн гектар жерді 2025 жылға дейін қамту жоспарланған. Оны өзбек достарымызбен жүзеге асырамыз», - деді Мемлекет басшысы.
Экология министрлігі хабарламасына жүгінер болсақ, 2 млрд ағаштың ішінде сексеуіл (шамамен 610 млн дана), қарағай (555 млн данадан астам), үйеңкі (193 млн данадан астам), шегіршін (132 млн данадан астам), қайың (100 млн данадан астам) және басқа да тұқымдар отырғызу жоспарланып отыр.
«Ағаштардың басым бөлігін әкімдіктердің күшімен (1 539,7 млн дана) отырғызу жоспарланып отыр, орман пайдаланушылар мен халықаралық донорлардың үлесіне тиісінше 208,5 млн дана, КЛХЖМ ведомстволық бағынысты ұйымдарының үлесіне – 251,8 млн дана ағаш келеді.
Жобаны қаржыландыру үшін 5 жыл ішінде республикалық бюджеттен 22,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд теңге бөлуді талап етеді», - делінген министрлік хабарламасында.
Сөзімізді қорытындылар болсақ, адам, жануарлар әлемі, өсімдіктер дүниесі – қоршаған ортаның өзіндік жүйесі. Бір бірімен тығыз байланысты. Бүгін кесілген ағаш ертең жәндіктерге, одан кейін жануарлар дүниесіне зиян әкеледі. Ал жануарлар дүниесіне тиген зиян ертең айналып адамзат баласының алдына үлкен апат болып шығады. Сондықтан ағаш кескен адам оның зиянын қоса ойлануы керек. Ал экология полициясы, Табиғат қорғау прокуратурасы секілді жауапты органдар браконьерліктің алдын алу жұмысын тыңғылықты орындауы қажет.