Зәр тасы ауруын емдейтін зәру құралға қол жетті
Қазақстанда ерлер үшін өте қауіпті аурулардың бірі – бүйрекке тас жиналуы. Мұндай ауруды заманауи қондырғылар арқылы емдеп жазатын орталықтар елімізде санаулы ғана. Кейбір ауруханаларда ауруды емдейтін лазерлік аппараттар болғанымен, кейде оның қосалқы бөлшектері жетіспей жатады. Алматы облыстық көп салалы аурухана да осындай кедергіні бастан өткеріп келген еді. Енді бұл емдеу мекемесінде күрмеулі мәселе шешілді.
Алматыдағы Жарбосынов атындағы урология орталығы несеп жолы ауруларын емдейтін жалғыз мекеме болғандықтан, онда кезекке тұратын науқастардың кезегінде есеп жоқ. Ал басқа мемлекеттік ауруханалар бүйректің тасын сылып тастайтын аппаратқа зәру. Жекеменшік емдеу мекемелерінің қызметі екібастан қымбат. Елімізде урология саласында озық технологиялармен жұмыс істейтін мамандар да жеткіліксіз. Осыған дейін қаладағы ғана емес, Алматы облыстық көп салалы ауруханада да зәр тасы ауруын емдейтін жаңа қондырғы болмай келген. Жуырда GSM Қазақстан/Kcell компаниясы аталған ауруханаға қосымша эндоурологиялық құралдарды иемденуге қаржылық қолдау көрсетті. Дәрігерлердің айтуынша, енді аталған құралдардың көмегімен халыққа жоғарғы мамандандырылған көмек көрсетуге болады. Жаңа қондырғылар арқылы операцияны бес минут көлемінде пышақ қолданбай, табиғи жолмен өткізуге болады. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, жаңа жабдық арқылы операцияны жасау уақыты мен кейінгі оңалту кезеңі едәуір қысқарады. Сондай-ақ ол аз инвазивті урологиялық операцияның 12 түрін жасауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік шығынды да қысқартады. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінен аталған операцияны жасауға бар болғаны 35-40 мың теңге көлемінде шығын кетеді. Қарап отырсақ, соңғы технологияларды қолдану арқылы біз медицина саласында, ең алдымен, адамдардың денсаулығын дер кезінде сақтап қалуға, екіншіден, уақыт пен шығынды үнемдеуге қол жеткізеді екенбіз. Сонымен бірге мұндай технологияларды ауылдық ауруханаларда да кеңінен қолданатын уақыт жеткен сияқты.
Шоқан Еденұлы, Алматы облыстық көп салалы аурухананың бас дәрігері:
– Зәр тасы ауруына негізінен адамдар 30-50 жас аралығында көп шалдығады. Аурудың басты себебі – ағзадағы зат алмасудың бұзылуы. Сондықтан азаматтар өз денсаулығын күтіп, дұрыс тамақтануы керек. Бұл ауруды емдеуді Германиядан оқып келдім. Қазақстанға келген соң, дертті жазатын қондырғылар болмады да, бірнеше кәсіпорынға хат жаздым. Міне, енді менің бастамама GSM Қазақстан/Kcell компаниясы көмек көрсетіп отыр. Қазақстанда бұл құралдың бағасы шамамен 2 млн теңге көлемінде тұрады. Біз осы құралдың арқасында енді Қазақстанның кез келген азаматына көмек көрсететін боламыз. Аптасына шамамен жеті операция жасауды жоспарлап отырмыз.
Аида Досаева, GSM Қазақстан/Kcell компаниясының өкілі:
– Әлеумет пен медицина салаларына көмек көрсету компаниямыздың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Осы жабдықтың көмегімен тек Алматы және облыс тұрғындары емес, сонымен бірге Қазақстанның өзге де аумақтарының халқы жоғары білікті медициналық көмек ала алады.