Жарайсың, Лучано! Бар бол, бауырым Бақытжан!
Кеше Астанада Үкiметтiң бастамасымен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң қатысуымен Қазақстан тауар өндiрушiлерi мен қызмет көрсетушiлерiнiң жалпыұлттық форумы өттi. «Жалпыұлттық» болған соң ба, ұлттық тiлiмiздiң қолданылуына тұшына алмадық.
Форумның «бiсмiлләсiн» қазақша бастаған вице-премьер Өмiрзақ Шөкеевтiң ғана қазақ тiлiне жаны ашиды екен дестiк... Сөйтсек, олай емес екен. Форумда қазақ тiлiне жаны ашитын тағы бiр адам бар екен. Қатты қуанып қалдық. Кiм дейсiз ғой? Ол – атасын танымас алыс жұрттың өкiлi Лучано Васкес! Agip КСО-ның өңiрлiк директоры. Ол өзi ағылшынша сөйлегенiмен, тiлмашына баяндамасының үтiр-нүктесiне дейiн қазақша аударуын талап еттi. Өзiнiң қазақ тiлiне деген құрметiн осылай көрсеттi. Одан асқан құрметтiң бiзге керегi де жоқ едi. Шетелде жүрiп, қазақ бауырыңды кездестiрiп қалғанда қалай қуансаң, бiз де Лучано Васкестiң бұл сүйкiмдi қылығына тура солай қуандық. Жарайсың, Лучано!
Баяндама оқылып бiтiсiмен, Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов қазақ тiлiнде: «Құрметтi әрiптестер, шетелден келген инвесторлар қазақша таза сөйлеп жатыр. Қашан бiздiң ұлт өкiлдерi қазақша сөйлей бастайды?» – деп дүңк еткiздi.
Залдағы қазақтарымыз кiрерге тесiк таба алмай, ұялып бастарын төмен салбыратар деп едiк. Олай болмады. Залға маймыл кiрiп келгендей, бәрi қарқылдап тұрып бiр күлiп алды. Кәрiм Мәсiмовтiң осы сөзiнен кейiн ғана бағанадан берi форумды ресми тiлде жүргiзiп отырған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Дархан Кәлетаев өзiнiң ана тiлiнде сөйлей бастады. К.Мәсiмовтiң аузынан осындай қазақ тiлiн еске салып қоятын ескерту сөз шықпайынша, бiздiң билiктiң тұтқасын ұстағандардың көкейiнен қазақ тiлi өздiгiнен қашан сайрап тұратын болады?.. Үмiтсiз – шайтан.
Осындай бiр қиялдың жетегiнде отыр едiк, Павлодар облысының әкiмi Бақытжан Сағынтаевтың да баяндама жасайтын кезегi келiптi. Ортаға шыққан әкiм: «Құрметтi Кәрiм Қажымқанұлы, баяндаманы орысша жасауға рұқсат етуiңiздi сұраймын. Қазақшаны орысша аударатын болсақ, форум ұзаққа кетiп қалады», – де-е-еп жайбарақат езуiн екi құлағына жеткiзiп, Премьер-министрге қарап жымисын кеп! Онсыз да есеңгiреп тұрған тiлдi қақ төбеден ұрып, қақшайтты да тастады. «Өлген жерi осы-ау» дедiк. Сағынтаевтың емес, қазақ тiлiнiң, ана тiлiмiздiң!
Қойшы, әйтеуiр... Бәрiн тастап, форумға оралайықшы.
Бұл, форум сонау жылдан берi Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың қаншама уақыт бойы қозғап келе жатқан мәселесiнен, айтып келе жатқан ескертуiнен, талайғы тапсырмасынан негiз алады. Содан берi қаншама Премьер-министр алмасты, ақыры бұл шаруаны қазiргi Премьер шындап қолға ала бастады. Оның өзiнде дағдарыс алқымға жабыса бастағанда. Өйткенi шетелге «салқын тисе», импортқа толған елiмiз «тұмауратып», мұрнынан су сорғалайды да қалады.
Бұл, расымен де, бүгiнгi күннiң өзектi мәселесi. Қазiргi қиын жағдайда, тiптi әлi күнге дейiн Үкiмет отандық кәсiпкерлердi бұйдасынан ұстап, жетекке алып келедi. Бiрақ қашанға дейiн Үкiметке қарап көзiн сүзiп отырмақ? Оны Кәрiм Мәсiмов те бiрауық кәсiпкерлердiң есiне салды: «Отандық кәсiпорындарға да барлық мәселенi Үкiмет шешедi» деп қол қусырып не алақан жайып қана отыра беруге болмайды. Өнiмдерiңiздiң бәсекеге қабiлеттi, барлық стандарттарға сай және сапалы болуы сiздердiң мойындарыңызда және сiздердiң мүдделерiңiз».
Сонымен қатар форумда Кәрiм Мәсiмов Үкiметтiң дағдарысқа қарсы бағдарлама қалай жүзеге асып жатқанын қайта сараптап шығуды ниет етiп отырғанын айтып кеттi. Өйткенi Үкiметтен бөлiнген қаржы межесiне уақытында жетпей жатқан көрiнедi. Шынымен де, мұны дереу қолға алмаса, қаржы нысанаға «дөп тимей» кетуi де мүмкiн ғой. Әсiресе, Премьер-министр Индустрия және сауда министрлiгi Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi комитетiнiң төрағасы Серiк Нокинге отандық құрылыс секторына құйылып жатқан қаржыны қатаң бақылауды тапсырды. «Тоқтап қалған құрылысты жалғастыруға Үкiметтен миллиардтаған доллар қаржы бөлiндi. Сол қаржы құмға сiңген судай жоқ болып кетпесiн. Осы мәселенi ерекше қадағалаңыз», – дедi Премьер-министр Серiк Нокинге.
Форум соңында бiрқатар ұлттық компаниялар мен кәсiпорындар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.