Жасөспірімдер неге өмірден түңіледі?
Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандар арасында суицид өршіп тұр. Өткен 10 айда республикада өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің 340 дерегі тіркелсе, оның 211-і қайғылы жағдаймен аяқталған. Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков мәлімдеді.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, соңғы жылдары республикада жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары кең етек жайып келеді. Суицид деректері ең көп тіркелген аймақтар қатарында Шығыс Қазақстан облысы (25 оқиға), Алматы облысы (22 оқиға), Қарағанды облысы (21 оқиға), Оңтүстік Қазақстан облысы (19 оқиға) және Ақмола облысы (18 оқиға) бар. Кәмелеттік жасқа толмағандардың өзін-өзі өлімге итермелеу қадамына баруларының себеп-салдарын анықтау барысында оған, негізінен, тиісті отбасылық, қоғамдық тәрбиенің жоқтығы және моральдық, физикалық зорлық-зомбылықтың әсер ететіні белгілі болған. «Сонымен қатар жоғары сынып оқушыларының баланың намысына тиетін әрекеттерге бару жағдайлары да кездесіп жатады», – дейді Махметқали Сарыбеков.
Махметқали Сарыбеков, ҚР білім және ғылым вице-министрі:
– Өткен жылы елімізде суицидтің 244 дерегі тіркелген. Соның 202-сінің соңы кісі өліміне әкеп соқтырды. Жалпы, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында өз-өзіне қол жұмсаушылардың басым бөлігін 12-19 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайды. Жоғарыда аталған оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалды. Алматы, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында үш мектеп директоры, екі директордың орынбасары, үш мұғалім жұмыстан босатылды.