Жауынгер өзін-өзі атып тастады
Оралдағы 5517 әскери бөлімінің сарбазы өзін-өзі атып салды. Қаруын құшақтап, ес-түссіз жатқан сарбазды ауысым кезінде күзет бастығы тауып алыпты.
Жауынгер Қызылорда өңірінің өрені Еркебұлан Сейілханов болып шықты. 19 жастағы жігіттің әскери борышын өтеп бітіруіне бірер ай қалған екен. Тісқаққан сарбаз санатындағы жауынгердің не себепті мұндай қадамға барғаны – әзірге жұмбақ. Осы оқиға ізімен қазір әскери бөлімде ішкі қызметтік тексеру жүргізілуде.
«Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары Қанат Беляковтың айтуынша, қазір бұл іспен әскери прокуратура және Орал гарнизонының тергеу бөлімі айналысып жатыр. Алдын ала дерек бойынша, сарбаздар тарапынан әскери жарғыдан тыс байланыс, әлімжеттік көрсету болмағаны анықталды. Жараланған жауынгер бірден облыстық ауруханаға жеткізілді. Бірақ жағдайы ауыр. Қаруды тамағына тіреп атқандықтан, оқ жұтқыншағын жаралап, миының сол жақ бөлігін шашыратып, самай сүйегін тесіп өткен.
Жұмабек ШАЙХИЕВ, БҚО клиникалық аурухана директорының орынбасары:
– Науқастың жағдайы өте ауыр, ауыз қуысы, миы мен бас сүйегі жараланған. Бірақ соған қарамастан, өздігінен тыныс алуда, тіпті көзін ашуға тырысқанын да байқадық, жекелеген сөздерге елеңдеп, айтқанымызды орындауға да талпынады. Бірақ миы қатты зақым алғандықтан, халі мүшкіл, қолымыздан келгенін жасап бағамыз.