Жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген 120 млрд теңге білім беруді қолдау қорына түсті
Жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген 120 млрд теңге қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» түсті. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде арнайы шотта 120 млрд теңгеге жуық қаражат жиналған. Олар мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалатын болады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекет қаржысының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.