Жеті жасар Динара үш бауырын өрттен құтқарды
Қызылорда қаласының жеті жасар тұрғыны Динара Оңдасынның ерлігі елдің аузында жүр. Әлі оңы мен солын жете тани қоймаған балғын қыз қайсарлығымен үйді шарпыған жалын құшағынан үш бауырын алып шықты.
Олардың отбасысы Қызылорда қаласындағы «Сабалақ» саяжайында тұрады. Сол күні аталмыш шаңырақтың әкесі мен шешесі бір жерге шығып кеткен еді. Үйде үйелмелі-сүйелмелі төрт қыз қалды. Бала жүрген жерде шалағайлықтың болатыны белгілі. Ойламаған жерден өрт жалыны бұрқ ете қалғанда, кішкентай балалар абдырап қалды. Үйдегі естияры 11 жастағы Майра еді. Дегенмен үйді құшағына көміп алған жалыннан ол да не істерін білмеді. Осы сәтте жеті жастағы Динара терезені сындырып, бауырларын өрттен құтқарудың амалын жасады. Алдымен бес жастағы Жасминді сыртқа шығарды. Одан кейін өзінен үлкен Майраны аман алып қалудың амалын іздеді. Соңғы сәтте үш жарым айлық Айсананы көтеріп, сыртта тұрған Майраның қолына ұстатты. Ең соңында өзі далаға шығып үлгерді.
Қыстың көзі қырауда осындай ерлік жасаған Динара қаладағы №176 мектептің 2-сыныбында оқиды. Жерлестері қайсар қыздың ерлігін айтып жүр.
Апалы-сіңлілі қыздар қазір облыстық медициналық орталықта ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың денсаулықтары қалыпты екенін айтады.