"Жетінші арнаның" бағдарламалар кестесі қызық контентке толықты
"Жетінші арнаның" жаңа маусымы жаңалыққа толы болады. Арна контентін жаңарту үшін танымдық дүниемен қатар, жаңа ойын-сауық бағдарламаларын жарыққа шығарды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Жетінші арна" жаңа маусымда жанашыр көрермен үшін бәрін жасайды, бәрін жаңартады! Бұл арнаның басты ұраны болмақ.
Арнаның ребрендингі жасалды. Ел көретін эфир ерекше безендіріліп, жаңалықпен жаңғырды. Арнаның логотипі ауыстырылып, бағдарламалар кестесі қызық контентке толықты.
"Біз барлық жастағы көрермен үшін заман талабын ескеріп, қайта жаңардық, түрлендік. Біз жаңа көңіл-күйге ендік. Бұның бәрі патша көңіл көрермен үшін. Ерекше жобаларымыздың бірі - "Қыздар-ай". Өйткені әйелдер - әрдайым отбасының ұйытқысы, береке, бірліктің шырақшысы", - дейді арнаның бас директоры Әния Байораз.
20 наурызда сағат 14:30-да "Қыздар-ай" атты жаңа әлеуметтік шоу шымылдығын ашады. Жанар Айжанова мен Аша Матай жүргізетін жаңа бағдарлама көрерменнің жүрегін бірден жаулап алатынына күмәніміз жоқ. Бағдарламаның басты мұраты - нәзік жандардың жан-жүрегін тербеп, көрерменге күн сайын студияға келген түрлі кейіпкердің өмірі мен өзекті мәселесін толғау.
Ал танымал тұлғаларға қатысты жаңалықты жексенбі сайын "Жетінші арнада" Анна Данченко жүргізеді. Анна эфирдегі уақытын елге есімі белгілі шоу бизнес, театр және кино жұлдыздарына арнайды. Әр сенбіде және жексенбіде "Жұлдызды шаңырақ" және "Қызық weekend" бағдарламаларында Анна келген қонақтың ешкімге ашпаған сырына үңіледі.
"Аудиториямыздың негізгі бөлігі қыз-келіншектер болғандықтан, арнамыз отбасы құндылықтарын нығайтуға баса мән береді. Біз көрермен танымының көкжиегін кеңейтіп, парасат-пайыммен елдің ертеңіне керек дүние жасасақ дейміз. Соған байланысты, арнамызды жаңа форматқа көшіріп, көрерменге көп тосынсый әзірледік", - дейді арнаның Бас директоры Әния Байораз.
Аяулы жандар аудиториясына арналған жобалардан басқа, жақын арада "Жетінші арна" эфирінде қазақ және орыс тілдерінде баламасы жоқ апталық кешкі шоу басталады.
Осы көктемде "Жетінші арнадан" тағы не күтеміз?
Телеарна көрермендерін Қазақстан, Түркия, Ресей, Украина, Бразилия және АҚШ түсірген эксклюзив фильмдермен, сериалдармен тамсандырмақ.