Жетісу шенділері бюджет қаржысына Sony PlayStation ойын қорабын сатып алмақ болған
Текелі қаласы әкімдігіне қарасты қалалық мәдениет үйі мемлекеттік сатып алу порталы арқылы Sony PlayStation 5 ойын қорабын 600 мың теңгеге сатып алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Порталда 22 қаңтарда жарияланған хабарландыру жұртшылықтың назарын аудармай қоймады.
Текелі прокуратурасы сатып алуды тексеріп, "Мемлекеттік сатып алу туралы Заңның" 21-бабының бұзылғанын анықтады. Сонымен қатар, прокурорлар бюджет қаражатын мұндай жолмен пайдалануды лауазымды тұлғалардың өздерінің функционалдық міндеттеріне жосықсыз қарауы және жергілікті атқарушы органның басшылығы тарапынан бақылаудың жоқтығы деп пайымдады.
Прокуратура бұл сатып алу қала тұрғындары арасында резонанс туғызып, БАҚ-та кең талқыланғанын атап өтті.
Тексеру қорытындысы бойынша қала прокурорының міндетін атқарушы Арман Қайыров заңдарды бұзғаны үшін кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.