Жетісулықтар желпіндіріп қайтты
Алтын күннің арайлы шуағында тыныстап, азаттықта ғұмыр кешкенімізге биыл ширек ғасыр. Осынау ел болып аңсаған ұлы мерекеге орай, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жақұт қала Астанада «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» тақырыбымен облыстардың күндерін өткізу белгіленген болатын. Аталған тапсырмаға сәйкес, қыркүйек пен қазан айларын қамтитын игі шараны алғашқы болып Сыр елі өткерді. Одан кейінгі кезек қасиетті мекенге тиді. Ерке Есілдің жағасындағы ару қалада «Жерұйық мекен – Жетісу» атты Алматы облысының күндері өтті.
Игі шараның алғашқы күні Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаевтың қатысуымен брифинг өтті. Онда Бақтияр Әлтайұлы:
– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған Алматы облысының күндері аясында сіздермен жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Осы бір ширек ғасыр уақыт аралығында мемлекетіміз ғасырға бергісіз жетістіктерге қол жеткізді, – дей келе еліміздің толағай табыстарын, әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар жұрт екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, «Алматы облысы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері. Бұл бізге мақтаныш әрі зор жауапкершілік жүктейді. Біз аймағымыздың әрдайым алдыңғы қатардан көрінуі мен басқаларға үлгі болатындай екпінді жұмыс істеуге ұмтыламыз», – деп облысымыздың экономикасы мен әл-ауқатына тоқталды.
Қасиетті мекен өзінің көп ұлттылығымен ерекшеленеді. Облысымызда 103 этнос өкілі өмір сүруде. Этномәдени орталықтар топтастырылып, Достық үйіне орналасқан. Олар ұлтаралық және қоғамдық келісімді нығайту бағытында жұмыс істеп келе жатқаны белгілі жайт. Жетісу әрқашан өзінің ерекше табиғатымен көрген жанның көзайымына айналған жер. Бізде өсетін апорттың өзі бүкіләлемнің назарын аударуда. Қазіргі кезде оған аса зор көңіл бөлінуде. Мәселен, биылдың өзінде 1865 гектердан астам бақ отырғызып, оның 23 гектарына алманың «Апорт» сорты егілді. Сондай-ақ, облысымыз туризмді өркендетуге қолайлы аймақ болғандықтан, бұл бағытта да біршама жұмыс атқарылғанын, облыс орталығы Талдықорған қаласында кескін-келбеті жарасқан сәулетті ғимараттардың көптеп бой көтергендігін, сонымен бірге өңірдің жайдарман жаңалықтары мен жақсылықтарын брифинг барысында Бақтияр Өнербаев толығыммен баян етті.
Бұқаралық ақпарат қызмет өкілдерімен өткен кездесу барысында Жетісу жерінің тыныс-тіршілігі мен мәдениеті жайлы көптеген сауал қойылып, тұшымды жауап қайтарылды.
ӨНЕРДІҢ ТАЛ БЕСІГІ
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған игі шара ұлттық кітапханада жалғасын тапты. Онда облыс әкімінің қолдауымен шыққан «Жерұйық мекен – Жетісу» атты кітаптар көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі мен зиялы қауыммен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Аталмыш игі шараны облыстық мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев ашып, жүргізіп отырды.
Айта кетелік, жергілікті ақын-жазушылардың кітап көрмесіне 2006–2016 жылдары жарық көрген жинақтар қойылған. Кешегі Қабылиса мен Ескелді, Сүйінбай мен Жамбылдың, бергісі Мұқағали сынды дара тұлғаларды тудырған киелі мекен таланттарға кенде емес. Ғасыр сырғып, жылдар жылжыса да жақсылар легі жалғасады. Оған өнердің тал бесігі саналған Жетісудан жалындап шыққан жазушылардың том-том туындылары дәлел. Осы уақытқа дейін облыс әкімінің қолдауымен жергілікті 319 автордың кітабы жарыққа шыққан.
Аталмыш игі шараның тізгінін алған Ақан Жылқышыбайұлы:
– Құрметті ағайын! Ерке Есілдің жағасында орын тепкен әсем қала Астананың Ұлттық кітапханасында Алматы облысының күндері аясында ұйымдастырылған кітап көрмесінің ашылу салтанатына қош келдіңіздер! Биыл облыс әкімінің қолдауымен жергілікті ақын-жазушылар кітаптарының жарыққа шыққанына 10 жыл толып отыр. Айтулы шарамыз Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен ұштасуының өзін тарихи сәт деуге болады, – дей келе жыл сайын оқырманға жол тартқан жаңа жинақтар арқылы, түрлі бастама көтеріліп, игі шаралардың өтуімен облысымыз қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сүбелі үлес қосып жатқандығын тілге тиек етті.
Рухани шара барысында Ұлттық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева сөз алып, облысымыздың ақын-жазушыларына деген пейілінің ерекше екендігін атап өтті. Сонымен қатар, он жыл бойы жарыққа шыққан кітаптардың электронды нұсқасын Ұлттық кітапханаға енгізетіндігін жеткізді. Аталмыш шара барысында Роллан Сейсенбаев, Бигелді Ғабдуллин, Смағұл Елубай, Жұмабай Шаштайұлы, Алмахан Кенжебекова, Жанат Елшібек сынды бірқатар зиялы қауым жергілікті қаламгерлер жайлы оң пікірін ортаға салып, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған облыс әкімі Амандық Баталовқа деген шексіз алғыстарын жаудырды. Сонымен қатар, Қадыр Әлімқұлов, Бақытжан Тобаяқов сынды ақындар туған жерге деген махаббатын жыр жолдарымен білдірсе, Райхан Мәженқызы, Несіп Жүнісбайұлы сынды танымал тұлғаларымыз Жетісуда туғанын мақтан ететінін жеткізді.
Киелі мекеннен өсіп-өнген қаламгерлердің қазақ әдебиетіне қосқан еңбегі ерен. Бұл жайлы толғанған зиялы қауым қазақ шығармаларының ағылшын тіліне аударылуы әлемге ашылған есік деп біледі. Осы жағынан ой толғаған «Қазақ ПЕН» клубының президенті, белгілі жазушы-журналист Бигелді Ғабдуллин:
– Бүгінгі талап бойынша әлем елдері шығармаңды оқу үшін кітабың ағылшын тілінде жарық көруі қажет. Ал бұл талапты орындамасаң, өзге ел сені жазушы не ақын деп қабылдамайды. Осы жағынан біз ауқымды жұмыс атқарып жатырмыз деп айта аламын. Бір қуантарлығы Алматы облысы дарындыларын даралаудан көш басында тұр. Бір ғана мысал облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен АҚШ-та Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы мен Мұқағали Мақатаевтың кітабы жарық көрді. Жыл сайын жарыққа шығып жатқан жергілікті қаламгерлердің жинағын айтпағанда, мұның өзі ел басқарған азаматтың өнерге деген жанашырлығы деп білемін, – дей келе басшысы өнерді қолдаған мекеннің елі де дарынды һәм жалынды келетінін атап өтті.
Өнердің тал бесігі саналған жетісулықтардың айтулы күніне орай ұйымдастырған игі шарадан кейін зиялы қауым мен ресми делегация Қазақстан Республикасы, Ұлттық музейіне жол тартты.
ҚУАНЫШҚА КЕНЕЛГЕН КӨРЕРМЕН
Киелі топырақтың астынан қазақ халқының мыңжылдықтан бері сақталған жәдігерлері аршылып, әлем елін таңдандыруда. Сол қатарда Есік қаласынан табылған «Алтын Адамды» ерекше атап өтуге болады. Қойнауы құт, қазбасы қазыналы болған облысымыздың күндері аясында ұйымдастырылған «Алтын Адам мекені» атты көрме Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына орай безендіріліп, көрерменнің назарына ұсынылды.
Көрмеге облыстық көркемсурет галереясы, М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейі, сонымен қатар аудандық мұражайлардан алынған құнды экспонаттар қойылды. Облыс аумағында жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған мұралар, батырлардың қару-жарағы мен сауыт-сайманы, Қарқара жәрмеңкесіндегі тұрмыстық бұйымдар, Сүйінбай мен Жамбыл, Шоқан Уәлихановтың кесенелерінің және Жаркент мешітінің макеті, картиналар да көрменің сәнін кіргізгендей. Жалпы айтқанда көрмеге 241 музейден алынған экспонат пен 378 картина қойылды.
Айта кетелік, алғашқы болып көрмені облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев және бірқатар зиялы қауым аралап шықты. Көне ғасырлардан сыр шертетін, бабалар өмірінің жарқын тұстарын көз алдымызға алып келетін туындылар астаналық тұрғындар мен музей қызметкерлерін таңдандырды. Мәселен, ұлттық музейдің қызметкері Біржан Әбдіқали:
– Біздің назарымызға Алматы облысының эспонаттары ұсынылуда. Музей қазынасы өте жақсы. Тіпті, осындай бай жедігерлер бір ғана облыстан табылуы таңданарлық дүние десем артық айтқаным емес. Кешегі қазақ қоғамында өзіндік тұғырын сайлаған бабалар кесенесінің өзі ерекше күйге бөледі. Ал жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың экспонаттары жеке басыма қуаныш сыйлады. Бабадан қалған жәдігерлерді көрерменге таныстырған өзінің немересі Салтанат Жабаеваның болғанынан да шығар, – дей келе алыптар мен арда азаматтар туған жерден келген құнды мұралар барша көрермендердің таңданысын тудырып жатқанын нық сеніммен айта алатынын жеткізді.
Шежіреден сыр шертер, тарихқа ой жетелетер жәдігерлерді асықпай тамашалаған астаналықтар көрмені ұйымдастырушыларға деген шексіз алғысын жаудырды.
Айтулы дүрмек жастар театрында облыстық Б. Римова атындағы драма театрының «Керей-Жәнібек» қойылымымен жалғасын тапты.
Театр шымылдығы түрілмес бұрын сахнаға көтерілген Б. Римова атындағы драма театрының директоры Ғалия Темірбаева мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев астаналық көрерменге жетісулық жұрттың ыстық сәлемін жеткізді.
Думан Рамазанның қарымды қаламынан туындаған «Керей-Жәнібек» пьесасы өзбек ханы Әбілхайырдан бөлініп шыққан қазақтың жеке хандық құрған дәуірінен сыр шертеді. Айбарлы бабалар қалың елдің соңынан ертіп, дербес мемлекет болуды ойламағанда кешегі Қазақ хандығының 550 жылдығын тойламас едік-ау. Міне, осындай мерейлі шақты мерекеде сахналаған театр ұжымы қойылымды асқан шеберлікпен қоя білді. Керейдің рөлін ойнаған Сағындық Жұмаділ мен Жәнібек сұлтанды сомдаған Еркебұлан Айдымбаев сынды актерлар өнеріміздің өрде екенін тағы бір мәрте делелдеді.
Сонымен қатар, Асанқайғы мен Жиреншенің, қара қыпшақ Қобыландының және басқа тұлғалардың рөлін сомдаған сахна саңлақтары ел ықыласына бөленіп, көрерменнің алғысын арқалады.
ӘКІМДЕР ЖҮЗДЕСТІ
Игі шараның екінші күні Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов облыс басшысы Амандық Баталов бастаған делегацияны қабылдады.
Бас қаланың басшысы Әсет Исекешов:
– Құрметті Амандық Ғаббасұлы және қадірменді қонақтар! Ең алдымен ару қала Астанаға қош келдіңіздер дегім келеді. Ұйымдастырып отырған жәрмеңке мен елордалықтарға дайындаған концерттік бағдарламаларыңыз үшін сіздерге алғысым шексіз, – дей келе Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында еліміз дамып, тәуелсіздігіміз нығая түскенін, ширек ғасырға жеткен ұлы мерекеге орай Астана қаласында облыс күндерінің өтіп жатқанын және бұл игі шараның мақсаты тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерімізді көрсету, өңірлер арасындағы байланысты жақсарту екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Астана қаласы мен Алматы облысы ауылшаруашылығы, мәдениет, туризм, спорт, сауда, экономикасы жөнінен өз әріптестігі бар және үнемі тәжірибе алмасып тұратын аймақ екенін атап өтті.
Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов:
– Құрметті Әсет Өрентайұлы, қадірменді әріптестер! Облысымыздың мәдениет күндерін өткізуге атсалысып, қызмет, құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз, – дей келе Жетісу жерінің лауазымды тұлғалары мен өнерпаздарын, қазақтың абыройын спортпен асқақтатып жүрген жерлестерімізді, сонымен қатар, игі шараға атсалысуға келген басқа да өнер ұжымдарын, кәсіпкерлер мен аудан әкімдерін таныстырып өтті.
Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы «Жетісу – өнердің талбесігі. Батырлар мен ақындардың елі. Кешегі Қарасай мен Қабанбай, Сүйінбай мен Жамбылды тудырған киелі мекен», – деген жалынды сөзінен кейін облыс күні аясында өтетін іс шараларды, ондағы өнерпаздардың қойған концерті мен жәрмеңкеге шығарылған экологиялық жағынан таза, әрі бағасы базардан әлдеқайда арзан азық-түлік елордалықтарды қуантатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында Астана қаласының әкімі мен облыс әкімі бір-біріне тарту-таралғы жасап, ризашылықтарын жеткізді.
Ресми қабылдаудан кейін ел қалаулылары қала төрінен орын тепкен Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.
ЕЛОРДАЛЫҚТАРҒА ТАРТУ
Бабаға құрмет көрсеткен Амандық Баталов бастаған делегация мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов Оқушылар сарайы жанындағы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне келді.
Жәрмеңкеге облыстың он алты ауданы мен үш қаласы және «Жетісу» ӘКК»ҰҚ» акционерлік қоғамы қатысты. Жалпы көлемі 340 тоннадан астам азық-түліктің отыз сегізден астам түрін жеткізу жоспарланғанымен де, көліктердің жолдан қосылуына орай одан да жоғары межеде азық-түлік жеткізілді. Алайда бекітілген сызба бойынша әр аудан мен қалаға ұзындығы 16 метрден орын берілді.
Ауылшаруашылық жәрмеңкесіндегі азық-түліктің бағасы қаладағы бөлшек сауда бағасынан 15-20 пайыз төмен, әрі экологиялық жағынан таза болғандықтан тұтынушылардың қарасы әлдеқайда қалың болды.
Бас шаһар әкімі Ә. Исекешов пен облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы астаналықтар мен Жетісу жерінен жеткен еңбеккерлердің қызу саудасын бақылап, жәрмеңкеге тартылған азық-түліктерді аралап көрді. Мәселен, Алакөл ауданының балығы, Алматының апорты, Райымбек пен Кербұлақ ауданының картобы, Панфилов ауданының асқабағы сынды өзге өңірлерден жеткен көкөністердің барлық түрі сатылым жоспарынан әлдеқайда жоғары көрсеткішті көрсетті. Бұл жағынан келгенде тұтынушылардың облыс өніміне деген ризашылығын атап кетпей болмас.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов:
– Біз әкелген өнімдердің сапалы, қала бағасынан әлдеқайда төмен екенін тұтынушылардың жадыраған жүзінен, қап-қап қылып арқалап бара жатқан көрінісінен байқауларыңызға болады. Жергілікті тұтынушылардың ойынан шыққан жәрмеңке өнімі молшылығымен де ерекшеленгендей. Негізінде жоспарлағаннан да көп азық-түлік жеткізілді, – дей келе өнімінің көп бөлігі сатылып үлгергенін де атап өтті.
ӨР ЕЛДІҢ ӨНЕРІ
ТӘНТІ ЕТТІ
Айтулы шара Конгресс-холда өткен мерекелік концертпен жалғасын тапты. Өнерге шөліркеп келген астаналықтар ең әуелі фойеде ұйымдастырылған «Талдықорған – кеше, бүгін, ертең» атты көрмені тамашалады. Мұнда облысымыздағы зауыттар мен шаруа қожалықтарда өндірілетін өнімдердің түрлері мен кәсіпкерлік мекемелер туралы ақпараттар көрсетілген.
Игі шара барысында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев көрме жұмыстарын ұйымдастырған кәсіпкерлік мекемелерді атқарған еңбектері үшін арнайы дипломмен марапаттады. Облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы бастаған жетісулықтар мен Астана жұрты көрме жұмысы аяқталысымен Ұлы Дала әні әуелей түсті.
Конгресс-холда өткен концерттің шымылдығы Сүйінбай атындағы филармония әншілерінің «Ән-шашуымен» ашылды. Қазақ сахарасын әдемі әуез, әсерлі сөзімен тербеген «Қалқа», «Көкшолақ», «Нұр-аға» әндері көпшілікті бірден баурап алды. Құйқылжытып, құбылжытып орындалған туындыларды Құлансаз фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Талдықорған әуендері ансамблінің әншілері де шарықтау шегіне жеткізді. Ал халықаралық байқауларда қанжығасын майлап қайтып жүрген «Алтынай» фольклорлық-этнографиялық би ансамблінің өнерпаздары Ұлы Дала төсінде желмен тербелген қамыс, жағаны ұрған толқын, бірде қалықтаған қыранды көз алдыңа алып келгендей болып, қалың жұрттың жүрегін толқытып, ерекше әсерге бөледі.
Концерттің шарықтау шегі дәстүрлі әнші Бейбіт Мұсаевтың орындауындағы Жамбыл ақынның «Ақындарға арнау» әнінен кейін орын алды. Сахнаға көтерілген М. Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі белгілі композитор Әли Алпысбаевтың сүйемелдеуімен «Шашу» туындысын орындап, Жетісу өнерін аңсап келген астаналықтардың көңілін көкжиекпен астастырды. Одан кейін де сәт-сәтімен орындалған «Орбұлақ таңы», «Біржан-Сара» операсы сынды үлкен шығармалар жанды баурап, күй құдіретіне еріксіз табындырғандай.
Сонымен қатар аталмыш оркестірдің сүйемелдеуімен Италия әндері мен «Қазақ елі» атты опералық ән асқақтап, кемеңгер елдің мәртебесін асқақтатар бекзат өнер өкілдерінің концерті «Мәңгілік Ел» туындысымен мәресіне жетті. Кешті тамашалаған қисапсыз халық Жетісу жайсаңдарының өнеріне тік тұрып ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, концерт соңында облыс әкімі Амандық Баталов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешовтың ықылас гүлі табыс етілді.
Күллі қазақтың мақтанышына айналған ару қалаға Жетісу керуенінің келуі елордалықтардың мерейін өсірді. Үш күнге созылған дүрмек барысында Астана қаласы мен облысымыз рухани байланысты нығайтып, экономикалық, сауда-саттық, туризм, спорт пен мәдени ынтымақтастық орнатты. Осыдан оншақты жыл бұрын алғаш рет Алматы облысында ұйымдастырылған мәдениет күндері ел көлемінде тойланып жатуының өзі үлкен қуаныш. Ал бас шаһар тұрғындарының киелі өңірдің өнері мен өрендеріне деген ризашылығының мол болуы Жетісу өнерпаздарын қанаттандырып, Астанаға деген ыстық сезімдерінің өрілуіне себепші болғаны сөзсіз.