Жеткіншектерді тарихтың уызына жарыту қалтарыста қалып бара жатқан жоқ па?
Екі ай жазда тынығып, қала берді, өңір аралап, ауылдағы ағайынның жағдайына қаныға келген халық қалаулылары үшінші сессияда, кеше алғаш рет бас қосты. Спикер Нұрлан Нығматулин жетекшілік еткен жиында мәжілісмендер Үкіметтен келіп түскен бірқатар құжатты комитеттер арасында бөліп алысты. Жиында әдеттегідей депутаттық сауалдар да жолданды. Соның бірегейі патриоттық мәселесі болатын. Парламентшілер патриоттықты партадан бастау керектігін алға тартып, тағына жаңа отырған білім министріне мектеп туризмін қалыптастыру туралы өтініш тастады.
Біраз үзілістен кейінгі Парламенттегі басқосуда бірінші болып патриотизм мәселесінің көтерілуі де кездейсоқтық емес. Бұған былтырғы жылы Елбасы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясындағы пәрмендер, сосын сол Жолдауға сүйенген Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ұлттың тарихи санасын қалыптастыру туралы толғады. Хатшы баяндамасынан кейін тарихшылар арасында толқын туды, түгел қопарып, тыңнан сүрен салмаса да, таптаурын көзқарастан арылтудың тәп-тәуір қозғалыстары айқындалған. Күні кеше Білім күніндегі жүздесуінде де өскелең алдында патриоттық туралы пайымдарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы да біршама тарқатып тастағаны бар. Десе де, ұлт бойындағы тарихи сананы серпілтуге қатысты атқарылуы тиіс мәселе аз емес. Сондықтан да бірқатар әріптестерінің атынан сөз алған депутат Алдан Смайыл «өрендерде тарихи сана қай кезден бастап қалыптасуы керек?», «тарихты құрметтеу сезімі бүгінгі балдырғанда бар ма?», «жоқ болса не істеу қажет?» деген сауалдарға Үкіметтің, оның ішінде су жаңа министрдің назарын аудартпаққа үміттеніпті.
«Тарихқа оралу – жеңістер мен жеңілістерге, қателік пен даналыққа, өкініштер мен қуаныштарға оралу үрдісі қауырт жүріп атыр. Ал осы қарбаласта, біздіңше, аса өзекті мәселе – жеткіншектерді тарихтың уызына жарыту мәселесі еді, ал бұл қалтарыста қалып барады. Сондықтан да біз бұдан былай мектеп туризмін қалыптастыруға тиіспіз. Өйткені туған халқының тарихи ескерткіштерін әр бала өз көзімен көруі керек», – дейді Алдан Смайыл. Оның пайымынша, ұлт тарихына жеткіншектің құштарлығын оятудың бірден-бір жолы мектеп туризмін қалыптастырумен тығыз байланысты.
Шындығында да, байтақ Қазақ даласындағы өркениеттің ұлы жұрнақтары болып сақталып қалған, ұлт мақтанышына айналған жәдігерлер қаншама?! Ондай тарихи жерлермен жеткіншектер қаншалықты сусындап өсіп жатыр деген мәселенің өзекті екенін де жоққа шығара алмасымыз анық қой. Айталық, Ұлытаудың ұлан өңіріндегі Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелерін, Жетісу мен Ертістің, Көкше мен Сырдың оқушылары түгіл, сол Арқа өңіріндегі шәкірттердің өздері көрді ме екен? Түркістанға, ондағы Ясауи мазарына балаларды ертіп апарып, ұлтқа етене дүниелермен оқушыны табыстырып жатқандар бар ма? Маңғыстаудың баға жетпес тарихи жерлерін өңі түгіл, түсінде көрмегендер көп секілді. Қазақ халқының жоңғарға қарсы тарихи ұрысы болған Орбұлақ шайқасы өткен орынды сол өңірдегі өрен қаншалықты сезініп жүр? Мектеп аясында-ақ Орбұлақтың өнегесіне қанығып шыққандар болса игі еді ғой. Бірақ депутат айтпақшы, қазіргі кемшін дүниенің бірі осы.
«Сонау 90-жылдары ұлттық сана туралы әпіл-тәпіл айта бастаған шағымызда Целиноград қаласында өзіміз арпалысып жүріп ашқан бастауыш сыныптардың балдырғандарын қазақ деген ұлы ұлт екенін, оның ұлы тарихы бар екенін көрсін деп Түркістанға жібергенбіз. Сол өңірлердегі тарихи-археологиялық ғажайыптарды көрген, емін-еркін аралап әңгімесіне қанған жасөспірімдер басқа сезіммен оралды. Өздерінің қазақ халқының перзенттері екендігіне мақтана оралды. Біз қазіргі балаларды осындай патриоттық құлшыныстардан тыс қалдырып жүрміз. Ұлытау, Қарқаралы, Жетісу, Маңғыстау өңірлерінде болған кездесулерімізде осындай ойға шомдық. Талай тарихи жауһарлар құлазып, жетімсіреп тұр. Олар қазақтың бүгінгі ұрпағымен табыспай жатыр», – деп күйінеді Алдан Зейноллаұлы. Сондықтан да халық қалаулылары Білім және ғылым министрлігінен мектеп туризмін қалыптастыру жөнінде арнайы бағдарлама жасауды сұрайды. «Облыстар, қалалар мен аудан әкімдіктері оқу озаттарын жаз айларында еліміздің тарихи жерлеріне сапарға жіберуді мақсат етсе, мүмкіндіктері де жеткілікті емес пе? Егер осылай жасасақ, уақыт өте келе мектеп туризмі республикалық, жалпы, туризмнің сүбелі саласына айналар еді. Қолға алынбай келе жатқан, шын мәнінде елдік маңызы бар осы шараны мектеп туризмін қалыптастыруға ықпал етуіңізді сұраймыз», – деген сауалға депутаттар тобы қолдарын қойған.
Мәжіліс бюджетті бей-қам қарамайды
Төменгі палата өндіріске алған маңызды құжаттардың қатарында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы да бар болатын. Өткенде ғана Үкімет түзген басты үш жылдық қаржы құжатына Мәжіліс 23 қазанға дейін қорытынды шығармақшы. Сөйтіп, айдан астам уақыт бюджеттің «астан-кестеңін» шығара қарауға бекінген депутаттарға төраға Нығматулин де салмақтылық пен салиқалылық тілеп, қалаулылардың қаперінде болуы тиіс позицияны да еске салды. «Мұнда басты мәселе – бюджет қаражатының игерілуінде ғана болмауы керек, жұмсалған қазына қаржысының тиімділігі һәм нәтижесінде нақты көрсеткіштерге қол жеткізу аса маңызды. Мәселен, білім саласын алар болсақ, біз бұл бағытқа бөлінген қыруар қаражаттың игерілуіне көңіл бөліп қана қоймаймыз, нақты нәтижені сұрайтын боламыз. Айталық, бюджет арқасында мектептердегі оқушы орнының тапшылығы қаншалықты төмендеді, үш ауысымды қашан жоямыз деген секілді дүниелерді қатаң сұрайтын боламыз, сол секілді денсаулық сақтауда медициналық қызметтің сапасы қаншалықты жақсаратыны, тұрғын үй құрылысында әлеуметтік баспанаға кезек қаншалықты қысқаратынын қаперде ұстаймыз. Яғни мемлекет қаражаты қайда жұмсалса, сол саладан нақты нәтиже сұралатын болады. Бекітілетін бюджетті қарау барысында Парламентте басқадай еш ұстаным болмауы керек», – дейді спикер Н. Нығматулин.