Жез киік, біздің жақтан қайда кеттің?..
Киікті қазақ қана емес, жер жүзіндегі көптеген халық кие тұтады. Алайда киесіне ие бола алатындар да бар, барынан айырылып қалып жатқандар да жеткілікті. Соның бірі біз екенбіз. Айталық, өткен ғасырдың елуінші жылдары қазақ даласында жортқан киік саны 5 миллионға жетіп жығылса, қазақ жеріндегі киік саны 18-20 жылдай бұрын 1 миллион 200 мыңға түсіп кеткен. Ал қазір мамандар «қазақ жеріндегі киік саны 70 мыңды құраса жарар еді» деп қыпылықтап отыр...
Олардың пайымдауынша, Қазақстан аумағындағы киік атаулы Үстірт, Бетпақдала және Еділ-Жайық таралымы (популяциясы) болып шартты түрде үш топқа бөлінетін көрінеді. Ал ғалымдар «ақбөкен атаулы осыдан 14 мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болған» деген мәліметті алға тартады. Содан бері оның басынан талай зауал өткені кәміл. Тіпті оның кейбір «замандастары» мен жасы кіші «бауырлары» жер бетінен біржола жойылып кеткені мәлім. Ал ол, құдайға шүкір, әлі келеді. Сөйте тұра оның бүгінгі ең басты жауы адам болып отыр.
Пікір
Владимир Кертиев, «Охотзоопром» РМҚК күзет қызметінің бастығы:
– Биыл бөкендерді заңсыз аулауға қатысты төрт дерек тіркелді. Оның ішінде, Батыс Қазақстан облысында – бір, Қарағанды облысында – екі және Қызылорда облысында бір дерек. Соңғысы – осы Қызылорда облысында болған оқиға. Тапа-тал түсте дүкенде киік еті сатылып жатқаны естілісімен, «жалған» сатып алушының көмегімен саудагер әйел ұсталды. Батыс Қазақстан облысында бір киік мүйізі табылды. Бірақ ол дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ. Былтыр еліміз бойынша бөкен басы 61 мыңды құрады. Оның ішінде, Үстірт киігі – 10 400, Бетпақдала жануары – 32 300, Жайық алабы киігі – 18 300. Жыл сайынғы табиғи өсім – 15 пайыз деңгейінде. Биылғы санақтың қорытындысы әлі белгісіз. Айта кетейік, 2004 жылдан бері республикада киікті қорғау жақсы жолға қойылды. «Қызыл кітапқа» енгізіліп, айрықша қамқорлыққа алынған жануардың бірі – жайран. Өкінішке қарай, оны аулайтындар да тыйылмай отыр. Биыл Маңғыстау облысында алты бірдей жайранды жайратып салған браконьерлер ұсталды.
Александр Грачев, Білім және ғылым министрлігі Зоология институтының қызметкері:
– Батыс Қазақстан аумағында киіктің жалпы саны көбейгенімен, үйірдегі мүйізді аталық саны тым мардымсыз. Біз бұған жақында қырға шығып келген сапарымызда және бір мәрте көз жеткіздік. Егер теке атаулы үйірдегі жалпы киік санының бір пайызынан кем болса, бұл – төл өсіміне кесірін тигізетін фактор. Яғни аталық ақбөкендердің үйірге түсу бәсекесі жойылып, «мықтыдан мықты туады» деген табиғи сұрыптау қағидасы бұзылып барады.
Мәселен, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақстанда кең қанат жайған мал һәм егін шаруашылығына «қауіпті фактор» ретінде бағаланып, ақбөкен атаулыны шаруашылық мақсатта атып-аулауға рұқсат берілгені мәлім. Сол кездері жылына 90 мың тонна киік еті өндірілген екен. Ал киік мүйізін экспорттаудан түскен қаржы жылына 3 миллион долларға жетіп жығылған көрінеді.
Киіктің мүйізі біраз қатерлі дертке дауа болатын дәрі-дәрмектің негізгі шикізаты екендігі – бүгіндері еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін белгілі жайт. Тап қазір Қытайда бір келі киік мүйізі – 100 доллар. Бұл – браконьер біткенді күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айыратын баға.
Әгәрки ғалымдардың дерек-дәйегіне сенсек, негізінде, бір күйек кезеңінде бір теке әдетте 15-30 аналықтың «көңілінен» шығады. Әрине, бұл – үйір үшін тайталаста мықтылығын дәлелдеген аталықтың ғана қолынан келетін шаруа. Ал қазір киік үйірлерінде ондай табиғи бәсеке жоқтың қасы. Яғни аналықтар барға шүкіршілік қылады. Әдетте бұрын текелер ешкі-шыбыштарға иелік ету үшін майдан салса, бүгіндері ұрғашы киіктер аз-маз аталықтың назарын өзіне аудару үшін қырықпышақ болатын көрінеді.
Байтас Хайруллин, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық аңшылық және орман шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторы:
– Халықтың тұрмыс-тіршілігінің оңалуы және табиғатқа жанашырлық жөніндегі жүйелі үгіт-насихат өз жемісін беріп, браконьерлік сап тыйылмаса да, біраз саябырсыды. Соның бір айғағын мына бір мысалдан аңғаруға болады. 2003 жылы Орал өңірінің аумағында 6,5 мың жарымдай киік көзге шалынып, санаққа іліксе, былтырғы күзгі санақта 18 200 ақбөкен барлығы анықталды.