"Жұмысқа орналастырамыз деп ақша алды": Шымкентте компанияға алданған азаматтар шу көтерді
Шымкентте еңбекпен қамтимыз деген компанияға ақша беріп, енді жылдап жұмыссыз жүргендер агенттік басшысын ұра жаздады. Айтуларынша, "Акцепт" деп аталатын агенттік Маңғыстау мен Атырау өңіріндегі ірі мұнай-газ компанияларына жұмысқа орналастырамыз деп, 64 мың 500 теңге алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Компания түбіртегіне дейін беріп, келісімшарт та түзеді. "Әрі кетсе, он күнде айлығы жарты миллиондық жұмысқа тұрғызамыз" деген басшылық артынан хабарсыз кеткен. Алданған жұрт бүгін олардың кеңсесіне келіп шу шығарды. Ашуға булыққандардың бірі, тіпті есінен танып, бір өлімнен қалды.
Жұмысқа орналасуды қалаған азаматтар "Акцепт" агенттігі жайлы жарнамадан білген. Хабарласқан кезде жеке қабылдауға шақырғандар 64 мың 500 теңге төлесең болды, әрі кетсе екі ай ішінде Атырау мен Маңғыстаудағы ірі мұнай-газ компанияларына жұмысқа орналастырамыз деп уәдені үйіп-төккен. Тіпті, сендіру үшін қолдарына ақшаның төленгені туралы түбіртек беріп, келісімшарт түзген. Алды екі жыл уәдеге сенгендер енді агенттікті алаяқ деп отыр.
“Екі ай ішінде кіргізіп береміз деді. Одан кейін "әнеміне", "келесі айда" деп, қазір де "келесі айда кіргізіп берем" дейді. Мен телефонмен хабарласамын, ал келсем: "Электромонтаж керек емес" дейді. Менен кейінгі потниктерге "электромонтаж керек" дейді. Солай алдап жібереді”, – дейді Түркістан облысының тұрғыны Ғабит Қазанбай
Жұмыс күтіп жүргендердің саны қазір 300-ден асқан. Алданғандардың арасында Шымкенттен ғана емес, Қызылорда мен Түркістан облысының тұрғындары екен. Бірнешеуі "жалақысы жарты миллиондық жұмыс" деген компанияларға жіберген де екен. Бірақ айтқаны мен көргеніміз мүлдем басқа деп отыр.
“Барған соң оқытады деді. Оқытқан жоқ. Тамағы жақсы болады деді. Тамағы жақсы емес, былайша айтқанда, нан сатып алып жедік қой. 509 мың деп айтты, 75 мың 651 теңге алдым ғой. Бір ай істеп. Ол жақта қарызданып, 150 мың теңгеге қарызға кірдім”, – дейді Түркістан облысының тұрғыны Ерлан Әсілбеков.
"Не жұмыс, не берген ақшамыз жоқ болған соң, денсаулығымыздан айрылдық" деп мұңын шағып тұрғанда, жиналғандардың бірі есінен танып қалды. Он төрт жылдан бері жұмыс істеп тіркелген 12 мың адамның барлығын "жұмыспен қамтыдық" деген агенттік басшысы Қазақстанда үш жерде өкілдігі бар екенін айтады. Ақшаны ешкімнен күштеп алғаным жоқ деген ол: "Төленген теңге қайтпайды" деп кесіп айтты.
“Мен бұл ақшаны қайтармаймын, жігіттер. Ақшаны қайтару үшін алмаймын. Мен үйінен сұрап алып жатқан жоқпын. Қарызға алып жатқан жоқпын. Мен өзімнің шартымды түсіндіріп айттым. Өзімнің шартыма көнсе, төлейді”, – деді Ассеpt жұмысқа орналастыру агенттігі Шымкент филиалының директоры Шыңғыс Туғанов.
"Ешкімді алдаған жоқпын" деген басшы жұмыс болып қалады дегенімен, оған сенуден қалғандар полиция шақырды. "Алдандық" дегендер компанияны түгел тексеруді талап етіп, сот арқылы бергенін қайтарып алсақ болды деп отыр.