Жұмысшы топ жұмысын бастады
Ордабасы ауданыда нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару жөнінде жұмысшы топ құрылып, алғашқы мәжілісін өткізді, - деп хабарлайды "Алаш айнасы".
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Дүйсембаевтың мәлімдеуінше, ауданда пайдаланылмаған жер көлемі 7236 гектарды құраған.
Аудан әкімі А.Мамытбеков бұл деректі статистика басқармасы мен кірістер басқармасының көрсеткіштерімен салыстыруды ұсынды. Сонымен қатар, бүгінге дейін ескерту жолданған, соған қарамастан жерді пайдаланбаған азаматтардың тізімін нақтылап, жерді мәжбүрлеп қайтару үшін құжаттарды сотқа жолдауды тапсырды.
Бөген аыл округінің әкімі Б.Шәмет өз аумағындағы қараусыз 295 гектар жердің егесін табу қиынға соққанын алға тартты. Мекенжайын анықтай алмағандықтан ескерту де жолданбай отырғанын жеткізді.
Алмасбек Кеңесбекұлы ауыл әкімдеріне халыққа қызмет көрсету орталығының көмегіне жүгініп, түгендеу жұмысын жүргізуді жүктеді.
Аудандық прокуратураның прокуроры С.Сапарымбетов 2015 жылы жолданған ескерту хаттардың нәтижесін шығаратын мерзімнің жеткенін тілге тиек етті.
Жиынның соңында жұмысшы топ мүшелерімен аптасына бір рет жиын өткізіп, атқарылған шараларды саралап отыру келісілді.