Д.Құзыкейұлы, Баян-Өлгей әкімі: Моңғол азаматтығын алған 800 қазақтың бәрі қайта көшіп барғандар емес

Д.Құзыкейұлы, Баян-Өлгей әкімі: Моңғол азаматтығын алған 800 қазақтың бәрі қайта көшіп барғандар емес

Деректерге сүйенсек, тәуелсіздіктен кейін Моңғолиядан елімізге 70 мыңдай қандасымыз көшіп келген екен. Олардың 55 мыңнан астамы Баян-Өлгейден оралған. Ал, Моңғол жерінде қалған қазақтың саны бүгінде 150 мыңнан асады. Яғни, 90 мыңнан аса қандасымыз Баян-Өлгейде, 20 мыңдай қазақ Ұланбатыр маңында қоныстанған болса, Қобда өңірінде 10 мыңнан аса ағайын тұрады. Бұдан өзге үлкенді-кішілі аудан, ауылдарға да бытырай қоныс тепкен қазақтар бар. Бұл күнде қазақтар шоғырлы қоныстанған Баян-Өлгей аймағындағы қандастарымыздың халі қандай? Қазақтілді мектептер бар ма? Ондағы қазақ тілді БАҚ қалай жұмыс жасауда? Өткен жылы Моңғолиядан келген 800 қазақ неге көштің басын кері бұрды? Осы сауалдар төңірегінде сәуір айының басында Астана қаласында ресми сапарда болып қайтқан Баян-Өлгей әкімі (біздіңше облыс әкімі) Дәрмен Құзыкейұлын аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Армысыз, аға! Астанаға қош келдіңіз. Баян-Өлгейдегі ағайынның жағдайы қалай?
– Моңғолияда 150 мыңдай қазақ бар. Баян-Өлгей аймағындағы 100 мың халықтың 92 пайызы қазақтар. Аймағымыз Моңғолияның батыс өлкесінде, орталықтан шалғайда орналасқан. Өркениеті орталықтан алыс болған соң аздап қалыс қалып жүрген жайы бар. Алайда, нарықтық экономикаға көшкеннен бері көршілес елдермен, қандас ағайындарымызбен көптеп араластық. Ағайын туыстарымызды таптық. Өркендеу бағытына бет бұрып жатырмыз. Аймағымыз Алтай тауының теріскей бетіне орналасқан таулы өлке болғандықтан мал шаруашылығын негіз етеміз. Егіншілікпен аз айналысамыз. Дінімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді жақсы ұстанып келеміз. Әсіресе, біз аймақта тіл мәселесі дегенге көп бас ауырта қоймаймыз. Себебі, біз өз тілімізде оқып, жазуға толықтай мүмкіндік алғанбыз. Ал, ішкі өлкелерде аз санды болып өмір сүретін қазақтарды тіл мәселесі қинайтыны шындық.
– Баян-Өлгейде қанша қазақ мектебі бар?
– Бай Өлкедегі 42 мектептің 10-ы ғана моңғол мектебі, өзгесінің барлығы қазақ мектептері. 1990 жылдардан бұрын оқулықтарды Қазақстаннан алатын едік. Совет елі мен Моңғолияның оқыту бағдарламасы бірдей болған. Совет Одағы ыдырағаннан кейін Моңғол тіліндегі оқулықтар қазақ тіліне аударылып, мектептерге енгізілді. Қазақ мектептердің барлығында сабақ қазақ тілінде жүргізіледі. Тек, 3-4 сыныптан бастап қана моңғол тілі сабағы енеді. Мектеп тауысқан соң Қазақ еліне келіп оқитындардың қатары мол. Балаларымыз бұдан өзге Түркия және Араб елдеріне барып оқып жатыр.
– Соңғы кездері Моңғолиядағы қазақтілді БАҚ жанданып келе жатқан сияқты...
– Иә! Біз жабылып қалған бірнеше басылымды қайта шығарып жатырмыз. Моңғолияда жергілікті баспасөзге бюджеттен ақша бөлуді тоқтатқан. Оған қарамастан әкімдік тарапынан ақша бөліп, 2013 жылдың басынан бастап арасында аздап үзіліс болған «Шұғыла» журналын, «Жаңа дәуір» газетін қайта оқырманмен қауыштырдық. Тіпті, тиражын да молайттық. «Моңғол-Заман», «Бай Өлке үні» деген газеттер шығып жатыр. Олардың қатарына тыңнан «Білім» деген газетті қостық. Осы басылымдарда «Қазақ тілін қалай үйренеміз?» деген арнайы айдар ашып, моңғол тіліндегі тың терминдерді қазақшаға аударып оқырманға ұсынып отырамыз. Іс қағаздарының барлығы моңғол тілінде жүреді. Солай болса да таза сөйлейік деген мақсат біздікі. Қазір Баян-Өлгейде қазақ тілінде ақпарат тарататын «Дербес», «Наз», республикалық MN 2 телеарнаның аймақтағы филиалы сияқты 3 телеарна бар. Республикалық MN 2 телеарнасы аптасына үш күн, екі сағаттан қазақша бағдарлама таратады. Оның сыртында Қазақстанның барлық телеарнасын еш кедергісіз көріп отырмыз. Балалар «Балапан» деген телеарнаның алдынан тұрмайды. Моңғолы да, қазағы да соны көреді.
– Моңғол топырағындағы қазақтың ұлттық дәстүрі мен Ислам дінінің дамуы қандай?
– Қазір біздің балаларымыздың Түркиядан, Араб елдерінен білім алуына жол ашылып, мүмкіндіктер туып жатыр дедім ғой. Моңғолияда Дін басқармасы деген құзырлы органмен қоса, бірнеше Мұсылман қоғамдары бар. Дінді дұрыс ұстануды солар жіті қадағалап отырады. Жақында теріс ағымда үгіт-насихат жүргізген қырғыз ағайындарды біз тексеріп, Дін басқармасымен бірлесе отырып шектеу қойып, сол күні олар Моңғолияның жерінен шығарылды. Мешіт салып, медресе ашқандарға шек қойып жатқан ешкім жоқ. Кейбір қазақ мектептері жоқ өңірлерде балалар қазақ тілі мен мәдениетін сол мешітке барып үйреніп жүр. Тіпті моңғолдардың өзінде ислам дінін қабылдағандар көп.
Дәстүр жайлы айтар болсам, сіздердің араларыңызда билік басына тек қана моңғол өкілдерін қойып отыр деген де қауесет бар екенін жақсы білемін. Өткен жылдан бастап Наурыз мерекесін халықтық мереке ретінде өте жоғары деңгейде тойлап келеміз. Ұланбатыр қаласында Шыңғысхан атындағы орталық алаң бар. Әз Наурыз келгенде сол алаңға киіз үй тігіп, мерекелік шеру өткізіп, концертімізді қоямыз. Биылғы Наурыз тойына Президент Цахиагийн Элбэгдорж қатысып, бүкіл қазақ халқына құттықтау айтты. Ал, Парламент спикері біздің аймағымызда өткен Наурызда болды. Моңғоляда «Бүркіт тойы» атты құсбегілерге арналған жарыс жыл сайын өтіп тұрады. Бүркіт саятшылары деген үлкен топ бар. Олар қазір ЮНЕСКО-ға тізімделді. Сол арқылы, Моңғол үкіметі қазақ деген елді дәріптеп, екінші жағынан туризм саласын өркендетіп жатыр. Міне, осылайша дәстүріміз жаңғырып келеді.
– Өткен жылы 800-дей қандасымыз Моңғолияның азаматтығын қайта алды. Көштің кері қайтуына не себеп болды?
– Бұл жерде бір жақсақтық бар. Анығырақ айтқанда, 800 кісінің барлығы Қазақстаннан қайта көшіп барған жоқ. Олар бірен-сарандар ғана, ұзын саны 300-ден аспайды. Оның өзінде денсаулық жағдайы, климаттың жақпауы себеп болған. Ал, көбі Моңғолияда жылы орнын суытпаған ағайындардың құжатын пайдаланып Қазақстаннан квота алған. Қазақстан тарапы оларды азаматтыққа қабылдаған кезде Моңғолия жақтан азаматтықтан шығып қалған. Оны моңғолдар да істеген жоқ. Жылпостыққа барған және біздің «пысық» ағайын. Моңғол елінің азаматтығынан шығып қалған соң барлық көмек те тоқтатылатыны белгілі. Сондай әлеуметтік көмектен қағылған адамдар біздің әкімшілікке арызданды. Оны біз Президент Цахиагийн Элбэгдоржге мәлімдедік. Сонымен Үкіметтен арнайы комиссия жіберіліп бүкіл Моңғолия бойынша азаматтықтан шығып қалғандардың тізімін жасады. Қазақстанға бармағандары анықталған 892 қазаққа Президент қайтадан жарлық шығарып, азаматтық берді. Осы аралықта әлеуметтік көмектен қағылғандардың нәпақасын да үстемелеп қайтарып берді. Соның өзінде Қазақстаннан аларын алып алған кей ағайын қайырылып Моңғолдың азаматтығын алуды өтініш етті. Бірақ, комиссия мүшелері қолдарында көк паспорты барларға тек Қазақстан азаматтығынан шығып келгенде ғана Моңғол азаматтығын беретінін айтты.
– Қазіргі кезде көштің беталысы қалай болып тұр?
– Қазақстан тәуелсіздігін ала салысымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шеттегі ағайынды шақырды ғой. Сол кезде Қазақстаннан ұшақпен, камазбен, пойызбен төгіліп тұрып келем дегендердің барлығын артты ғой. Қазақ елі өзінің шамасына қарай атажұртына келген қазаққа бар мүмкіндікті жасады. Көш нәтижелі болды. Қазіргі кездегі қалған халықтың көшуі өз еркінде. Оны Моңғол үкіметі де шектеп отырған жоқ. Қайтып барамын десе де өз еркі. Біз осындай кеңшілік ортада өмір сүріп жатырмыз ғой. Көпке топырақ шашуға болмас, сонда да кей жандардың еркелікті көтере алмай жаңағыдай тірлік жасап жүргені қынжылтады.
– Осы жолғы ресми сапарыңыздың мақсаты қандай?
– Бұрынғы кездері Қазақстаннан барлық басылымдар баратын еді. Кейіннен ол үрдіс жалғасын таппай қалып жатты. ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен былтыр аймағымыздың Орталық кітапханасы 4000 данадай қазақша кітаппен толыққан. Осы сапарымызда да Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаевпен ресми кездесіп, аймақтағы орталық және аудан кітапханаларын қазақ тіліндегі әдеби, танымдық кітаптармен қамтамасыз ету, аймақтық Мұражай жәдігерлерін қалпына келтіру, Қазақ ұлттық театрының іс-қызметін жақсарту бағытында материалдық, әдістемелік көмек көрсету сияқты ұсынысымызды жеткіздік. Асқар Исмайылұлы соңғы жылдары басылым көрген қазақ тіліндегі барлық кітаптарды, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шығармаларын, сондай-ақ, аудио және видео кітаптарды жинақтап, жуық арада Баян-Өлгей аймағы кітапханаларына жөнелтуді Тіл комитетіне, Баян-Өлгей аймағы театрымен ынтымақтастық қатынасты нығайтып, әр-түрлі деңгейде көмек көрсетуді Мәдениет комитетіне тапсырды. Сондай-ақ, министр мырза аймақ театры бүгінгі күні аса зәру болып отырған дирижер, балетмейстр, хормейстр, режиссер қатарлы мамандықтар бойынша 10 грант бөліп, 10 кәсіби маман дайындау жұмысын қолға алуды Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясына, ал, соңғы жылдары ойналған қазақтың тарихи кинолары мен балаларға арналған мултфильмдермен қамтамасыз етуді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамына жүктеді. Баян-Өлгей аймағы Мұражайының жағдайын көзбен көріп, қажетті қолдау көрсетуді ҚР Орталық мемлекеттік музейінің директоры Нұрсан Әлімбайға тапсырды.
Сонымен қоса, Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұров пен Моңғолия Жол тасымалы вице-министрі Ержан Қабышайұлы Баян-Өлгей мен Өскемен арасындағы әуе қатынасын қайта жандандыруға арналған хаттамаға қол қойды. Енді мамыр айында Ұланбатырда өтетін үкіметаралық комиссия отырысында екі жақ меморандумға қол қоятын болады. Ал, келесі жылы екі ел астаналары арасында тіке әуе қатынасы болады деп межеленіп отыр. Қазіргі кезде біздің Қазақстанға келуімізге екі жол бар. Бірі, Ресейді басып өту, екіншісі, Қытай териториясы арқылы келу. Екі бағыттың да жол қиындығы бар.
– Ең соңында әңгіменің ауанын өзіңіздің ата-тегіңізге және қызмет жолыңызға қарай бұрсақ деп отырмын...
– Біздер 1860-1870 жылдары Алтай бетінен Қобда бетіне қоныс аударған қазақтың бұтақтарымыз ғой. Сол қазақтар көшінің бұйдасын ұстаған Жылқышы деген ақсақалдың ұрпағымын. Яғни, кезінде Шығыс Түркістан құрамыз деген төңкерісшіл жеті азаматтың бірі – Дәлелхан Сүгірбаевтың ұрпағымын. Жылқышы Сүгірбайдың әкесі. Әкем де, өзім де Моңғол жерінде туылғанбыз. Керей баласымыз. Соның ішінде шеруші руынан тарайтын Бақат еліненмін. Мамандығым – электр инженері. Әкім болып билікке келуге дейін үздіксіз энергетика саласында жұмыс жасадым. Өзің сұраған соң айтайын, өз саламды жұмысшы болып бастап, сол ұйымның басшысына дейін көтерілген адаммын. 4 рет аймақтық құрылтай мүшесі болып сайландым. Сіздерше депутат қой. 2012 жылы елімізде құрылтай сайлауы болды. Күзінде жергілкті сайлау өтті. Біздің құрылым бойынша алдымен құрылтай мүшелігіне сайланамыз. Кейіннен құрылтай мүшелері әкімдікке ұсынады. Оны бас уәли ұлықтайды. Осы әкімдік жұмысты атқарғаныма бір жарым жылдай ғана уақыт болды. Біз Түркі әлемінің алтын бесігі болған Алтай тауының теріскей бетінде өмір сүріп жатырмыз ғой. Батыста Қазақстан, оңтүстікте Қытай, солтүстікте Ресеймен шектесеміз. Өткен жылы осы елдердің бәрінде болдым. Көрші елдермен қарым-қатынасты нығайтуды қызметімнің басты бағдары етіп алып отырмын. Еларалық қатынастар жақсарса ел өркендейді. Алтай тауының баурайын мекендеген түркі тектес халықтар, соның ішінде қазағым өркендесе екен деген түпкі ой ғой мені мазалайтын. Сондықтан да, қазақтың тілін, дәстүрін өркендетуге жұмысымның көбін арнап жүрмін.
– Әңгімеңізге рахмет! Қазақ аман болсын!!!

Сұхбаттасқан Майгүл СҰЛТАН, BAQ.KZ

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста