Германияға атпен кірген қазақ

Германияға атпен кірген қазақ

Данабек Байсалқановтың ерлігін жас ұрпақ ұмытпақ емес

1941 жылдың 6-тамызында менің нағашы атам Байсалқанов Данабек Үржар ауданы Науалы ауылынан соғысқа аттанады. "Науалы ауылынан бір күнде елге тірек болып отырған 60 ер-азамат соғысқа аттанды", - деп есіне алатын атам сол зұлматты жылдарды.
Майданға алғаш аттанған күндерін атам ерекше көңілмен еске алатын: "Березовка деген жерге әкелді, осы арада казармада тұрып, әскери дайындық жасадық. 1941 жылы қазанның аяғында қыстамаға барамыз деп қатарға тұрғызып жаяу күні-түні жүріп отырдық, бір жерге келіп тоқтадық. Ол кезде әскерлерге паек пен темекі береді, әлгі темекіден қатты уланып, сол күннен бастап темекімен қоштастым" - деп есіне алатын. Ол жерде Алматы облысы, Ұзынағаш ауылының азаматы Рахимов Әбдіқайым деген қазақ жігітімен танысып, екеуі қоян қолтық араласып, достасып кетеді. Ол жігіт оқымысты, өте ақылды еді. Қыс таяп қалғанда әскерлерге беретін азық-түлік азаяды, оның үстінде кей күндері Қиыр Шығыста 50-60оС суық болады екен. Бет қарыған аязға азаматтардың көбі шыдамай, ауруға бой алдырып жүдеп-жадады. Сонда атамның досы Рахимов Әбдіқайым: "Дәке біз бұған берілмейік, атам қазақ не көрмеген, басынан талай-талай қиыншылық өткізген, ашаршылықты да талай бастан кешірген. Бұл қиыншылыққа біз де шыдайық" - деп қазақ жігіттерін жұбатады екен. Майданда жүрсе де мойымаған қазақ жігіттері елден келген хатқа өлеңмен жауап қайтарып, сөз қағыстырып ой жарыстыратын.
1942 жылы взвод Байкал өзенінің жағасына орналастырылады. Қысты осы жерде өткізеді. Осы жылдың мамыр айында Жапониямен шекаралас жерде Блавещенск қаласының жанындағы әскери госпитальді көшіріп, жөндеп екі ай жүреді.
1943 жылы үшінші қаңтарда поезбен Новосибирск арқылы Саратов қаласына апарады да, сол жерден қайнап тұрған өрттің ішіне Курск соғысына жөнелтіледі. Сол шайқаста жараланып екі-үш ай емделеді. Госпитальда жатқанда атамнын түсіне анасы кірді: "Сен неге жүрсің, тез үйге қайт"- дейді екен. Сондағы атамнын анасына жазған өлеңі:

Госпитальда жатып езіліп,
Ойға түсіп, желігіп.
Қарындаш-қағаз қолға алдым,
Түсіме шешем көрініп.
Үйге жүр деп ұрсады,
Неге жүрсің желігіп.
Қайтардым жауап анаға,
Анасы ыстық балаға.
Дәм тартпаса қайтеміз,
Жазудан артық бола ма
Госпитальда жүрмін бағынып,
Еттегі түскен жараға.
Үш кісіге сәлем айт,
Үлкен - кіші, балаға.
Қайтарып жауап хат жазсын,
Мен тұрған осы қалаға.
Қайран елді сағындым,
Үш жыл өтті арада.

Сол жылы мамыр айында госпитальдан шығып Калуга қаласындағы запастағы полкке жіберіледі. Курск маңындағы шайқастан соң сол жерге қазақ әртістері келіп концерт қойған екен. "Сондағы қазақ жігіттерінің отандастарын қаншалықты қуанышпен қарсы алып, төбелері көкке жеткенін сөзбен жеткізу қиын"- деп есіне алатын атам.
1944 жылы Москва маңында тағы бір мәрте жараланып, мамыр айының бесі күні госпитальден шығып, сол маңдағы Ковалерикий полкіне ауыстырылады. Сол госпитальда жатып атамның шығарған өлеңін келтірейін:

Біз биыл мекен қылдық Қарпат тауын,
Бұлай шықса төгіп тұрар күнде жауын.
Жау оғы жаңбырменен бірге жауын,
Тілейміз бір құдайдан деннің сауын.


Қарпатта қалың ағаш, тас болмайды,
Қарпатты жағалаған аш болмайды.
Польша, Венгрия, Совет, Герман,
Өлімнен бір минутта бос болмайды.


Эльбаның окоптамыз өзенінде,
Жау оғы күндіз-түні кезелуде
Қаламыз қай арада кім біледі
Өлгеннің арманы жоқ өз елінде!


Тарихта таңба болып басылған жер,
Бізді жау санап жатыр осындағы
Соғыстың бітерінде бірігіп ап,
Эльбада төрт держава қосылған жер.

Атамнын айтуы бойынша 1945 жылдың қаңтар айының үші күні взвод немістің жеріне барып кіреді. Қазақстандық жауынгерлерден құрылған әскери жасақ Германияның бір қаласына орналастырылады. Кеңес әскері зауыттар мен фабрикаларды, ірі ғимараттарды түгелін дерлік өзіне бағындырады. 1945 жылдың наурыз айында взвод қайта толықтырылып, қару-жарақ, атпен жасақталып Германияның өзге қалаларын фашистерден азат етуге жол тартады. Күндіз бір-екі сағат аттарды тоқтатып алып жүре береді. Сәуірдің ортасына дейін жүріп отырып бір пороход жүретін үлкен өзенге келіп тіреледі. "Оның қираған көпірін барлығымыз екі-үш күнде қалпына келтірдік, әлгі өзеннің аты Эльба екен. Өзеннен өткенде тағы соғыс басталды да, бір қоршауда қалдық деп хабарлады, окопта жатырмыз, жаудың өзі атыса бастады, біз олардың бетін қайтарып қырып салып отырдық". Сол соғыста атам "За отвагу" деген медальмен марапатталады.
Эльба түбіндегі шайқас қияң-кескі еді, жауынгер көп жараланып, кеңес әскері көп запа шегеді. Жараланғандардың барлығы село маңындағы бір үйге әкелініп, сонда кішігірім госпиталь жабдықталды. Қазақ жігіт Данабекпен ерекше достасып кеткен украиндік Чернов деген жігіт: "Мен сенімен Қазақстанға барамын, менің Украинада ешкімім жоқ, барлығын соғыста немістер қырып кетті"- деген екен. Ол жігіт осы госпитальда көз жұмады. Алдағы күндерден үміт күтіп, болашақты аңсаған достар тағдырлары тоғыспайды.
Эльба түбінде ерлік көрсеткен взвод бұл ұрыстан соң ымырт үйірілісімен қоршауды бұзып, әлгі жерден ары қарай түнімен жүріп отырып, келесі қалаға келіп тоқтады. Қала ішіне кіріп келгенде, үш жыл бойы елдің бетін көрмеген қазақ жауынгерлері екі қара түйе жеккен бір арбаны көріп, елі-жері естеріне түсіп көздеріне жас үйіріледі. "Сол қалада үш күн тоқтадық, қаладан тысқары қырық шақырым жерге кері қарай апарып күтім көрмеген қару-жарақты, арба-саймандарымызды түгелдей құмменен тазартып, тот басқан жерлерін қырғызып, майлатып, аттарымызды доғартып сол жерде түнеп дем алдық" - деп есіне алатын.
"1945 жылы сегізінші мамыр күні сағат үште соғыс бітті деп алақайлап солдаттар бір-бірінен сүйінші сұрап жүр. Біз сенімсіздікпен орнымыздан көтерілген едік, командир соғыс бітті біз жеңдік деп хабарлағанда ғана көзіміз жетіп, шын жеңісті сезіндік. Қуанышымызда шек жоқ, бірін-бірі құшақтап жатқан ел, бірін-бірі сүйіп жатқан ел қуаныштан жылады" - деп жеңіске жеткендерін солай деп есіне алатын.
Үш Ковалерский полк астыларындағы жылқымен Германия жерінен елге бет түзеді. Бір айға жуық жүріп Венгрияның орталығы Будапешт қаласына келеді. Фашистер Венгрияны басып алғанда армиясын өзіне қаратып алған екен. Алайда Венгрия жері кеңес әскеріне өздері берілді. Атамнын айтуы бойынша: "Венгрия мәдени-экономикалық жағынан өскен, халқы бай, елге қырдан келген жауынгерлерге таңқалыспен қарады. Әрбір отбасы жарты немесе бір гектар жерге жүзім салады екен. Сол Венгрияның жерінен жылқы жүрісімен Батыс Украинаға келдік. Соғыс аяқталды деп алақайлағанымызбен бұл жерде Бандеровшылардың тоғай арасынан жасаған шабуылына кез болдық.
1945 жылдың бірінші қарашасында пойызға аттарды, арбаны, пулемет, винтовка, қару-жарақтың барлығын тиеп Чкалов облысына келдік, сол арада барлығын өткізіп бердік. Осы жерде ұзақ сапарым аяқталды" - деп есіне алатын қарт жауынгер. Араға 2-3 ай сала туған еліне келіп жетеді. Малақ ауылының жолында қарындастары тосып алады. Сонымен аман-есен үйге келдік дейтін атам.
Атам Байсалқанов Данабек ұлы отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толған мерекесіне жете алмады, 2008 жылы 95 жасында дүниеден озды. Ұлы отан соғысындағы Кеңес өкіметінің жеңіске жету жолында әр жауынгердің еңбегі зор. Сондықтан қазақ жауынгерлерінің майдан даласындағы ерліктері мен тылдағы табандылықтары ешқашан да ұмытылмау керек.

Қыздары:
Байсалқанова Ағила Данабекқызы,
Қарлығаш Данабекқызы,
немерелері және шөберелері

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста