"Концлагерьден" қашқан қыз Мырзашөлдi игеруге белсене қатысты

"Концлагерьден" қашқан қыз Мырзашөлдi игеруге белсене қатысты

Осыдан бiраз уақыт бұрын редакцияға Мақтаарал ауданы Азаттық ауылының тұрғыны Тұрсынхан Қожанов есiмдi ақсақал хабарласты. Облыс орталығындағы Ардагерлер үйiнде демалып жатқанын айтқан ол: «Осында соғыс кезiнде немiстердiң азап лагерiнде болған, кейiннен тағдыр айдап Мырзашөлден бiр-ақ шыққан бiр ардагер ана бар. Өздерiңiз келiп, ол кiсiмен сұхбаттассаңыздар жақсы болар едi» дедi. Әрине, немiс басқыншыларына қарсы соғыста қолына қару ұстағандармен қатар соғыс зардабын ерен еңбегi арқылы жоюға атсалысқандардың қай-қайсысы болса да бүгiнгi ұрпаққа үлгi етуге әбден лайық. Осы оймен аталған мекемеге ардагер ананы арнайы iздеп бардық.

Мейiрбан жүздi осынау жанмен әңгiме барысында шүйкедей ғана кейуананың талай тағдыр теперiшiн қаршадайынан көрсе де қаймықпаған қайсарлығына қайран қалдық.
Мария Якубқызы 1927 жылы Ресейдiң Новосiбiр қаласында дүниеге келген екен. Жұмыс барысымен сол қалаға барған әкесi, қазан татары Якуб ол жақта анасы Қадишамен танысып, екеуi бас қосқан. Арада бiраз жыл өткен соң Украинаға қоныс аударыпты.
– Әкем жаңадан салынған үйлердiң сыртқы қабырғасына түрлi өрнектердi көшiрiп басатын «трафаретчик» болып жұмыс iстейтiн. Ал, анам 9 құрсақ көтерген аяулы жан едi, – деп еске алады Мария әжей. – Бiз бәрiмiз Украинаның Запорожье облысындағы Мелитополь деп аталатын қалада үлкен отбасы болып өмiр сүрiп жаттық. Сол қалада бiлiм алдық, балалық шақтың бал қызықтарын өткiздiк. Алайда, сондай мамыражай тiршiлiгiмiздi елiмiзге басып кiрген немiс фашистерi тас-талқан еттi. Қаламыз немiстердiң ары-берi кедергiсiз өтетiн күре жолының бойында болғандықтан фашистердiң жергiлiктi тұрғындарға көрсеткен небiр зорлық-зомбылықтарына куә болдық. Отбасымыздағы үлкендер майданға кеттi де, әлi кәмелет жасқа толмаған бiздердi анам үйден шығармай қамап ұстады. Сол кезде бiздiң амандығымызды ойлаған аяулы анамыздың түпкi ойын түсiнбей, көздi ала берiп сыртқа шығып кететiнбiз. Ойын баласы емеспiз бе, үйде қамалып отыра бергеннен жалығып, бiр күнi тағы да далаға шығып кеттiм. Аулада ойнап жүрген бiр топ өзiм құралпы балаларға қосылып ойынның қызығына түсiп кетiппiн. Тiптi, қасымызға көлiктерiмен келiп, бiздi айнала қоршап алған немiстердi де байқамаппыз. Олар бәрiмiздi көлiкке тиедi де бiрден темiржол вокзалына алып келдi. Не болғанын түсiнбей жан-жағымызға қарап жылап тұрған бiздерге жаны ашитын түрi жоқ. Қайта шетiмiзден жұлқылап, желкемiзден түйгiштеп мал тасуға арналған үлкен вагонға топырлатып тией бастады. Вагонның iшiнде бiз секiлдi жасөспiрiм қыз-келiншектер көп екен. Сол күнi түннiң бiруағында бiз мiнген пойыз әлдебiр жаққа жол тартты.
Фашистердiң қолына түскен қорғансыз жандар бiрден Германияға жөнелтiлген. Немiс жерiне жеткiзiлген оларды басқыншылар топ-топқа бөлiп, жан-жаққа ауыр жұмыс iстетуге алып кетiп жатты. Мария апа да үш қызбен бiрге немiстердiң шағын қаласынан бiр-ақ шығыпты.
– Бiздi ұзынша етiп соғылған, тастан қаланған ғимаратқа әкеп қамады. Сабан төселген тақтай еденде жатамыз. Сол маңдағы әлдебiр зауытта қара жұмысқа жегiлдiк. Таңның атысынан күн батқанша бiр-бiр қабаған ит жетектеген немiс солдаттарының бақылауында белiмiз майысып, жонылған темiр қалдықтарын қоларбамен сыртқа шығарамыз. Әлi бұғанасы қатпаған бiздер зiлмендей темiр тиелген арбаны мықшыңдап әрең қозғалтамыз. Оған қарайтын немiстер жоқ, сәл тоқтасаң таяқтың астына алады. Ол аздай сол күнi тамақтан қысады. Содан қорыққаннан әйтеуiр тырмысып бағамыз.
Бiр күнi станокта жұмыс iстейтiн немiс шалға ымдап жүрiп маған да үйретудi түсiндiрдiм. Ол келiсiп, темiрдi қалай жону керектiгiн үйреттi. Неге қажет екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр, темiрден бiр домалақ құрал жасап шығарамыз. Сондай күннiң бiрiнде мен әлгiндей құралды қате жонып қойыппын. Сол үшiн қамшымен жиырма бес дүре соқты. Аяусыз соққының ауыр тигенi соншалық, мен талып қалдым. Есiмдi жисам, лазаретте жатыр екенмiн. Сол жерде ұлты орыс бiр-екi қызбен таныстым. Айтуларына қарағанда, лазареттегi науқастардың жарамды ағзасын жаралы немiстерге салады екен. Әлгi қыздар да жау қолына түскен ерiксiздер болып шықты. Олар маған амалын тауып қашып кетуге кеңес бердi. Өз-өзiме келген соң бiр күнi түн ортасында лазареттен қашып шықтым. Сөйтiп, баяғы лагерьге жаяулатып жеткенiмде бiздiң ұшақтар зауытты бомбылай бастады. Айналаның астан-кестеңi шығып, үрейi ұшқан адамдар жан-жаққа бас сауғалап қашып жатыр. Сондай мүмкiндiктi пайдаланып мен де бiр адамдарға қосылып басым ауған жаққа қаша жөнелдiм. Түнделетiп тоқтаусыз жүрiп отырып Швейцария елiнiң аумағына өтiп кеттiк. Арада бiраз күн өткенде фашистердiң жеңiлгенi туралы қуанышты хабар жеттi. Тағы бiрер айдан кейiн бiзге елге қайтуға рұқсат берiлдi. Алайда, бiздi сонда қалып жұмыс iстеуге үгiттегендер де болды. «Елдерiңе барған соң сендердi тергеп, соттайды, тiптi, атып тастауы да мүмкiн» деп қорқытушылар да табылды. Кейбiреулер соған сенiп сол жақта қалып кеттi. Ал, мен басқа түскендi көрермiн деп туған елге тартып кеттiм.
Деревнядағы үйлердiң басым көпшiлiгi қиратылып, жермен-жексен болған екен. Бiздiң үйiмiз де үйiндi топыраққа айналыпты. Жұрттан сұрап жүрiп анамды тауып алдым. Әкем мен төрт ағамды және екi сiңлiмдi немiстер атып өлтiрiптi. Анам, бiр сiңлiм мен бiр iнiм үшеуi ғана өлместiң күнiн көрiп жүр екен. Оларға ендi мен қосылдым. Себебi, маған жұмыс табыла қоймады. Қайда барсам да «сатқынсың» деп айтады. Болмағасын анамның айтуымен Ташкентке жол тарттым...
Жан бағу үшiн жалғыз келген жас қыз бейтаныс қалада көптеген қиындықтарға тап болған. Азын-аулақ қаражаты таусылған соң амалы құрып, көше бойында жылап отырған жерiнен бiр әйел жанашырлық танытып, өзiмен бiрге Жетiсайға ертiп келiптi. Мұнда да бiр ай бойы тынбай еңбек етiп, ақысын бiр алаяқтарға алдырып қойып, әбден әбiгерге түскен. Тағы да далада қалып, тарығып, пұшайман болып жүргенде су алуға келген бiр кейуанаға жолығыпты. Ол кезде Жетiсай қаласы әлi iргесi қаланбаған кез екен. Аядай бiр ауылда тұратын әлгi кемпiрге қолғабыс жасап жүрiп Мария оның үйiнде бiржола тұрақтап қалған. Сол ауылда колхоздың атарбасын айдайтын Жасұзақ Қарсыбаев деген азаматпен танысып, көп ұзамай екеуi отау құрады.
– Өмiр басқа салған соң қиын екен, – дейдi Мария апа. – Татардың қызы едiм, орысша оқыдым, немiс тiлiн де үйрендiм, ендi мiне, қазақ кемпiрi болып отырмын. Осы уақытқа дейiн күйеуiмiз екеумiз Мырзашөлдi игеру үшiн аянбай тер төктiк. Еткен еңбегiмiз еленбей қалған жоқ. Соғыс ардагерi қатарына теңестiрiлгенбiз. Жергiлiктi басшылардан қайран болмағасын сонау Алматыға барып жүрiп Мырзакенттен үй алғанмын. Бiрақ балаларымның бәрi Жетiсай қаласында жұмыс iстейдi. Әкiмқараларға сол үйдi аудан орталығына ауыстырып берiңдер деп өтiнiш жасап жүргенiме бiрнеше жыл болды.
Бүгiнде жасы 90-ға таяған Мария апа 9 перзентiнен ұрпақ өрбiтiп отырған ардақты ана. Бұл кiсi туралы бiзбен хабарласқан, жоғарыда аты аталған Тұрсынхан аға «Небiр қиын жолдан өтiп, бүгiнде қазақтың санын көбейтiп отырған татар қызы, қазақтың келiнi Мария жеңгей – қандай құрметке болса да лайықты жан» деген болатын. Бұған бiздiң алып-қосарымыз жоқ.

okg.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста