Қайрат – қайсарлығымен, Ербол – ерлiгiмен дараланды

Қайрат – қайсарлығымен, Ербол – ерлiгiмен дараланды

«Алаңда қазақ қыздарын ұрып-соғып жатыр» дегендi ести сала алаң көңiлiн арқалап жеткен жiгiттерiмiздiң аз болмағандығына Желтоқсан көтерiлiсi турасындағы естелiктердi, бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын және 10 томдық «Конституциялық Соттың Желтоқсан оқиғасы туралы iсiн» мұқият зерттегендер көз жеткiзер едi. Әрi алаңдағы арпалыста қаймығып қайтып кетпей, қайта қасарыса жiгiттердiң жiгерiн жаныған, намысын қайраған, рухын көтерген және қорғаныс үшiн пайдаланатын заттарды жiгiттерге жеткiзiп берiп, жаралыны таңған да арулар болатын. Иә, қазақ қыздарының әншейiнде бұғып жатқан бұл бұла бұлқынысы жiгiттер қауымына күш бердi, арқаландырды, атқа қондырды. Тiлек бiреу – бейбiт шешiм. Бiрақ айтқанға көнiп, айдағанға жүрмей тiрескен жастар аяусыз қарсылыққа тап болды. Батырға да жан керек. Қарулы жiгiттер қыздарды қаумалай қашқанымен, дүрмектiң соңында қалып қойған қауқарсыз аруларды «аяқтан шалып құлатып, шаштан сүйреп апарып, көлiкке тоғытуға» әуейiленiп алған қызыл жағалылар көмекке келген жiгiттердiң де шамасы жетсе шаужайынан шап беруге тырысты. Дегенмен, жүректi де бiлектi Қайрат Рысқұлбеков сынды қазақтың бiртуар ұлдары әлiмжеттiк пен әдiлетсiздiкке қарсы күресте қарсы келгендi қақыратып, қарындасын арашалап алды. Оны Қайрат өзiнiң түрмеде отырып жазған мына хатында баяндайды.

«…Иә, мен сiздерден еш жасырмаймын, мен 18- желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Тек қана, ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып «күл болмасаң, бүл бол» деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi. Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспiн, құдайға шүкiршiлiк, менiң де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық «намыс» баршылық.

Оның үстiне «қыздың жолы жiңiшке» деген. Менiң түсiнiгiмше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегi де ұрғашысына мүйiз, я болмаса тұяғын көтермейдi. Ал, бiз бәрiмiз де аң емес, адамзаттың ұлы — адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтерiп, қол жұмсауға тиiс емес, әуелi еш правосы жоқ. Мiне, қысқаша айтқанда, осындай түсiнiкпен, әйел затына ер болып өз қолұшымды берiп, көмектесуге, оларды арашалап-қорғау үшiн барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бiр көмегiмдi бергенiм де рас. Ол үшiн әлi күнге дейiн еш өкiнбеймiн, керiсiнше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бiрақ та, бiр Құдай өзi куә, адам баласын еш өлтiргенiм жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзi, сормаңдай менiң қолымнан келмейдi. Еш уақытта, ешқашанда…

Ал, әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам күнi бүгiнге дейiн аман-есен зыр жүгiрiп жүр. Өз қолыммен жасаған бар терiс қылық, бар қылмысым осы ғана».

Иә, Қайраттың алаңға ар жүгiн арқалап барып, қарындасын дүлей күштiң дойыр қаруынан арашалап алғанын былайғы жұрт бiле бермеуi мүмкiн. Бiз Қайрат Рысқұлбековтi мақтан еткенде оның осындай ер мiнезi мен шын Желтоқсан батыры екенiн айғақтайтын деректердi көпшiлiк назарына ұсынуымыз бүгiнгi жас ұрпақтың отаншылдық рухын оятар әлеуметтiк әсерi қуатты болмақ. Осы ретте тыңдарманға түсiнiктi болу үшiн Қайраттың өмiрбаянын қысқаша шолып өтсек.

Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбеков 1966 жылы 13- наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, «Бiрлiк» ауылында дүниге келген. Қайрат Шу қаласына таяу жердегi Новотроицк (қазiргi Төле би) селосындағы шопан балаларына арналған мектеп-интернатта оқыған. 1983 жылы Киров атындағы орта мектептi бiтiрiп, ауылында жұмысшы болып iстейдi. Ал, 1984 – 1986 жылдары әскерге барып, азаматтық борышын өтеп қайтады. 1986 жылы №33635 әскери бөлiмшесiнiң кепiлдiгiмен Алматы сәулет-құрылыс институтына оқуға түседi. Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқаны үшiн жазықсыз жала жабылып, өлiм жазасына кесiледi. Кейiннен бұл жаза 20 жылдық кесiмге ауысты­рылды. 1988 жылы Қайраттың камерасынан оның өлi денесi табылғанымен, құпия қазаның арты ашылмады. 1996 жылы Қайрат Рысқұлбековке елiмiздiң ең жоғары наградасы – «Халық Қаһарманы» атағы берiлдi.

Сонымен Қайраттың өмiрiнiң соңына дейiн азаматтық ұстанымына адал болғандығын айғақтайтын жәйттi алға тартсақ. Қайрат түрмеге қамалып, темiр тордың кермек дәмiн татып отырған тергеудегi сергелдеңде ұстазы, Алматы сәулет-құрылыс институтының мұғалiмi Әркен Уақовқа қарсы жалған айғақ беруге үгiттеген тергеушiлердiң ал­дауына да түспейдi, тепкiсiне де ықпайды. Өмiрлiк тәжiри­бенi ендi жинақтай бастаған өрiмдей жас жiгiт Қайраттың бұл ерлiгiн сонау ит арқасы қияндағы Магадан түрмесiнде Желтоқсан көтерiлiсi кезiндегi «ұлтшылдығы үшiн» үш жыл отырып келген Әркен Уақов пен оның жан досы, үлкен жү­ректi азамат В.А.Каро-Мадэлер әлденеше рет айтқан болатын. Мұндай салиқалы пiкiрдi Қайрат Рысқұл­бековтердiң сотында тiлмаштық қызмет атқарған белгiлi саясаткер Дос Көшiм де бiлдiрген едi. Яғни, Қайрат Рысқұлбеков тұлғасын насихаттау, сол арқылы бүгiнгi буын бойына отаншылдық рухты егу – әлi жалғаса беретiн жұмыстардың салмақтысы. Осы ретте Қайрат Рысқұл­бековтың батырлығымен қатар ақындығын төмендегi жыр жолдары айғақтайды.

Айналайын, қарындасым, қарағым,

Сiздерге кiм бұл өмiрде тең келер?

Сүмiрейiп сот алдында отырған,

Бауырыңды ендi кiмдер есiркер?


Айналайын, қарындасым, қарағым,

Қолда кiсен, мен айдауда барамын.

Қайғы жетiп, азап тартқан ағаңды,

Айтшы, жаным, қандай жанға баладың?

«Өкiнiш» атты өлеңiн өмiр мен өлiмнiң ортасында отырып, осылайша өрген Қайрат қарындасына деген, жалпы қазақтың қыздарына деген жан сырын ақтарады. Оларды биiкке көтермелеп, кiрбiң шалған көңiлiнiң көлең­кесiне күннiң көзi түсер ме едi деп үмiттенедi, торығады. Өзi түрмеде отырса да қағаз-қаламы қолынан түспеген Қайраттың қайран қалдыратын және бiр әрекетi туралы журналист Жұмагүл Солтиева апайымыз Желтоқсан көтерiлiсi туралы мақаласында («Егемен Қазақстан», 1 қаңтар, 2006 жыл) мынадай қызықты дерек айтады.

«Тәуелсiздiк алған алғашқы кезеңде менiң алдыма Балта Исаев деген журналист ағамыз келдi. Ол кiсi сол оқиғадан кейiн жаппай жазалау басталған кезде Қонаев­тың көмекшiсi Бекежановпен ым-жымы бiр болды деген жаламен әлденеше жылға сотталған екен. Жасы кеп қал­ған кiсi болған соң ба, түрмеде оған сол жерде жатқандарға тамақ тасу жүктелiптi. Қасында конвой. Олар қарап тұра­ды, бұл алақандай тесiктен түрмедегiлерге табаққа тамақ құйып бередi. Бiр күнi жалғыз кiсiлiк камерада жатқан бi­р­еуге табақты ұсына бергенде, ол арғы жағынан бiлдiртпей қолына әлдеқандай қағаз қыстырады. Қасындағыларға байқатпай, әлгi қағазды алып шыққан Балта ағамыз Қайрат Рысқұлбековтiң Желтоқсан оқиға­сына орай қолға түскен қыздарды 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мере­кесiмен құттықтаған хаты екенiн көредi. Шамасы, сол хатты қыздарға жеткiзсе деп берген сияқты. Бiрақ, Балта ағамыз тұрменiң келесi бөлiгiндегi әйелдер жататын жаққа өте алмайды. Көп ұзамай оны жазасын өтеуге Орал жаққа ауыстырады. Бiрақ қайда жүрсе де ол хатты жоғалтпай, көздiң қарашығындай сақтапты. Уақы­тын өтеп, оралған бетте өзiне аманат еткен сол хатты жур­налға тапсырсам, қыз-келiншектер оқыса деген ниетпен маған келген екен. Бұл кезде мен “Қазақстан әйелдерi” журналында бас редактор едiм. Әрине, әлгi хатпен таныс­қаннан кейiн оны журналдың 1994 жылғы ақпан айындағы санына бердiк. Мұны еске алып отырғаным, өзi өлiм жазасына кесiлiп, ертеңгi күннен үмiтi үзiлiп отырған жас жайнақтың өз замандастарының рухын көтеруге тырысуы неткен ерлiк десеңiзшi. Бұл кiмге болса да үлгi болғандай».

Журналист Жұмагүл Солтиеваның бұл айтқанына өзгеше алып-қосарымыз жоқ. Қайратты тағы бiр қырынан тани түстiк. Ол өжет, намысшыл, ұлтжанды ғана емес, сонымен қатар сын сәттiң өзiнде сағы сынбай, камералас қыздарды ұмытпай, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесiмен құттықтап хат жолдауы рухының өр, адам­гершiлiгiнiң зор екенiн көрсетсе керек. Ендi осы “Қазақстан әйелдерi” жур­налдарының 1994 жылғы ақпан айындағы санында жария­ланған Қайраттың қыздарға жолдаған құттықтауын iздеп тауып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Құрметтi қаракөз қарындастар мен жылы жүздi жеңгейлер!

Шын жүрек, ақ көңiлiммен

Алғашқы көктемнiң күлiмдеген

Құттықтаймын, 8-март мерекесi,

Халықаралық Әйелдер күнiменен!

Қ-шы (құттықтаушы) қайын ж/е (және) ағаларың

Жәрдем берер жағаларың!

Қыздар үшiн тар қапасқа

Келiп түскен тұлпарларың

Қайрат Рықұлбеков Ноғайбайұлы,

13.03.1966 ж.

Ст. 60, 65, 173-1. срок-ату жазасы!

Бывший ст-т А. г. А-Ата.

Сын Мойынкума. Джамб.обл.

(Қол қойылған).

Бұл құттықтауы арқылы Қайрат өзiнiң қыздарға, ана­ларға деген ерекше ықыласы мен құрметiн бiлдiре отырып, өзiнiң түрмеге түсуiнiң себебi де жендеттердiң қолынан қыздарды құтқарумен тiкелей байланыстылығын аңғар­тады. Мұның бәрiн қазiргi жаңа ұрпақ бiлуi тиiс, мақта­ныш етуi қажет. Себебi, Қайраттар алаңдағы қазақ халқы­ның ары мен ұятына айналған қазақ қыздарын жендет­терден арашалады. Сол үшiн де жаза арқалап, жаны күйгенiмен ұлт намысына жағылған күйенi ақ адал iсiмен кетiруге тырысты. Сондықтан да Қайраттың есiмi ел есiнде сақталып, жастардың жадында жаңғыруы әбден заңды.

Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде алаңда алған соққыдан көз жұмған жас Ербол Сыпатаев болатын. Ол туралы де­рек­тер өте аз. Бiлетiнiмiз, сол кездегi Талдықорған облы­сы­ның Көктал ауылында 1964 жылы дүниеге келген Ербол Желтоқсан көтерiлiсi уақытында Алматының энергетика институтының 2-курсында оқып жүредi. Одан әрi «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi президумының Алматы және Қазақ­станның өзге облыстарындағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына тиiстi баға беру жөнiндегi комиссия қоры­тындысы» (Алматы қаласы, 1990 жыл) деректерiне көз жiберсек.

«Тағы бiр қайғылы жағдай – алаңда басынан жарақаттанып, кейiн қаза болған Алматы энергетика институтының студентi Е.М.Сыпатаевтың iсi. Оның әке-шешесi жоқ, туысқандары ғана бар. Бiрақ олар Алматыға шақырылмаған. Қаза туралы анықтаманы ауруханадан МҚК қызметкерi алады. Сосын ол милиция қызметкер­лерiмен бiрге мүрде салынған табытты туысқандары тұратын жерге алып жүредi. Түн iшiнде келедi, алдын-ала хабарланған туысқандары оларды алдынан шығып күтiп алады. Оларға жiгiттi алаңда жаралы күйiнде тауып алғандарын, ауруханада өлгенiн, өлтiрген адамның белгiсiз екенiн, қазiр бұл iспен прокуратура айналысып жатқанын түсiндiредi. Прокуратура шынында да iс қозғады, бiрақ ол оның өлiмi туралы емес, оқиғаларға қатысы жөнiнде едi, «айыпталушының» қазасына байланысты iс жабылады».

Ербол Сыпатаев туралы ресми құжаттағы аз ғана дерек осы. Ал оның алаңдағы iс-әрекетi турасында бiлетiндер болса әлi естелiк айтар деген ойдамыз. Әзiрше, Ербол Сыпа­таев туралы, нақтылай айтқанда, оның алаңдағы әрекетi қарындастарын құтқаруға байланысты болған­дығын айғақтайтын материалдан үзiндiнi оқырман назарына ұсынбақпыз. Шаяхмет Оразымбекұлы есiмдi азамат өз мақаласында («Заң» газетi, 14-желтоқсан, 1997 жыл, «Ол Алаңға өлiм iздеп барған жоқ едi») Ербол Сыпатаев туралы бұрын-соңды кездеспеген тың деректер ұсынады.

«Сырт киiмдерi жыртылып, иықтарына төгiлген шаш­тары қобыраған қос бойжеткендi ығына алып қорғаштай шегiнген Ербол бұларға құтырған итше ақырып жетiп келiп, оңды-солды келтегiн сермеген сауыттыны аяқтан шалып құлатты да, қасындағыларға «тез қоршаудан шығалық» деп қолдарынан жетелеп, қарсыдағы көп­қабатты үйлердiң қалқасына қарай жүгiрдi. Көздерiне қан толған қарулы екеу бас салып, Ерболмен айқаса кеттi. Қолына, иығына тиген күрек соққыларына қарамастан арпалысқан Ербол оларға бiразға дейiн алдырмады. Ұзынтұрасын жам­басқа салып, алып ұрды. Тұра бергенi сол едi, басына сарт ете түскен соққыдан әп-сәтте көзi қарауытып сала бердi.

Алдында тұрған ақ халаттыларға жалыны сөнiп бара жатқан көздерiн қадап жатып ол «Қыздар құтылды ма екен?» деп ойлады».

Ербол Сыпатаев туралы осындай жүрек-жарды есте­лiктер әлi айтыла жатар деген ойдамыз. Ал, мына жоғары­дағы мақалада Ерболдың қарындастарын арашалау барысында басынан соққы алып, соның салдарынан көз жұмуы шындыққа саяды. Себебi, алаңдағы арпалыста негiзгi қақтығыс қыздарды құтқару барысында өрбiгенi белгiлi.

Мiне, Қайраттың қайсарлығы, Ерболдың ерлiгi…

almaty-akshamy.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста