Сталиннің бункері: аңыз бен ақиқат

Сталиннің бункері: аңыз бен ақиқат

Кеңес үкіметі құпия сақтаған мәліметтің бірі – Сталин бункері. Ол неміс-фашист басқыншылары ел астанасы – Мәскеуді алған жағдайда деп Самарада салыныпты. 1941 жылдың қараша-желтоқсан айларында жау әскері Мәскеу іргесіне дейін келгені белгілі. Сондықтан Жоғары Бас қолбасшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тікелей Л.Берияның басшылығымен газ бен бомбадан сақтайтын сол замандағы теңдесі жоқ жерасты бункерінің құрылысы басталады. Жарты ғасырға таяу бұл туралы тек бірнеше адам ғана біліпті.

Биылғы сәуір айының соңы, мамыр айының басында іссапармен Ресейдің Самара (бұрынғы Куйбышев) қаласында болған едім. Негізгі шаруаларымды бітірген соң, Волга өзенінің жағалауына жайыла орналасқан қаланың тарихи жерлерін, мәдени ошақтарын аралағанды жөн санадым. Соның ішінде, көптен ойымда жүрген соғыс кезінде салынған Сталиннің бункерін көру еді.

Ол туралы ақпарат көздерінен бұрынырақ оқығандықтан, қызығушылығым қалаға келген соң тіпті күшейіп, алдымен музейге айналған тарихи орынды іздедім.Оны тез арада табу оңай шаруа емес екен. Кездескен адамдардан сұрай-сұрай, әйтеуір айтқан жерге де жеттім.

Орналасқан жері Самараның мемлекеттік мәдениет және өнер академиясы, Фрунзе көшесі, 167-үй деген еді. Бес қабатты осы сары ғимарат соғыс кезінде бұрынғы Куйбышев облыстық обкомының иелігінде болыпты. Волга өзеніне қараған жағындағы үлкен алаңда Чапаев пен оның сарбаздарына даңғарадай ескерткіш тұрғызылса, алаңның бір жақ шетіне архитектуралық шешімі сондайлық тартымды облыстық драма театры орналасыпты. Қаланың ортасына орналасқан осындай тамаша алаңда Сталиннің бункері бірден көзге түсе қоймады. Оны тек академия ғимараты мен қатарындағы үйдің арасынан аулаға өтіп, оңға бұрылғанда ғана көре алады екенсің. Бір сөзбен айтқанда, елеусіздеу жерде орналасқан. Академия ғимаратының бүйіріндегі, кезінде өте құпия болған бұл нысанның есігі де қарапайым. Тек маңдайшасына «Бункер Сталина» деп жазылыпты. Кіреберіс маңайы, айналасы мрамор, гранит секілді тастармен безендірілген шығар деген ойымыз бекер болды. Алайда, кереметтің бәрі алда екен…
Жалпы, бункер (ағылшын тілінде) атауы – әскери терминологияда баспана деген ұғымды білдіреді. Әсіресе, ІІ-Дүниежүзілік соғыста кеңінен қолданылып, болаттан, темір-бетоннан, ағаштан жасалынатындығы айтылады. Ал Сталиннің Самарадағы бункерінің салыну тарихы өз алдына бір ерекше жағдай екен.
1941 жылдың қазан айында Мемлекеттік қорғаныс комитеті әскери, партия, үкімет, мәдениет мекемелері мен елшілік корпусты Куйбышев қаласына көшіруге шешім қабылдайды. Осы кезден Куйбышев қаласын Кеңес Одағының екінші астанасына айналдыруға дайындық басталады.
Бұл қаланы болашақ астана ретінде таңдап алу кездейсоқ жағдай емес-ті. Оның бірнеше себептері, яғни ерекше географиялық жағдайы, маңызды көлік жолдарының түйісуі, пайдалы қазбалары, газ, мұнай, Самарская Лука атты өте мықты табиғи бекініс, қорғаныс аймағы болғаны және т.б. жағдайлар еске алынғанын шамалауға болады.
1942 жылдың ақпан айында облыстық партия комитеті ғимаратының астынан құрылыс жұмыстары басталады. Бұл кезде Куйбышевке Мәскеуден ел үкіметі, Компартияның орталық комитетінің аппараты және 22 шетелдің елшіліктері көшіп келген болатын. Егер Мәскеуді немістер алған жағдайда, әскери қимылдарды басқару, бәлкім, Волга жағалауындағы бункерден жүргізілуі де мүмкін еді.
Бункер құрылысына Мәскеу мен Харьковтің ең мықты метро салушылары және Донбастың ең қажырлы шахтерлерін жұмылдырады. Барлығы 2900 жұмысшы, 800 инженер-техникалық маман және 400 қызметші қатысады. Бүгінде бункерді салуға қатысқандардың арасынан жобаның бас инженері Ю.С.Островский, бас архитектор М.А.Зеленин және геомаркшейдерлік жұмыстардың бастығы И.И.Дробинин есімдері ғана белгілі. Бүкіл қатысушылардан ешқашан мемлекеттік құпияны жарияламау туралы қолхат алынады. Сондықтан биік қоршаудың ар жағында не болып жатқанын, тіпті, оның жанында тұрып жатқан қала тұрғындары да білмепті. Топырақты түнде машиналармен шығарыпты.
Құрылысшылар сол жердегі асханадан тамақтанып, ауладағы жатақханада және жерастында да түнеп, екі ауысыммен күні-түні жұмыс істейді. Бір жылға жетер жетпес уақытта 25000 текше метр топырақ шығарылып, 5000 текше метр бетон төселеді. Жанкешті еңбек пен темірдей тәртіптің арқасында, өте қысқа мерзім – тоғыз айдың ішінде тереңдігі 37 метрлік алып бункер салынып бітеді. Бұл 12 қабатты үйдің биіктігіне пара-пар екен. Оның сол замандағы теңдесіз құрылыс болғанын дәлелдейтін мынандай салыстырмалы факт бар: Гитлердің Берлиндегі бункерінің тереңдігі – 16 м., Лондондағы Черчилдікі – бар болғаны 2 қабат болыпты.


Сонымен бірге, Сталиннің жерасты бункерінде тәуелсіз ауа регенерациялау жүйесі мен жеке электрстанса да салынған, ол осы күнге дейін жарамды. Мықты салынғаны сондай бүгінде де бункер тәуелсіз 5 тәулік бойы жұмыс істеуге қабілетті екен. Оның үстіндегі 3-4 метр болатын темір-бетон, құм, бетон қабат сол замандағы ең қуатты әуе бомбасы дәл тисе де, шыдас беретіндей етіп салыныпты.
Жалпы, «Сталиннің жерасты резиденциясы» тек халықтар көсемін ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттің бірінші басшыларын, күзет, хатшылар мен көмекшілер, қызмет көрсететін персоналды да сыйдырып кететіндей көлемді ғимарат болған.
Міне, жол түсіп осы бункердің алдында тұрмын. Көзіме бірден «Сталиннің бункері жұмыс істемейді» деген хабарландыру түсті. Қаншама уақытымды сарп етіп, әзер іздеп тапқанда мына жазу көңілімді су сепкендей басты. Мәңгіріп тұрып қалдым. Шамалы уақыттан соң, есіктің алдында тұрған адамның қасына келдім. Егде жастағы күзетші екен. Жөн сұрадым. Ол музейдің бір ай бойы жөндеуде тұрғанын, енді 9 мамыр – Жеңіс күні ашылатынын, сондай бір қуанышты көңіл күймен хабарлады. Ал сол күні мамырдың 4-і еді. Мен болсам 6 мамыр күні қайтуым керек. Бірнеше адам келіп, хабарландыруды көріп кері қайтып жатты. Мен әлі тұрмын, бірнәрсе жібермейді, өзім де түсінбеймін. Есік жаққа қарай беремін, көзім «Бункер Сталина» деген маңдайшадағы жазуға түсе береді.
Бір уақытта дабырлай сөйлеп 3-4 адам келді. Күзетші оларға да жағдайды айтып жатыр. Бірақ олардың қайтар түрі көрінбейді. Бір жігіт қалта телефонын алып, әлдекіммен сөйлесе бастады. Аты-жөнін айтып, амандық-саулықтан соң: «Москвадан келген қонақтар», дегенін құлағым шалды. Телефонын күзетшіге ұстатты. Ол «хорошо, хорошо товарищ директор» деп бас шұлғып жатты. Енді бір қарасам, әлгі топ музейдің есігіне беттеп барады. Мен арттарынан тұра ұмтылып, жаңағы сөйлескен жігітке жармастым. Қазақстаннан екенімді, журналист едім деген сөз аузыма түсті. Әлгі сөз әсер етті ме, білмедім, топ бастаған жігіт күзетшіге мені нұсқап, бізбен кіреді деп қатарларына қосты. Қуанғаннан рахметті жаудырып-ақ жатырмын.
Алғашқы бөлмеден өткен соң, әлгі жолбасшымыз қабырғадағы баспалдақтармен төмен қарай бастай жөнелді. Тура шахтаға түскендей әсердеміз. Ала көлеңке, шамдар жарығы көмескілеу. Айналаға көз салып келем, темір-бетоннан қаланған қабырғалары метроны көзге елестетті, тек тігінен салынған. Мамандар осы жерасты құрылысын Мәскеу метросындағы «Аэропорт» стансасының кішірейтілген көшірмесі дейтін көрінеді. Бункердің өзі көп қабатты, лифт жүйесі де орнатылыпты. Ол әлі күнге жұмыс істеп тұр екен.
Төмендеген сайын бүйір-бүйірден бөлмелер кездесе бастады. Көбі жабық. Жоғарғы қабаттардағы бөлмелер күзетшілер, қоймалар, техникалық жабдықтау қызметіне арналған дейді. Ал біздің көргеніміз «Местная противовоздушная оборона вчера – гражданская оборона сегодня», «Ликвидация последствий аварий и чрезвычайных ситуаций», «Защита населения от оружия массового поражения», «Куйбышев – вторая столица СССР в годы войны 1941-1945 гг.», «Комната отдыха для Сталина», «Зал заседаний для руководства Сталина» деген залдар. Мұндағы экспозиция, әртүрлі фотолар, суреттер, схемалар мен құжаттар өткен тарихтан сыр шертеді.
Айнала жүріп, бункердің түбіне де келдік. 192 баспалдақты артқа тастаппыз. Бұл бірінші қабат екен (бункердегі қабаттар төменнен жоғары қарай саналады). Біз дәліздің оң жағындағы «Комната отдыха для Сталина» деген бөлмеге таядық. Бұл енді аты айтып тұрғандай, осы ғимараттағы ерекше бір орын екені сезіледі. Ұлы тұлға, көсем болған адамның демалуына арналған жер қандай екен деген бір беймаза күйге түсесің. Шам жағылған соң бункерге қарай аяқ бастық. Қабырғалары ағаштан қапталып, едені паркет екенін көзім шалды. Ең басты жиhазы сол жақтағы ағаштан істелген беті жасыл шұғамен қапталған үлкен үстел, оның үстіне лампа, сол қолы тұсында қара телефон тұрғанын байқадық. Мұндай мүмкіндікті жіберуге бола ма, Сталиннің орындығына отырып фотоға түстік. Қарсы алдындағы төр жаққа демалуға арналған ақ пұлмен тысталған диван қойылыпты. Бұл бөлме Сталиннің Кремльдегі кабинетіне ұқсас етіп жасалынған дейді. Қабырғаларға атақты қолбасшылар – Суворов пен Кутузовтың суреттерін іліпті. Кабинеттің төбесі өте биік болып көрінді, шамамен 4 метрден жоғары. Міне, басқа артық нәрсе жоқ, қарапайым ғана жағдай жасалыныпты.
Самараға келген Штутгарттың обербургомистры, соғыс кезіндегі фельдмаршал Роммельдің ұлы осы кабинетке кіргенде, оған Сталиннің орындығына отырып фотоға түсіңіз дегенде ол сыпайы ғана: «Мен кабинеттің қожайыны кіріп келе ме деп қорқамын», – деп қалжыңдап, ұсыныстан бас тартыпты.
Дегенмен, осы жерде тұрып, мұнда Сталиннің өзі болды ма деп еріксіз ойланасыз. Ресми деректерге қарағанда, ол соғыс кезінде бұл жерде болмаған. Тіпті, немістер Мәскеудің шетіне тақап келгенде, Сталин Кремльден кетпеген деген сөзді оқығанбыз. Алайда, бүгінде бұл сөзді көптеген тарихшылар теріске шығаруда. Олардың бір уәжі бойынша: соғыс кезінде Сталиннің қызы Светлана Куйбышевте эвакуацияда болғанда бункерден бірнеше квартал жерде тұрғандығы қазір құпия емес. Кейбір деректерде қаланы немістер бомбалағанда оның бірнеше рет бункерге тығылғандығы айтылады. Ал Сталин басқа балаларынан қызын жақсы көрген, сондықтан Куйбышевтегі Светлананың жағдайын білуге келіп, бункерге кіруі әбден мүмкін деп топшылайды.
Кабинеттің қарсысында тағы бір маңызды нысан – жиналыс өткізетін зал салыныпты. 115 адамға арналған. Біз жүріп келген тар дәліздер мен онша үлкен емес жартылай дөңгелек бөлмелерге қарағанда бұл енді кең сарайдай екен. Қақ ортасында Т пішіндес ұзын үлкен үстел қойылыпты. Төрдегі көлденеңінен тұрған үстелде Сталинге арналған кресло тұр. Оның артында бүкіл қабырғаны алып тұрған 1941 жылдың соңындағы майдандар картасы ілінген. Оң жақ қабырғаға қойған ұзын үстел стенографистерге арналыпты. Олар жиналысқа қатысушылардың түрін көрмес үшін арқасын беріп отыруы тиісті болған. Ал кіреберіс бұрыштағы үстелдер күзетшілер мен көсемнің жеке хатшысы Поскребышевқа арналыпты.
Міне, біз бункерде кіре алған бөлмелердің жағдайы осындай. Кейбір дерек көздері келушілер үшін әлі де бірталай бөлмелер жабық. Жалпы, бункер құпиялығын толықтай ашқан жоқ дейді. Сондықтан да болар, бункер төңірегінде әртүрлі аңыз, жорамал сөздер баршылық.
Айталық, туристердің көбін бункерді салған адамдардың тағдыры қызықтырады екен. Ал ол туралы экскурсоводтар жақ ашпайды. Сондықтан көп адамдар бункерді ГУЛАГ құрылысшылары салып, бункер дайын болған соң оларды атып тастаған не болмаса концлагерьлерде құртқан деп ойлайды. Алайда, ол жөнінде ешқандай деректі құжаттар табылмаған. Дегенмен, 1991 жылдан қалаға Самара атын қайтарып, бункерден де құпиялық пердесін алып, оны музейге айналдырып, келушілерге ашқаннан бергі жариялық заманында оның құрылысына қатысқандар тарапынан естеліктер, не бір деректер жарияланбауы елдің күдігін көбейтері сөзсіз.
Тағы бір аңыз, Сталин бункері қала астындағы қазылған құпия жолдар мен жерасты үңгірлері арқылы байланысқан дейді. Ал музей қызметкерлері оны жоққа шығарады. Сөйтсе де, маңыздылығы ерекше бункерден сыртқа шығар бір-ақ жол болды дегенге сенгің келмейді. Қисынсыз секілді. Жерастындағы 12 қабатқа пара-пар құрылыстың өн бойындағы жабық есіктердің қайда апарарын кім біледі? Кейбір есіктер жәй көзбояушылық үшін қойылған деген де сөз бар. Әлі де болса белгілі бір мөлшерде құпиялығын сақтамаса ол «Сталиннің бункері» бола ма деген ойға қаласың. Сонымен бірге, бункер Самарадағы азаматтық қорғаныс жүйесінің маңызды бір нысаны – оқу-тарихи орталығы ретінде әлі де болса әскерилердің қарауында екен. Бұл жағдай да біраз нәрсені аңғартса керек.
Жұмбақ болған бункердің түбіне жетіп, қайтуға қамданғанда лифт есімізге түсті. Алайда, оның қасында біраз айналсоқтап тұрып, бір ауыздан қайтадан 192 баспалдақпен көтерілгенді дұрыс көрдік. Бүкіл бункерде 5-ақ адам екендігіміз бе, әлде 40-жылдардың техникасынан қауіптендік пе, әйтеуір өз аяғымызға сенім арттық.
Бункерді қала қонақтарының ерекше орын ретінде санайтындығын пікір жазатын кітаптан да байқадық. Басқа тілдегі жазулардың көптігі, қалаға келген шетелдік туристердің аса қызығушылығын тудыратын нысан екенін аңғарасыз. Мәскеулік қонақтардан соң, жолы болған пақырыңыз да ана тілімізде пікір жазып, қолтаңбамызды қалдырдық.
Сталиннің бункері кез келген адамға ашық болғанымен, жұмыс кестесінің ерекшелігі қиыншылық тудыратынын байқадық. Музей дүйсенбі – жұма күндері сағат 11 мен 15 аралығында жұмыс істесе, түскі үзіліс - сағат 13-14 аралығында. Сонда күніне бар болғаны 3 сағат экскурсия жүргізіледі. Оның өзінде алдын ала телефонмен жазылып, кіретін адамдар саны 20-дан кем болмаса ғана рұхсат беретін көрінеді. Ал кіру билеті – 1000 рубль екен.

egemen.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста