Үш жұлдызды ұшқыш қазақ

Үш жұлдызды ұшқыш қазақ

Балтабай нағашымды (анамның ағасы) бір-ақ рет, 1985 жылы, 63 жасында көргенмін. Есімде қалғаны - бізге, балаларға «басқатырғыш» (головоломка) ойыншық сыйлағаны және туған-туысты көп-көп суретке түсіргені. Ол кезде мен Кисловодскіден ат арытып келген нағашымның Баянауылдан шығып Берлин аспанында атой салған қыран, 1-класты ұшқыш болғанына бас қатыратын жаста емес, небәрі 9-да болатынмын... 

Мен ес білгелі оның кеудесінде 3 бірдей «Қызыл Жұлдыз» ордені жарқырап, медальдары көз тұндыратын портреті үйіміздің төрінен түскен емес-ті. Өсе келе нағашым жайлы ересектерден сұрастырсам, ешкім мардымды мәлімет біліп жарытпады. Ол өзі тұрған Кисловодскіде 2001 жылы қайтыс болған, одан бері артында қалған жалғыз қызы мен жиендерімен де қатынасымыз үзіліп қалған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жди меня» телебағдарламасынан Наталья Иванова атты әйелмен ғаламтор арқылы достасқан едім. Сол кісі маған нағашымның қызы Наталья Терещенконың (Түсіпбаева) қазіргі мекенжайы мен телефонын тауып берді. Қызына хабарласып, нағашыма қатысты барлық әскери құжаттардың көшірмелерін алғыздым. Сонымен қатар, архивке сұрау салып, бірқатар қызықты деректерге қол жеткіздім. Өзім анықтаған жайттарды «Алаш айнасы» порталының «Майдан хикаялары – 70» айдарына жолдап отырмын.
Балтабай Түсіпбаев 12-ші авиациялық транспорттық дивизиясының (18-ші Әуе әскері 3-ші Гвардиялық бомбалаушы авиациялық корпус құрамындағы) 338-ші Рижск бомбалаушы авиация полкінің ұшқышы болыпты.
Ол 1921 жылғы 10 наурызда Павлодар облысы Баянауыл ауданының №1 ауылында туып, 1940 жылы 8 класс бітіреді. Қызыл Армия қатарына 1941 жылғы қыркүйек айында Павлодар облыстық әскери комиссариаты арқылы алынған.
Құжаттарды сөйлетсек: 1941 ж. қыркүйек – 1942 ж. мамыр аралығында Оңтүстік-Орал әскери округі Селищенск әскери-авиациялық механиктер мектебінде курсант; 1942 ж. мамыр – 1943 ж. қарашада Хакас АССР-і Абакан қаласында ГАФ 9-шы оқу эскадрильясы курсанты; 1943 ж. қараша – 1944 ж. мамырда Батыс-Сібір әскери округі Новосібір әскери-авиациялық ұшқыштар мектебінде оқыпты.
Балтабай Түсіпбаев соғысқа 1944 жылғы маусымда кіреді. Осы уақыттан 1946 жылғы қарашаға дейін Балтық бойы, Белоруссия, Орталық майдандарында ұшқыш, 12-ші авиациялық транспорттық бомбалаушы дивизия 338-ші жеке транспорттық авиация полкінің корабль командирі болады.
Нағашым 1945 жылғы 24 мамырда 12-ші авиациялық транспорттық дивизияның №044/4 бұйрығына сәйкес «Қызыл Жұлдыз» орденімен бірінші рет, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Жарлығымен 1955 жылғы 4 маусымда екінші рет, 1956 жылғы 30 желтоқсанда үшінші рет наградталған.
Сондай-ақ, оның өңірінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені (11.03.1985 ж.), «Әскери қызметі үшін» (19.11.1951 ж.), «Кенигсбергті алғаны үшін» (9.06.1945 ж.), «Берлинді алғаны үшін» (9.06.1945 ж.), «Германияны жеңгені үшін» (9.05.1945 ж.), «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков атындағы», 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50 жылдығы, «Совет Армиясы мен флотына – 30 жыл» (1948 ж.), Қарулы Күштерге – 40, 50, 60, 70 жыл толуына арналған, В.И.Лениннің 100 жылдығы медальдары жарқырады.
«Қызыл жұлдыз» орденіне алғаш кіші лейтенант шенінде ұсынылған нағашым майданды осы шенде аяқтаған көрінеді. Оның РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінде сақталған марапат парағында мынадай жазба бар: «Полкке 1944 жылғы маусым айында келді. 27 рет әскери түнгі ұшуларға, соның ішінде 23 рет дұшпан жақтағы нысандарды суретке түсіруге шықты. 21 ұшу сапары жау жағының әскери-өндірістік нысанында өтті: Инстербург – 27 шілде 1944 ж.; Тильзит – 3 және 9 қазан 1944 ж.; Мемель – 13, 14, 15 қазан 1944 ж.; Шталлупенен – 16 қазан 1944 ж.; Гольдан – 7 қазан 1944 ж.; Даркемен – 23 қазан 1944 ж.; Кенигсбург – 21 ақпан 1945 ж. – екі рет; 5,9,11 наурыз 1945 ж; Пиллау – 13 наурыз, 9 сәуір 1945 ж; Фюрстенвальде – 17 сәуір 1945 ж.; Гдыня – 7 наурыз 1945 ж.; Грос-Хандекруг – 8 сәуір 1945 ж.; Берлин – 20 сәуір 1945 ж. Мына экипаж құрамында ұшты: корабль командирі – лейтенант Старостин, штурман – лейтенант Авраменко, борттехник, аға техник – лейтенант Глотов, атқыш-радист – аға сержант Баландин, әуе атқышы - аға сержант Митрофанов».
Оның соғыстан соңғы өмірі де аспан әлемімен байланыста өрілді: Ленинград әскери округі 281-ші Новгород әскери-транспорттық авиация дивизиясына қарасты 566-шы әскери-транспорттық авиация полкінде корабль командирі, звено және отряд командирі; Воронеж әскери округі 281-ші Новгород әскери-транспорттық авиация дивизиясына қарасты 566-шы әскери-транспорттық авиация полкі эскадрилья командирінің орынбасары қызметтерінде болды.
Қызыл Армия қатарында жас буын жауынгерлерді тәрбиелеу ісіне үлес қосқан Балтабай Түсіпбайұлы шебер шахматшы да болса керек. Оған айғақ – Калинин облысы Выползово селосында орналасқан №64233 әскери бөлімде қызмет еткен кезінде (1958 жылы) командалық ойында 1-орын алуы. Ал 1957 жылы мергендер сайысында 25 метр қашықтыққа тапаншадан атудан 100 мүмкіндіктен 77 ұпай жинап, жеке есепте 1-орынға ие болыпты.
Әскери қызметі кезінде «Сталинский сокол», «Советская авиация» газеттерінде тілші, фототілші болған. Тіпті 1960 жылғы сәуір айында әскери қызметі аяқталған соң да ол фотографтық курста білім алып, суретке түсіру ісімен айналысыпты.
Балтабай Түсіпбаевқа РФ Президенті В.Путиннің 2000 жылғы 27 сәуірдегі №1 Жарлығымен подполковник шені берілді.
Өкінішке қарай, аспан әлеміне құштарлық, әскери өмір, заман ағымы нағашыма топырақты жат жерден бұйыртты. Егде тартқан шағында елге қайтсам деген арманы асқақтағанымен, Кеңес өкіметі құлап, шет елдермен байланыс қиындап кетті. Арманын орындау мүмкін болмады. Әйтсе де осыдан бірнеше жыл бұрын інісі Балғабайдың қызы – әнші Меруерт Түсіпбаева атасының басына құран оқып, туған жердің бір уыс топырағын салып қайтты.
...Жас күнінде хатты өлеңмен жолдайды екен. Қартайғанда ол дағдысы ұмыт болса да, амандық хабарын қазақша жазудан жаңылған емес. Баянауылдан Кисловодск санаторийлеріне барған талай адам нағашымның шаңырағында болып, дәмін татып, сәлемін айта келетін еді...
Туысқандары сағынғанда оның соңғы хатын қолға алады. Ал мен оны жат топырақта қалды деп есептемеймін, мені «Алтыншаш» деп атайтын нағашымның үш жұлдызды өр кеудесі өзі мәңгі ынтық аспан жүзінде самғап жүрген сияқты...

Жанаргүл Қадырова, Павлодар облысы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста