ЖАУЫНГЕР

 ЖАУЫНГЕР

«Қазақ еліне Жұмабек Тұрсын келді» деген ақжолтай жаңалық халық арасында тез тарап кетті. Ережесіз жекпе-жектен Қытайда бет қаратпай, миллиардтың ішінде топ жарған жігіт. Америкадағы UFC додасына жол салған тұңғыш қазақ та сол Жұмабек. Батырды көруге біз де асықтық. «Әлем файтерс» клубында жаттығып жүрген ол әңгімені атамекенге деген сағыныштан бастады.

UFC-дегі тұңғыш қазақ
«Жас қазақ»: Жұмабек, тарихи отаныңызға бұл тұңғыш келуіңіз екен...
Жұмабек Тұрсын: Иә, талай жыл бойы көкірегімде тұрған тоң жібіді. Шекарадан өткен бойда, денем жеңілдеп қалды. Рухым көтерілді. Бөтеннің емес, өзімнің жерімді басып тұрғаныма қуандым. Атамекенге ат ізін салдым, елдің дәмі бұйырды. Бұдан артық не керек?! Қазақстанға келуді 20 жыл бойы армандап едім. Шүкір, бұл күнге де жеттім.
«Жас қазақ»: Ал Қанат Ислам секілді түбегейлі қоныс аудару ойыңызда бар ма?
Жұмабек Тұрсын: Бұл да жүрек түкпіріндегі арман. Достарым, туыстарымның бәрі осында. Енді соңымнан ерген екі інімнің құжаттарын реттеп, елге келудің қамын жасаймын. Жалпы, жалғыз мен емес, Қытайдағы қазақтардың барлығы да атамекенге өтсе ғой...

«Жас қазақ»: Ғаламтордан сіз қатысқан жекпе-жектерді қазақ жанкүйері қызыға тамашалайды. Спорттың бұл түрін таңдауға не түрткі болды?
Жұмабек Тұрсын: Білесіз бе, осы жасымда спорттың адамға өте керек екенін түсіндім. Әсіресе, шетте жүрген жандар үшін дене тәрбиесі ауадай қажет. Өзгенің жерінде жүрген соң, рухың биік болуы тиіс. Ал рухты көтеретін жалғыз құрал – спорт. Бала кезімнен спортқа құмарттым. Мектепте оқып жүргенде футбол ойнадым, күрестім, бокс қолғабын да киіп көрдім. Өсе келе еркін күреске ден қойдым. Балуан бабаларымен мақтанатын қазақпыз ғой. Менің де күрес десе, бір иығым бұрып тұратын. Алдымен Іле Қазақ автономиялы облысында чемпион атандым. Кейін ішкі Қытайға барып, жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінің қола жүлдесін иелендім. Осылай жалғаса беруші еді. Алайда, ересектер арасындағы сында жолым болмай қойды. Кей кездері өзім сыр берсем, көп жағдайда төрешінің аяқтан тартуы мен нәтижені бұрмалауына тап болдым. Содан соң, ережесіз жекпе-жекте бақ сынауға бел будым. Мұнда кімнің мықты, кімнің әлсіз екені анық байқалады. Ең бастысы барлығы да әділ өтеді. Маған да керегі әділдік еді.
«Жас қазақ»: Бүгінге дейін қанша жекпе-жек өткіздіңіз?
Жұмабек Тұрсын: 27 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтадым. Өкінішке қарай, UFC-дегі алғашқы белдесуім сәтсіз болды. Бірақ жеңіліс жеңістің анасы деген бар. Алда әлі өз мықтылығымды дәлелдеймін. Айтпақшы, екі мәрте Азиядағы додадан «Алтын белдік» алғаным бар.
«Жас қазақ»: UFC-ге сапарыңыз қалай басталды? Ережесіз жекпе-жектің шыңы саналатын бұл додаға жолыңыз қалай түсті?
Жұмабек Тұрсын: Қазір Қытай спорттың осы түріне қатты ден қоюда. Үлкен қалаларын айтпағанда, әрбір қыстақта ережесіз жекпе-жек бәсекесі апта сайын өтіп жатыр. Осы саладағы америкалық мамандарды елге шақырып, жас спортшылардың әлеуетін арттыруды жолға қойды. Бір сөзбен айтқанда, ережесіз жекпе-жекті дамыту үшін үлкен қаржы бөлінуде. Жоғарыда айттым, мен өз салмағымда Қытайдың үздігі едім. Менің белдесулерімді тамашалаған UFC мамандары арнайы іздеп келіп, біраз бақылады. Оларға өнерім ұнаса керек, көп ұзатпай 2 жылға жарамды келісім-шарт ұсынды. Талап бойынша, мен 4 жекпе-жек өткізуім керек. Бірінші белдесуім Макаода Филиппин балуанына қарсы өтіп, ұпай саны бойынша ұтылдым. Енді екінші жекпе-жек маусым айында Лас-Вегас қаласында өтеді.
«Жас қазақ»: Келесі қарсыласыңыз туралы ақпар бар ма?
Жұмабек Тұрсын: Алғашында англиялық азаматпен белдесесің деген еді. Қандай да бір өзгеріс болмаса, Британия аралының өкілімен кездесуім бек мүмкін.

Батырлар жырын оқитын батыр
«Жас қазақ»: Қытайда өзіңізден басқа ережесіз жекпе-жекте жақсы нәтиже көрсетіп жүрген қазақ балалары бар ма?
Жұмабек Тұрсын: Әрине, бар! Жиырмаға жуық қазақ баласы спорттың бұл түрімен айналысады. Олардың дайындығына өзім бас-көз болып жүрмін. Қазір әрқайсысы Қытай өлкелерінде жаттығып жүр. Болашақта оларды Қазақстанға алып келуді ойлап жүрмін. Өйткені, мұнда халықтың құшағы кең. Оның үстіне, ұлттық тағамдар қатты ұнап жатыр.
«Жас қазақ»: Елге келгелі бері сіз қымыз-шұбатты сіміріп жүр деп Ардақ Назаров та айтқан болатын...
Жұмабек Тұрсын: Иә (күлді). Қазақтың ұлттық тағамдарына жететін ас жоқ. Қымыз бен шұбаттың күш-қуатты арттыруға көмегі көп. Алматыда одан бөлек өзімнің боксшылық қырымды да жетілдірдім. Қазақ бокс мектебінің әлемде алар орны бөлек қой.
«Жас қазақ»: Қазақ спортшыларының аяқ алысын бақылап тұрасыз ба?
Жұмабек Тұрсын: Көк туды көтерген әрбір азаматқа тілеулеспін. Олимпиада мен әлем чемпионаты өтіп жатса, біздің байрақ биікке көтеріле ме деп елеңдеп отыратыным рас. Қытайда ғана емес, әлем алдында өз мықтылығын дәлелдеген Қанат Ислам ағамызды қатты сыйлаймын. Қаны бөлек кісі ғой. Бейбіт Шүменовтің кездесулерін асыға күтемін. Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін тамашалаймын. Жаңқош Тұраров та болашағы бар боксшы.
«Жас қазақ»: Сегіз бұрышты торға қазақтың күйін ойнатып кіресіз. Ал жеңісті қалай тойлайсыз?
Жұмабек Тұрсын: Жеңгенде «Қара жорғаны» билеу қаныма сіңген. Жанкүйерлерім үшін билеп те беремін. Енді, жеңісті тойлап алу керек қой (күлді).
«Жас қазақ»: Жұмабек Тұрсын еркін күрес пен ережесіз жекпе-жектен бөлек немен айналысқанды ұнатады?
Жұмабек Тұрсын: Қолым қалт етсе, батырлар жырын оқимын. Қазақтың тарихына қайтадан көз жүгіртемін. Уақытым болғанда, қытайдағы қазақ балаларына бар білгенімді үйретемін. Өйткені, бір жаттығу залында қазақ, қытай, ұйғыр, дүнген, моңғол балалары жүреді. Біздің қарагөздерге үнемі «Рухтарың биік болсын!» деп ақыл айтып отырамын. Көп ұлттың ішінде өзіңді көрсету үшін қайталап айтамын, рух керек.
Мақала «Жас қазақ» газетінен алынған

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста