Сәлем салған келін Аллаға серік қосушы емес
Исі мұсылман дәл осы сәт қасиетті Құрбан айтты күтіп, әрі Меккеде қажылық парызын өтеу үстінде. Әлемдік діндер арасын татулыққа шақырған елімізде діни мәселелер мен қайшылықтар жоқ емес. Өзге мақсаттағы секталарды айтпағанда, өз ішімізде дәстүр мен діннің арасында қаншама түсініксіз сұрақтар кезіп жүр. Мәселен, «Мазхаб ұстанған жөн бе?», «Намаз оқығанда «Әминді» дауыстап айту керек пе?», «Музыка харам ба?» Келіннің беташарда сәлем салғаны Аллаға серік қосу емес пе?», «Аруақтарға Құран бағыштауға бола ма?», «Шалбардың балағы тобықтан асса, күнә ма?» деген сынды болмашы сұрақтар мұсылмандыққа бет бұрған бауырлардың арасында алауыздық туғызып, тіпті бір елдің ішінде бір ғана исламның өзін түр-түрге, ағымдарға бөліп, жік салды.
Осы тұста «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайда қарап, не бітіріп отыр?» деген де пікірлер жиі ұшырасады. Шариғат ілімін зерттеп жүрген дінтанушы, ҚМДБ уағыз-насихат және интернетпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Қайрат Жолдыбайұлы үстіміздегі жылы қалың оқырман назарына «Дін мен діл» атты кітап ұсынды. Онда жоғарыдағы сұрақтарға Құран мен Пайғамбар хадистеріне, сосын ислам ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, айшықты дәлелдермен жауап берілген.
Қазақта «дәстүрдің озығы мен тозығы бар» деген мәтел бар. Демек, қазақы салт-дәстүріміздің барлығына «харам» деп қарауымыз қазақылығымызға жат, исламға да қайшы. Бұл туралы Құранда: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін, сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы» (Хұжрат сүресі, 13-аят). Алланың өзі қасиетті Құран Кәрімде адам баласын ұлт пен руға бірін-бірі танып-білуі үшін жаратқанын айтады. Демек, ұлт болған соң, ұлтқа тән түр-келбетіміз, салт-дәстүріміз, ұлттық өнеріміз, дәстүрлі музыкамыздың, ең аяғы ұлттық киіміміздің де болары хақ. Әйтпесе қытай, жапон, кәріс секілді шығыс халықтарының түрлері ұқсас, алайда діні бөлек қой. Дәстүріміздің, мәдениетіміздің алға қойылар тұсы да – осы. Ал олардың ішінде шариғатқа қайшы келмейтінін қолдану еш әбестік емес. Керісінше, ұлтымызға деген Алла алдындағы құрметіміз. Ендеше осылардың етек жайып, көкейкесті болғандарына тоқталсақ.
«Құран – тек тірілер үшін, өлгендерге пайдасы жоқ» деушілер табылып жүр
«Құранды аруақтарға бағыштауға болмайды, ол тек тірілер үшін түсірілген» деп жүргендер бар. Соңғы уақытта Құранды ақ матаға орап, қастерлеп төріне іліп қоюшылар көбейді. Құранға адам қайтыс болғанда, ас бергенде, зират басына барғанда ғана оқылатын кітап деп түсіну – қате. Ол – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген ақыретке дейінгі адам баласының рухани да, материалдық да, әлеуметтік, қоғамдық өміріне қатысты бүкіл сұрағына жауап беретін қасиетті кітап. Сондықтан іздеген сұрағымызға жауапты да содан алып, жанымызда бойтұмардай ұстап жүру, күнделікті тіршілікте қолдану тек пайдасын ғана тигізбек.
Бұл туралы жоғарыда айтылған Қайрат Жолдыбайұлының «Дін мен діл» кітабында бұл сұраққа дәлелді жауап берілген: «Әбу Ханифа алғашқыда қабір басында Құран оқуды мәкрүһ (тыйым салу. автор) санаған. Сахаба Абдуллах ибн Омардың зират басында «Бақара» сүресінің алғашқы және соңғы аяттарын оқығандығы жөнінде риуаяттан хабардар болғаннан кейін, ол ойынан қайтқан...Ибнул-Қаййм әл-Жаузия «Рух» атты кітабында былай делінген: «Өліге бағышталатын істердің ең абзалы – садақа, өлі үшін дұға жасау, кешірім сұрау және қажылыққа бару. Ал Құран оқып, бағыштауға келетін болсақ, оны ақысыз оқып, бағыштаған жағдайда сауабы өліге тиеді».
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар!» деген (Мағқал ибн Ясардан жеткен хадис Әбу Дәуідтің кітабынан).
Ислам діні – бейбітшілік діні, сондықтан шариғат заңдылықтары тек адалдық пен имандылыққа, бейбітшілікке үндейді. Олай болса, үлкенге құрметті, әсіресе, ата-ананы қастерлеуді алға қоятын исламда қазақы дәстүр бойынша жаңа түскен келіннің үлкендерге «сәлем салуы» қалайша Аллаға серік қосу болмақ? Жүйрік әрі сыйлы адамға баланың «тұсауын кестірту» де харам да, серік қосу да емес. Үлгі боларлықтай адамға ұқсасын, өмір жолы да, мінезі – сол кісінікіндей жағымды болсын деген ниетпен істелетін тәлімді іс. Ал қазақтың жүріп өткен жолы мен тарихынан сыр шертетін «тәтті» күйлері мен «көңілге түрлі ой салатын әсем әндері», мағыналы да мазмұнды ұлттық музыка өнері қазақты азғырып, аздырмайды, керісінше, Абайша айтсақ, «есті өнер» тыңдаушының көңілі мен жүрегін нұрландырады. Бұзық ойы мен азғырар қасиеті жоқ дәстүрлі ән мен күй қалайша «харам» болмақ?!
Түйін: Алла елшісінің (с.а.у.): «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниет арқылы бағаланады» (Әл-Бухаридың кітабынан Әбу Хафс Омар ибн Әл-Хаттабтан жеткен хадис). Ендеше кез келген істе алдымен Алланы еске ала отырып, Құранда айтылған тыйым салынған дүниелерден аулақ болып, жақсылыққа ниет етсек, Алла да ниетімізге қарамақ.
Адамзат үшін жарқын да жалғыз үлгі – Мұхаммед Пайғамбар болса, қазаққа үлгі болған – Абай атамыздың:«Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», деген өлең жолдарын қаперде ұстау ләзім. Алла сөзі – Құраннан ғибрат алған жан тасада қалмасы анық.