Жеңілдетілген автонесие туралы жаңа ақпарат жарияланды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесие бағдарламасының қаржыландыру көзін шешкен жоқ. Әзірге екі нұсқа қарастырылуда, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі orda.kz-ке сілтеме жасап.
«Бірінші нұсқада «Оператор» РОП» компаниясы жинақтаған қаражаттан 100 млрд теңге бөлу қарастырылған. Екінші нұсқада республикалық бюджеттен қаражатты револьверлік негізде бөлу қарастырылған» деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Еске салсақ, 19 қаңтарда «Оператор РОП» ЖШС қызметі тоқтатылды. Қазір компанияның барлық қаражаты «Жасыл даму» АҚ есепшотында.
Бағдарламаның шарттары келесідей:
· қарыз алушы үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспайды;
· бастапқы жарна талап етілмейді;
· несие мерзімі – жеті жылға дейін;
· несие сомасы 10 миллион теңгеден аспауы керек.
Бағдарламаға отандық автокөліктерді сататын барлық автосалондар қатысады. Осылайша, JAC, Chevrolet, KIA, LADA, UAZ, MAN, Renault, Hyundai маркалы көліктерді сатып алуға болады.
Қазіргі уақытта «Жасыл Даму» АҚ тарапынан қаржы бөлудің шарттары қарастырылуда. Оператор – Қазақстанның Даму Банкі.
Министрлік қолданыстағы автонесие бағдарламалары бойынша 30 525 автокөлік берілгенін, 2021 жылдың қорытындысы бойынша нақты берілген несиелер сомасы 159 миллиард теңгені құрағанын айтты.
Еске салсақ, Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта қолға алмақшы. 23 ақпанда премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа бағдарламаның шарттарын жариялап, «Жасыл даму» шотындағы 100 миллиард теңге жеңіл көлік сатып алуға берілетін несиеге аударылатынын хабарлаған.





